Ақылы жолдардағы шлагбаумдар алынады

17790

Ендігі жерде төлем қабылдайтын пунктер де керек болмай қалады. 

Ақылы жолдардағы шлагбаумдар алынады

"QazAvtoJol" ұлттық компаниясы" АҚ Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалының директоры Марат Сүлейменовтің айтуынша, жаңа ақылы жол учаскелеріндегі төлем қабылдау жүйесін ашық ету жоспарланып отыр. Яғни, ендігі жерде ақылы жаңадан іске қосылатын аумақтарда шлагбаумдар мен төлем қабылдау пунктері болмайды.

"Тек көліктер өтетін қақпаға арнайы камералар орнатылады. Ол көліктің бір аймақтан екінші аймаққа өткенін тіркейді. Жүйе жүргізушінің жеке шотынан қажетті соманы автоматты түрде ұстап қалады. Автокөліктің мемлекеттік нөмірі арқылы төлем жүргізу әдісі де сақталады. Төлем жасауға терминалдар мен ұялы телефондарды, интернет банкингтерді де пайдалануға болады", – деді Марат Сүлейменов Instagram желісінде өткен тікелей эфир барысында.

Оның айтуынша, қазір елімізде жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын төрт ақылы жол учаскесі бар. Олар – Нұр-Сұлтан – Щучинск (ұзындығы 211 шақырым), Нұр-Сұлтан – Теміртау (134 шақырым), Алматы – Қапшағай (42 шақырым) және Алматы – Қорғас (295 шақырым) учаскелері.

2024 жылға қарай Қазақстанда 11 мың шақырым жолды ақылы ету жоспарланып отыр. Ол үшін қазір 32 жол учаскесінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстар аяқталған сәттен бастап учаскелер кезең-кезеңімен іске қосыла бастайды.

"Ақылы жүйені енгізу инвесторлардың қаражаты есебінен жүргізіледі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ақылы учаскелерді ашпас бұрын тарифті белгілеуге қатысты қоғамдық тыңдау өткізіледі. Жергілікті халықпен ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіледі. Төленетін ақы мен жеңілдіктерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді", – деп нақтылады ол.

2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ақылы жолдардан 5 млрд 380 млн теңге жиналған. Атап айтар болсақ, Нұр-Сұлтан – Теміртау бағытынан 1 млрд 729 млн теңге, Нұр-Сұлтан – Щучинск бағытынан 1 млрд 700 млн теңге,  Алматы – Қорғас бағытынан 988 млн теңге, Алматы – Қапшағай бағытынан 972 млн теңге түскен. Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша ақылы төрт учаске бойынша 10,5 млн автокөлік жүріп өтіпті.

"Ақылы жолдардан түскен қаржы осы жолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге, қызметті ұйымдастыруға жұмсалады. Басқа мақсаттарға пайдаланылмайды", – деді Марат Сүлейменов.

Еске сала кетейік, уақытында төлем жасамаған жүргізушілер әкімшілік жазаға тартылады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінд айыппұл белгіленген.

Сондай-ақ ақылы жолды пайдалану үшін алдын ала төлем жасаған автокөліктердің төлемақысы екі есе арзан болады. Ал ақылы жолдың маңайындағы елді мекендерде тіркелген автокөліктер үшін құны 1 мың теңгені құрайтын бір жылдық абонемент қарастырылған. Жолаушылар тасымалдайтын автобустар тегін қатынайды. Қазір тиіс заңға түзету енгізіп, соғыс ардагерлерін, мүмкіндігі шектеулі жандарды және оларға теңестірілген адамдарды төлемнен босату жоспарлануда.

Санжар Беркінбай


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу