Академиктердің өмірбойғы стипендиясының көлемі анықталды

6126

Ғалымдарға сыйақы мен стипендиялар түрінде бюджеттен қанша миллион төленетіні белгілі болды.  

Академиктердің өмірбойғы стипендиясының көлемі анықталды

Білім және ғылым министрлігі бюджеттің ашықтығы саясаты аясында "Ғылымның дамуы" бюджеттік бағдарламасының егжей-тегжейін жария етті. Бюджеттік бағдарламаға білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова жетекшілік етеді.

Жалпы, елімізде ғылымды дамытуға бағытталатын миллиардтар көлемі екі есеге артпақ. Мәселен, биылғы 2019 жылы бұл үшін 27,7 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. Ал келесі жылы осы сома 43,2 миллиардқа дейін артады. 2021 жылы ғылымды дамытуға 48 млрд 578,7 млн теңге бөлінсе, 2022 жылы қазіргіден үш еселеніп, 68 млрд 803,6 млн теңгеге жетеді деп күтілуде.

Соның ішінде бірінші кіші бағдарлама елдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыру үшін бәсекеге қабілетті ғалымдар мен ғылыми мекемелер ұжымдарын көтермелеуге арналған шығыстардан тұрады.

Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының және Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясының барлық 28 мүшесіне Қазақстан Президентінің ай сайынғы және өмірбойғы стипендиясы төленетіні көрсетілген. 

2020–2022 жылдары жыл сайын 6 ғалымға Ғылым саласындағы атаулы сыйлықтар (АС), 75 адамға – мемлекеттік ғылыми стипендиялар (МҒС) беріледі.

"Нобель сыйлығының" отандық баламасы деп айтылып жүрген Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық 2015 жылы тағайындалған және биыл "Тәуелсіздік күні" мерекесі қарсаңында табысталады деп күтілуде. Дегенмен ол екі жылда бір рет қана тапсырылады. Демек келесі жолғысы 2021 жылы ұсынылады. Сол кезде оны 7 ғалымға не ғылыми ұжымға беру жоспарлануда. Сыйлық көлемі жыл сайын бекітіледі. Егер биылғы көлем сақталса, онда олардың әрқайсысына 18,6 млн теңгеден төленбек.

Тиісінше, бюджетте 130 миллионнан астам қаржы қарастырылуда. Атаулы ғылыми сыйлықтарға келсек, біріншіден, жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі үшiн Қ.Сәтбаев атындағы сыйлық иегеріне; екіншіден, гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі үшiн Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық жеңімпазына, үшіншіден, педагогика саласындағы үздiк ғылыми зерттеуi мен жұмысы үшiн Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықты иеленген ұстазға – әрқайсысына 350 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде сыйақы беріледі.  Төртіншіден, түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы сыйлық көлемі – 300 АЕК-ті, бесіншіден, жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған Д.Қонаев атындағы сыйлық көлемі – 150 АЕК-ті, ал алтыншысы – гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған М.Әуезов атындағы сыйлық мөлшері – 150 АЕК-ті құрайды.

Сәйкесінше, алты сыйлықтың жалпы сыйақы қоры 1650 АЕК болады, бұған бюджеттен 4,2 млн теңгедей қаражат талап етілмек.

Білім және ғылым министрінің "Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялардың мөлшерлерін және конкурстық материалдарды ресімдеуге қойылатын талаптарды бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, "мемлекеттік ғылыми стипендияның" әрқайсысының көлемі – 24 айлық есептiк көрсеткiш. Мемлекеттік ғылыми стипендиялар бір жыл бойы 75 адамға төленбек. Сонда шамамен 54,5 миллионнан астам қаражат қажет болады.

Құжатта ҰҒА және Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясының барлығы 28 академигіне қанша көлемде өмірбойғы стипендия төленетіні ашып айтылмайды.

Әйтсе де, мысалы, 2021 жылы төленетін сыйақылар мен стипендияларға барлығы 258,6 млн теңге бөлініп отырғанын, оның 130 миллиондайы – Әл-Фараби атындағы сыйлыққа арналатынын, 4,2 миллионы – атаулы сыйлықтарға, 54,5 миллиондайы – мемлекеттік ғылыми стипендияға жұмсалатынын ескерсек, онда 28 академиктің ай сайынғы өмірбойғы стипендиясына 65 миллионға жуық қаражат қалатын көрінеді.

Әл-Фараби атындағы сыйлық тапсырылмайтын келесі жылы сыйлықтар мен ғылыми стипендияларға бюджеттен 120 млн теңге, 2022 жылы – 128,1 млн теңге шығындау жоспарланып отыр. Отандық ғалымдар ел қазынасынан бұдан басқа жолмен де миллиондап қаржы алуына мүмкіндік бар.

Мәселен, 1 мың 78 ғылыми жоба мен зерттеуге 2020 жылы – 19 млрд 941,4 млн теңге, 2021 жылы тағы осындай адамға – 21,2 млрд теңге қайтарымсыз грант берілмек. 2022 жылы да мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми жоба мен зерттеулер саны 1078 көлемінде қалады, бірақ оларға бағытталатын гранттық қаржы ауқымы 34,2 млрд теңгеге дейін өсіріледі деп күтілуде.

Осылайша, үш жыл ішінде ғылыми жобаларға таратылатын гранттық қаржы 75 млрд теңгеге жетіп қалмақ. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу