АҚШ пен Қытай әлемде Ресейсіз жаңа тәртіп орнатпақ

10446

Қытай лидері Си Цзиньпиннің Америкаға сапарының жаңа қырлары мен сырлары анықталуда.

АҚШ пен Қытай әлемде Ресейсіз жаңа тәртіп орнатпақ Фото: inbusiness.kz

Осының алдында inbusiness.kz сайты Байден мен Си Цзиньпин 2022 жылдың қарашасынан бері алғаш бетпе-бет сөйлесетінін жазып, қос лидердің екі ел арасындағы қандай тақырыптарды талқылауы мүмкін екенін талдаған болатын.

Енді қос алпауыттың басшылары бүгінде қалыптасып жатқан "жаңа әлемнің" архитектурасын талқыға салуы мүмкін екені белгілі болды. Ал бұл – мүлдем басқа миссия, әлдеқайда биік меже.

Сарапшылардың пікірінше, екі держава "жаңа әлемді" бірлесіп қорғау мәселелері жайында келісуге қадам жасауы ғажап емес. Бұл байламға Ақ үйдің мәлімдемелері дем берді.

Сарапшылар тарихи теңеуді тілге тиек етуде. Сонау 1945 жылғы 4-11 ақпанда АҚШ, КСРО және Ұлыбритания лидерлері атақты Ялта келісіміне жиналды. Дәл осы кез Екінші Дүниежүзілік соғыстың қызған шағы еді. Кеңестік қызыл армия, ұлыбританиялық және америкалық әскерлер табысты өткізілген операциялар арқасында соғыс қимылдарын неміс территориясына көшіріп, гитлерлік Германияға қарсы соғысты ақырғы сатысына шығарды. Сол Ялта келісімінде үш державаның көшбасшылары жеке жүздесіп, жаһандық соғыстан кейінгі әлемде төл ықпал аймақтарын бөліске салған еді. 

Бүгінде Украинадағы және Таяу Шығыс өңіріндегі қақтығыс шырқау шегіне таяп қалғандай. Осы мезетте әлемдік қос ірі державаның – Батыс пен Шығыстың көшбасшысы кездескелі тұр. Кездесу 15 қарашада басталады.

Соның қарсаңында, 2023 жылғы 21 қазанда, Вашингтондағы сайлауалды қабылдау салтанатында сөз сөйлеген АҚШ Президенті Джо Байден Американың жаңа ұстанымын жариялады. Ақ үй "адамзатқа жаңа әлемдік тәртіп қажет" деп санайды және Құрама Штаттар оны құра алады. G7 бірлестігіне кіретін дамыған елдер оған осы істе одақтас болады.

Мұнда тек Қытайға қандай орын берілетіні түсініксіз. Бұл мәселенің басы осы жүздесуден соң ашылуы мүмкін.

Бір ғажабы, бүгінгі жүздесуде Байден мен Си Цзиньпин АҚШ пен ҚХР-дың әскерлері арасындағы байланыстарды қалпына келтіру мәселесін талқылайтыны жарияланды.

Кейінгі жылдары Бейжің Тайвань Қытай республикасын Қытай халық республикасына қару күшімен қосып алуға да дайын екенін паш ете бастағалы, әскери саладағы америкалық-қытайлық ынтымақтастық тоқыраған еді. АҚШ өз компанияларына әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін технологияларды, чиптерді Қытайға беруге тыйым салатын заң қабылдады. Оның үстіне Құрама Штаттар Бейжіңнің басты қарсыласы – Тайванды қаруландыруға кіріскен.

Бұл алауыздық 2023 жылғы ақпанда Америка өз аспанында қалықтап жүрген қытайлық аэростатты атқылап құлатқаннан кейін тіпті ушықты.

Шың елі осыдан кейін Атлант мұхитының ар жағындағы алпауытпен әскери бағыттағы барлық қатынастарын доғарды. Бейжің тіпті қытайлық әріптестерімен телефон арқылы тілдеспек болған америкалық әскери басшылардың бірнеше талабына тосқауыл қойды. 

Осы орайда АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан америкалық және қытайлық әскерилер арасындағы байланыстар – тіпті Джо Байденнің ендігі басты басымдықтарының бірі болатынын мәлімдеп отыр. Сондықтан бұл мәселе Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесудің күн тәртібіне шығарылған.

Бұл мәлімдеме халықаралық ақпарат айдынында ажиотаж, дүрбелең туғызды.

"Екі елдің әскери байланыстары Президент Байден үшін басымдыққа айналды. Ол армияларымыз арасындағы байланыстың болуы арамызда туындаған бәсекелестікті жауапты басқару, сондай-ақ бұл бәсекелестік тайталас пен қақтығысқа ұласпауы үшін қажет деп санайды", – деді Салливан.

Президент кеңесшісінің түсіндіруінше, жолға қойылатын осы ықпалдастық бұл саладағы қателіктерді, түсінбестікті жоюға қызмет ететін болады.

Джейк Салливан бұл тақырыптағы талқылауларға интрига енгізді.

"Алға озып, қандай да бір тосын мәлімдеме жасағым келмейді. Оны кездесу қорытындысында Президенттің өзі жасайды. Бірақ мен бір нәрсеге екпін түсіргім келеді. АҚШ Президенті қос мемлекеттің әскерилері арасында байланыстарды қалпына келтіруге табанды шешім қабылдады. Оның пайымдауынша, бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне сәйкес келеді", – деп түйіндеді Ақ үй өкілі Салливан.

Бұған дейін өзара соғысқа белсенді дайындалып жатқан алпауыттардың әскери салада татуласып, бас біріктіруге тырысуының себебі неде? Америкалық ақпарат құралдарының жазуынша, бұған оларды әлдебір жаһандық миссия ғана итермелей алады.

Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Салливан CBS арнасына сұхбатында қос державаның лидерлері ядролық қару, соның ішінде Ираннан төнген қауіп мәселесін қарайтынын қосты. 

Қытайлық саясаттанушы Нельсон Вонгтың пікірінше, Америка да, Қытай да жаңа Дүниежүзілік соғыстың басталғанын қаламайды. Сондықтан оған бірлесе қарсы тұру жолдарын іздеу мүмкін.

Саясаттанушының айтуынша, сонау 2020 жылғы сайлауалды науқанында Джо Байден Ресейді "дұшпан, қарсылас", ал Қытайды "бақталас" деп белгіледі. Ресей былтыр Украинаға кең ауқымды шапқыншылық жасағалы аталған анықтаманың реңкі тіптен қоюлана түсті.

"Әйтсе де, бүгінде америкалық-қытайлық қарым-қатынастар тығырық пен тұйықтан бірте-бірте шыға бастады. Мәселен, таяуда Қытай төрағасы Си Цзиньпин екі елдің өзара алауыздықты еңсергені, сондай-ақ онымен шектелмей, енді жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздейтіні туралы көп мағыналы мәлімдеме жасады. Содан соң Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Вашингтонға сапарлап, бүгінгі Сан-Франциско саммитінің шешімдері үшін қажетті іргетасты қалады", – деді Шанхай стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының вице-президенті Нельсон Вонг.

Оның пікірінше, әлемде қалыптасқан қазіргі ахуал шынымен де Дүниежүзілік соғысты елестетеді.

"Өйткені қырғи-қабақ (суық) соғыс аяқталғаннан кейін түзілген жаһандық әлемдік тәртіп енді жоқ. Шын мәнінде оның бәрі әп-сәтте ізім-ғайым жоғалды. Халықтар әлемнің даму беталысына, оқиғалардың өрбу барысына шошына қарап отыр. Дүниежүзілік екі соғыстан және суық соғыстан кейін әлем тағы да орнықтылығынан айрылып, теңселіп кетті", – деді сарапшы.   

Бұл жағдайда Үшінші жаһандық қақтығыс әлемді жаппай қамтитын ұлы майданға ұласып кетуі мүмкін бе?

Саясаттанушының айтуынша, адамзат үлкен соғысты қаламайды. Шиеленісті тудырып, дем беріп отырғандар – ірілі-ұсақты державалардың биліктері. Сондықтан халықаралық қоғамдастықтың барлық күш-жігері бүгінде Үшінші Дүниежүзілік қанқасап қырғынның алдын алуға бағытталғаны жөн.

Сол себепті жаһан жұртшылығы АҚШ пен Қытай басшыларының кездесуіне үмітпен көз тігір отыр.

Ол екеуі әлемдік соғысқа жол бермейтіндерін, соған бірлесе күш салатынын адамзатқа жариялауы, ең бастысы, сол бағытта бірге қимылдай бастағаны абзал. Сонда халықаралық қоғамдастық өзара сенімге, қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа құрылған жаңа әлемді тұрғыза алады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу