Ақылы жолдарда жаңа қатаң шектеулер енгізілмек

5127

"Қоян" көліктерден миллиардтаған теңге өндіріледі.

Ақылы жолдарда жаңа қатаң шектеулер енгізілмек

Қазақстанда біраз жылдан кейін көп жол ақылы болады. Тиісінше, оның ақы жинау жүйесін айналып өтуге ұмтылушылар көбеюі мүмкін. Қазірдің өзінде ондай көліктер аз емес екен. Осыған орай Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министірлігінің Автомобиль жолдары комитеті жаңа шектеу шараларын ұсынды.

"Қазіргі уақытта ақылы автомобиль жолдарымен жүргені үшін берешегі бар қазақстандық пайдаланушылардың саны 4 мың 800 көлікті құрайды. Бұдан бөлек, 12 мың шетел азаматының және азаматтығы жоқ адамдардың елімізде жол жүру бойынша берешегі бар. Бұл мәлімет "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Kaztoll электронды ақы жинау жүйесінің деректерінен алынды. Ақылы автомобиль жолдарымен жүргені жөнінде хабарлама алған пайдаланушылар төлемді уақтылы және өз еркімен төлемейді", – деп мәлім етті Автомобиль жолдары комитеті.

Бұған қалай жол берілген?

"Нұр-Сұлтан–Щучинск" ақылы автобанымен жүрген азаматтар одан ақы төлемей өту мүмкін еместігін біледі: жолдың екі шетінде де төлемақы жинау терминалдары тұр, оған ақша сұқпасаңыз шлагбаум ашылмайды. Ал трассаның өне-бойы қоршаумен қоршалған, тиісінше далалық жолдармен айналып өтіп, жол-жөнекей қосылу қиын.

Бірақ министрлік жаңа ақылы жолдар халықаралық тас жолдарда пайда болғанын еске салады. Сондықтан олардың бір ұшы мемлекеттік шекараға барып тіреледі. Онда кеден тұр. Заңнама бойынша шекарада өткізу бекеттерінен бөтен жабық терминалдар орнатуға тыйым салынған.

Сала операторы мұның ақы алу жүйесін енгізуге мүмкіндік бермейтінін айтады. Яғни, барлық көлік, соның ішінде транзиттік машиналар ақылы жолға кедергісіз кіріп, кейін жолай төлемақы жасамай шығып кетеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, бүгінде отандық ақылы жолдарды Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің деректер базасында тіркелмеген шетелдік жеңіл және жүк көліктері, яғни шетелдік операторлар мен азаматтығы жоқ жүргізушілер пайдаланады.

"Оларға ұлттық оператор жолақы бойынша қарызының бар екені туралы хабарлама жібере алмайды. Өйткені "ҚазАвтоЖолдың" төлемақы жинау жүйесі шетелдік азаматтардың көлік құралының деректерін өз бетінше анықтамайды. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі мен Шекара қызметінің жүйелері өзара интеграцияланбаған. Бұған қоса, ІІМ-нің басқа елдердің базасымен де байланысы жоқ. Салдарынан, Қазақстанның мемлекеттік шекаралары арқылы енген транзиттік көліктердің ары қарай ақы төлемей жүре беру қаупі бар", – деді комитет.

"ҚазАвтоЖол" ең үлкен "майшелпектен" айырылып отырғанына қапалы: өйткені транзиттік жүк көліктің бәрінің дерлік салмағы 15 тоннадан жоғары. Сәйкесінше, ұлттық оператор тарифі бойынша олардан жоғары ставка жиналап еді. Ал шекарашылар да, кеденшілер де шекараны қандай көліктер кесіп өткені туралы есепті ұлттық компанияға жолдамайды. Меммекеменің жеке ұйымға есеп бергені жөнсіз болса керек.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ның Kaztoll электронды ақы төлеу жүйесінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанның барлық ақылы жолымен жүргені үшін шетелдік нөмірі бар көліктердің қарызы 65 миллион теңгеден асыпты.

Берешегі барларға мемқызмет көрсетілмейді

Бүгінде елімізде 4 ақылы жол учаскесі бар, бұлар "Нұр-Сұлтан–Щучинск" (ұзындығы 211 шақырым), "Нұр-Сұлтан–Теміртау" (134 км), "Алматы–Қапшағай" (41 км) және "Алматы–Қорғас" (295 км). Жалпы ұзындығы 682 шақырым. Болашақта ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 14 мың шақырымға дейін жетеді деп жоспарланған. Демек, бұлардың артуымен бірге борышкерлер саны да еселеп ұлғаюы мүмкін.

Бұған жол бермеу мақсатында жолақысы үшін берешегі бар шетелдіктер мен қазақстандықтарға ел аумағынан сыртқа шығуға тыйым салу ұсынылып отыр. Бұл ретте дамыған емес, дамушы елдердің тәжірибесі негізге алынбақ. Мәселен, Венгрия, Словения, Чехияда ақылы жолдарда берешекке батқан транзиттік көліктердің жүрісі шектелетін көрінеді.

Сондай-ақ егер министрлік пен ұлттық компания бастамасы жүзеге асса, шекара қызметінің, уәкілетті меморгандардың жүйелерін өзара интеграциялау арқылы жолақыны төлемеушілерді орталықтан бақылау жүргізілетін болады. Мысалы, "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының базасы жолдан ақы жинау сервисімен өзара кіріктіріледі.

Дегенмен, талдамалы нысанда бұл бастаманың теріс жағы бар екені көрсетілген: ол квазимемлекеттік сектордың немесе жолдан ақы жинайтын өзге жекеменшік компанияның пайдасы үшін мемлекеттік органдарға түсетін ауыртпалықтың өсуіне соқтырады.

Бұдан өзге, жолдан ақы жинаушылар мүддесі үшін ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізілмек. Индустрия министрлігінің мәліметінше, "Жол жүрісі туралы" заңында көлікті мемлекеттік тіркеуден бас тартудың 7 негізі көзделген. Оны 8-шімен толықтыру ұсынылып отыр: "Ақылы жолдарда жүру үшін берешегі болған жағдайда көлік құралын мемлекеттік тіркеуден немесе тіркеу деректерін өзгертуден бас тарту" деп аталмақ.

Ақылы жолдар алдында қарызы бар отандық жүргізушілерге мемқызметтер көрсетілмейді. Нәтижесінде, болашақта осы тетік арқылы жыл сайын орташа есеппен 2 миллиардтан 9,8 миллиард теңгеге дейінгі көлемде берешек өндіріліп отырады.

Сондай-ақ ақылы жолдар үшін қарыз болып қалған қазақстандықтар мен шетелдіктердің елден сыртқа шығуын шектеу ұсынылады. Осы тетік арқылы 10,5 миллиард теңгедей әлеуетті берешек өндірілмек. Берешектің ішінде ең көбі – 7,2 миллиарды транзиттік және басқа да жүк көліктерінен жиналады деп күтілуде. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу