Әкімдер ел игілігіне бөлінген қаржыны депозитке салған

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2673

"Бұқараңды қымбатшылық қыспағынан құтқар!" деп берген ел қаржысын әкімдіктер депозиттерге салып қойыпты.

Әкімдер ел игілігіне бөлінген қаржыны депозитке салған Фото: Emoney-Market.com

12 желтоқсанда өткен үкімет отырысында бұл дерек ашық айтылып, қандай әкімнің қанша қаржыны "сауын сиырға" айналдырғаны әшкере болды.

Үкімет отырысында әлеуметтік мәні бар тауарларға бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары мен тәсілдері жеке қаралып, жауапты шенеуніктердің есептері тыңдалды. Мемлекет теңгенің айырбас бағамын бос қоя бергелі, қара базарда қымбатшылық "басқа шауып, төске өрлей" бастаған еді. Сондықтан, бағаны, ең құрығанда, қазіргі деңгейде ұстап қалу мемлекетке мұң болып тұр.

Елордадағы шағын дүкеннің қожайыны Гүлмира Әшеева қазіргі қымбатшылықты 90-жылдардағы жағдаймен салыстырады.

"Бізге үш жылдай бұрын ғана қанттың әр келісі 90 теңгеден келетін, кейін ол 150 теңгеге көтерілді, биыл екі жүздің үстіне шықты. Жұмыртқа, тауық еті де сұмдық қымбаттады. Нан бағасы да қымбаттады. Кемпір-шал сатып алып тұрып, бар шағымын бізге, біздің сатушыларға айтады, біз не істейміз?! Қосатын үстемеміз онсыз да 10-15 пайыз ғана. Өткенде бір әжей бір тілім сары май, бірнеше картоп, екі-үш жұмыртқа және нан алды да, қалтасындағы тиын-тебенін санаған соң, майды кері қайтарды", – деп көргенін айтып берді Гүлмира Әшеева.

Статистика комитеті баға статистикасы басқармасының басшысы Әсел Шәуенованың хабарлауынша, 2016 жылдың қарашасында Қазақстанда күнкөрістің ең төменгі деңгейінің мөлшері 21 мың 158 теңгеге жетті.

"Негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормалары 2016 жылдың қарашасында, өткен аймен салыстырғанда 9,8% төмендеді, ал 2015 жылдың қарашасымен салыстырғанда, 8,5%-ға жоғарылады. Оның құрамында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығынның үлесі – 21,2%, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқа – 17,8%, жемістер мен көкөністер – 9,2%, нан және жарма өнімдері – 9%, қант, шай және дәмдеуіштер – 2,8%", – дейді ол.

"Осы статистиканы құрушылар бағасы шамалы пайызға ғана артатын дүкендерді қайдан табады? Халыққа да айтыңдар, барлығы сол дүкендерден сатып алады", – деп ашына айтқан еді былтыр Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.

"Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қарашада инфляция 7,5 пайызға жетті. Өткен айда азық-түлік тауарларының бағасы 2 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 0,9 пайызға, ақылы қызметтер 0,5 пайызға қымбаттады. Қыркүйек-қараша айларында кейбір азық-түлік түрлеріне тіркелген ең жоғарғы өсім – тауық жұмыртқасы 34 пайызға артты. Оның ішінде Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында ең үлкен өсім байқалды. Қара шай – 11,7 пайызға, тауық еті – 5,1 пайызға, ірімшік – 4,4 пайызға қымбаттады", – дейді ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызды 33 тауардың тұтыну бағасының ең жоғарғы көрсеткіші Астана, Талдықорған және Қарағанды қалаларында байқалады.

"Сонымен бірге, осы айларда кей тауардың бағасы арзандаған. Жуа – 18,5, сәбіз – 15,3, картоп – 11,1, қант – 9,5 пайызға төмендеді", – деп қуантты министр.

Министрліктің талдауы көрсеткендей, тұтастай алғанда, биыл бағаның қымбаттауына табиғи монополиялар тарифтерінің, сондай-ақ, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы әсер етіп отыр.

Сыртқы факторларға "негізгі өндіруші елдерде егіннің шықпауына байланысты бірқатар шикізат түріне, дәлірек айтқанда, шайға және қантқа әлемдік биржадағы бағаның көтерілуі" жатқызылды.

Қуандық Бишімбаев бағаның көтерілуіне тосқауыл қою үшін үкімет берген бұрынғы тапсырмаларды орындау мақсатында еліміздің әр өңірінде жәрмеңкелер өткізілгенін алға тартты. Сондай-ақ, тұрақтандырушы қорлар толықтырылып отырды. 5 желтоқсанда азық-түлік тауарларының қоры 22,9 мың тоннаға жетті, 25 тамызда небары 8,8 мың тонна болған. Қордағы тауардың басым бөлігі – картоп, ұн, қант, жуа, сәбіз, күбағыс майы.

Қыс басталысымен, барлық әкімдік осы қорлардан тауарларды шығарып, сатуға кірісіпті. "Бұл – мерекелер тұсында бағаға ықпал етіп, қымбатшылық жайлауына тосқауыл болады", – дейді министр.

"3 ай ішінде жергілікті атқарушы органдар базарға интервенция жасап, тауарларды босатты. Нарыққа 544 млн теңгенің 4 мың 930 тонна азық-түлігі шығарылды. Дегенмен, интервенцияның негізгі бөлігі дәл осы желтоқсан айына тура келеді", – дейді Қуандық Уәлиханұлы.

Монополияға қарсы орган жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарларды 40 рет тексеріп, зерттеді. Оның ішінде 26-сы бағаның негізсіз өсуінің жолын кесуге қатысты болды. Тағы 10 тексеру адал емес бәсекелестік факті, 4-еуі – үстемдігін теріс пайдалану оқиғасы. Қазір 40 тексерудің 33-іне қатысты тексеру аяқталды.

Нәтижеде 45 нарық субъектісінің әлеуметтік маңызды тауарларды ешқандай экономикалық негізсіз, бағаны ымыраласып көтеру және ұстап тұру фактілері дәлелденді. Оларға қатысты шара қабылданды. Бұлардың арасында, қарақұмық жармасы, қант, тауық еті, нан, ауыз су, сүт өнімдері бар. Барлық тауардың бағасы бұрынғы деңгейіне түсірілді, яғни, 15-20 пайызға арзандатылды.

Мысалы, Қостанай облысында монополияға қарсы органның іс-қимылының арқасында тауық етіне қосылатын сауда үстемеақысы 33 пайыздан 15 пайызға дейін азайтылды. Ақтөбе және Жамбыл облыстарында нанның бұрынғы бағасы қалпына келтірілді. Жалпы алғанда, 43 әкімшілік іс қозғалды. Өз үстемдігін теріс пайдаланған компанияларға 277 млн теңге айыппұл салынды. Бүгінде оның 14 млн теңгесі жергілікті бюджеттерге түсті.

Бірақ, ұлттық экономика министрі жергілікті атқарушы органдар жүргізіп жатқан іс-шараларды жеткіліксіз санайды. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын анағұрлым нақты әрі айқын реттеу үшін жаңа тетіктерді қосымша заңнамалық бекіту талап етіледі. Сондықтан, министр Қуандық Бишімбаев осы жұмысты әрі қарай жетілдіру мақсатында үкіметке жаңа ұсыныстар жасады.

Ол халықаралық тәжірибені де зерделегенін айтады. Халық көп тұтынатын тауарлардың, тамақ түрлерінің бағасын реттеу дамыған елдерге де жат еместігін анықтаған. Мәселен, Израильде тауарлардың 9 тобында ең жоғарғы баға бекітіледі. Малайзияда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне саудагерлер ала алатын табыс мөлшері шектеледі. Мұндағы мақсат – тауарлардың бұқара халықтың барлық тобына қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Сол себепті, ұлттық экономика министрлігі, біріншіден, "әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын бөлшек және көтерме саудада саудагерлер үстемесінің шекті мөлшерін заң жүзінде бекітуді" ұсынды.

"Бұл жерде сауда нысанының санатына жеке-жеке көңіл бөлуіміз керек. Мысалы, дүкендер мен гипермаркеттерде әртүрлі сауда үстемеақысы болуы тиіс. Бірақ, олардың бәрі заң жүзінде бекітілуі керек, сонда бәрі бұл сауда үстемеақыларын қалтқысыз ұстанады", – дейді министр.

Екіншіден, ұлттық экономика министрлігі шекті сауда бағалары негізінде ай сайын "ұсынылатын бағаны" түзеді.

"Оларды барлық сауда субъектілері өздерінде ашық түрде жариялап, іліп қояды. Яғни, тұтынушы қандай да бір сауда нысанына бас сұққанда, әлеуметтік маңызы бар тауардың мемлекет ұсынатын бағасы қандай екенін біледі. Бұл жаңашылдықтар халыққа баға мониторингіне қатысуға мүмкіндік береді. Егер адамдар қандай да бір дүкен не супермаркетте бағаның "ұсынылатын бағадан" қатты ауытқығанын көрсе, жергілікті әкімдікке шағымдана алады", – дейді министр.

Үшіншіден, "ұсынылатын бағалар" есептемелерінің өзектілігін және нақтылығын қамтамасыз ету мақсатында статистика базасында ақпараттық жүйе құрылады. Сол арқылы министрлік көп шығынсыз кәсіпкерлерден, бөлшек сауда нысандарынан сату бағалары жөніндегі мәліметтерді жедел жинауға ниетті.

Төртіншіден, Қуандық Бишімбаев жергілікті атқарушы органдарға сауда желілері мен сауда нысандарына барып, тауарлардың қолжетімділігіне мониторинг жүргізу құзыретін беруді және тауарлардың қолжетімділігін шектеу белгілері анықталған жағдайда ол туралы монополияға қарсы органға хабарлауды ұсынды. "Жергілікті әкімдіктер бұл жағдайда белгіленген шекті сауда үстемесін бұзатын сауда орындарына қатысты өз бетінше әкімшілік шаралар да қабылдай алады", – дейді министр.

Жалпы, кәсіпкерлер бұл шараларға қарсы емес көрінеді. Астанадағы "Кеңмарт" гипермаркетінің бас директоры Константин Макаренко өзі секілді кәсіпкерлердің ұлттық экономика министрлігі көтеріп отырған бастаманы талқылауға кеңінен тартылғандарын, яғни, мұның "тосын" сый болмағанын айтады.

"Біз мемлекеттің бұл ұмтылысына түсіністікпен қараймыз және қолдаймыз. Өйткені, ол идея бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу арқылы қазіргі күрделі шақта халықтың осал топтарын қорғау бағытталып отыр. Ұсыныстарды министрлік "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен мұқият пысықтады. Біздің гипермаркет "Эконом+" қағидатымен жұмыс істейді. Біздің әлеуметтік маңызды тауарларға қосатын үстемеміз небары 5-15 пайыз ғана. Кейде акция жариялап, өзіндік құнынан төмен сатып жатамыз. Қазақстанда, негізі, баға көтеру өте қиын, қазір бәсекелестік жоғарылап келеді. Демек, тіпті, біз қанша қаласақ та, көп қымбаттата алмаймыз. Астананың өзінде қаншама сауда нысаны осылайша, сатып алушыларын жоғалтып алды", – дейді ол.

Константин Макаренко мемлекет ұсынып отырған үстемеақы сауда орындарына өздерін жақсы сезінуге мүмкіндік беретінін айтады.

Айтқандай, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Үкімет отырысында тағы бір жайдың шетін шығарды.

"Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың есепшоттарында, банк депозиттерінде 3,6 млрд теңге жатыр. 5 желтоқсанға дейін 4 өңірдің – Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының тұрақтандыру қорларына қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді. Басқа өңірлер қосымша қаражатқа зәру емес", – дейді ол.

Бұл мәселенің мәнісін ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов түсіндірді. Ол әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының негізсіз өспеуі бағытында "аймақтарда белгілі бір жұмыстар атқарылғанын" айтады. Атап айтқанда, өткізілетін жәрмеңкелер саны артты. Мәселен, биылғы қыркүйек-қараша айларында ғана әртүрлі өңірлерде 1 493 жәрмеңке өткізілген, оларда 9,1 млрд теңге сомасына азық-түлік өнімдері сатылды. Ал 2015 жыл ішінде олардың саны 3 500 ғана болған.

"Соған қарамастан, аймақтардағы тұрақтандыру қорлары тиімсіз жұмыс істейді. Жағдайды талдау арқылы бірқатар мәселе айқындалды. Мәселен, тұрақтандыру қорына бөлінген қаражаттың бір бөлігі көбіне депозиттерде жатады. Жекелеген аймақтарда депозиттер бөлінген қаражаттың жартысынан асады. Осыған байланысты дебиторлық қарыздың аса көп болуы назар аудартады, жекелеген жағдайларда ол 90%-ға жетеді! Бұл мәселелер, ең алдымен, тиімсіз менеджменттің салдары", – дейді Қайрат Айтуғанов.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, Алматы қаласының әкімдігі өткен жылдың желтоқсан айында тұрақтандыру қорына 14 млрд теңге бөлген.

"Бұл қаржының 13,4 млрд теңгесі әлі күнге дейін депозитте жатыр. Сөйте тұра, Алматыда азық-түлік өнімдеріне бағалар жыл басынан бері 8,4% қымбаттаған. Тұрақтандыру қорларының айқын жұмыс жоспарын құру қажет, онда нені, кімнен, қашан сатып алу, қайда сақтау, қандай уақыт аралығында сату мәселелері айқындалуы тиіс. Алайда, аймақтарда тетіктерге жеткілікті түрде көңіл бөлінбейді, мұндай жоспарлар құрылмайды. Нәтижеде, тұрақтандыру қорлары тұрақты жұмыс істемейді", – дейді Қайрат Айтуғанов.

Бақытжан Сағынтаев азық-түлік бағасының заңсыз қымбаттауына тосқауыл қою мәселесіне үкіметтің қайта-қайта оралуға мәжбүр болып отырғанын айтады.

"Бағаның қымбаттауына қатысты мәселені біз қыркүйек айында талқыладық, көріп отырғанымыздай, содан бері белгілі бір жұмыстар атқарылған", – дейді үкімет басшысы.

Үкімет отырысының қорытындысында премьер-министр өзінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке нарыққа қатысушылардың да пікірлерін ескере отырып, министрліктің ұсыныстарын тағы бір пысықтап, тиісті шешімдер шығаруды жүктеді.

"Бұл жерде үкімет нарықтық тетіктерді жауып тастайды деген сөз жоқ. Алайда, үстемдігін пайдаланып, жоғары баға қойса, біз монополияға қарсы заңнама аясында қолымызда бар құралдарды қолданып, оның жолын кесуіміз керек!", – деп нықтады Бақытжан Сағынтаев.

2016 жылдың қарашасында азық-түлік тауарлары бағасының өзгеруі

2016 жылғы қарашада азық-түлік тауарларының бағасы 2015 жылғы қарашамен салыстырғанда 9,1%-ға өсті. Баға кофе, шай және какаоға 34,6%, жармаларға – 33,5%, нанға – 19,5%, қантқа – 18,7%, кондитерлік өнімдерге – 16,8%, май және тоң майға – 12,7%, макарон өнімдеріне – 12,2%, тоқаш және ұн өнімдеріне – 10,2%, балық және теңіз өнімдеріне – 8,8%, алкогольді ішімдіктерге – 8,6%, ұнға – 7,3%, сүт өнімдеріне – 6,8%, жемістер мен көкөністерге – 0,9%-ға жоғарылады.
Аталған кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 5,6%-ды құрады. Құс етіне баға деңгейі 12,8%, шұжық өнімдеріне – 5,7%, сиыр етіне – 4,7%, шошқа етіне – 4,6%, қой етіне – 2,9%, жылқы етіне – 2,1%-ға жоғары болды.

2016 жылғы қарашада Қазақстан Республикасындағы негізгі азық-түлік тауарларының орташа бағасы

 

 

Бір килограмының бағасы теңгемен

2015 жылғы қарашада
орташа баға

 

орташа

ең төмен

ең жоғары

алшақтық, есе

 

қала

баға

қала

баға

 

Бірінші сұрыпты бидай ұны

117

Павлодар

85

Ақтау

159

1,9

103

 

Бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан

121

Орал

96

Ақтау

156

1,6

101

 

Вермишель

251

Тараз

202

Ақтау

385

1,9

211

 

Күріш

292

Қызылорда

207

Астана

456

2,2

271

 

Ұнтақ жарма

211

Павлодар

170

Астана

306

1,8

181

 

Қарақұмық жармасы

441

Павлодар

357

Астана

649

1,8

277

 

Сиыр еті жауырын-төс бөлігі

1241

Қостанай

1049

Алматы

1396

1,3

1171

 

Сары май

1681

Павлодар

1432

Ақтау

2665

1,9

1420

 

Күнбағыс майы, литр

448

Қызылорда

411

Астана

500

1,2

385

 

Шикі сүт, литр

173

Көкшетау, Павлодар

110

Алматы

214

1,9

165

 

Жұмыртқа, ондық

283

Павлодар

220

Алматы

324

1,5

228

 

Картоп

83

Павлодар

55

Ақтау

108

2,0

80

 

Алма

326

Шымкент

248

Өскемен

457

1,8

312

 

Ақ қауанды қырыққабат

80

Павлодар

53

Ақтау

128

2,4

83

 

Құмшекер

256

Ақтөбе, Қызылорда

238

Талдықорған

272

1,1

217

 

Шай

2773

Ақтөбе

2395

Алматы

3484

1,5

1984

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу