Ақыртасқа апарар жол "жылап" жатыр

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
4539

Бұл жерге туристер түгілі жергілікті тұрғындар да бара алмай жүр.

Ақыртасқа апарар жол "жылап" жатыр

Ақыртас – Тараз қаласынан шығысына қарай 40 шақырым жерде Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан көне құрылыс кешені.

Жалпы аумағы 2,5 гектар жерді алып жатқан, жұмбағы әлі ашылмаған кешен VIII-IX ғасырларда салынған. Дейтұрғанмен ол туралы ғалымдар мен зерттеушілер түрлі мәлімет келтіреді. Оның 70-ке жуық бөлмесі, ортасында жарты гектар ашық алаңы бар. Сырт қабырғаларының ені 5 метрге жетеді. Ал іргетасы 2 метр тереңдікте ірі тас блоктармен қаланған. Салмағы бірнеше тонналық тастардың бір қалыппен, сыналап салыну сыры да әлі күнге беймәлім.

Жалпы, Ақыртас туралы алғашқы жазбаны 13-ші ғасырдың басында Қытай саяхатшысы Чин-Чунеле қалдырған екен. Одан кейін де әлемнің ғажайып құрылыстарынан еш кем түспейтін бұл кешен туралы тамсана жазғандар жетерлік. Олардың қатарында орыс суретшісі М. Заменский, академик  В. Бартольд, зерттеуші-ғалым П. Лерх және қазақтың көптеген зерттеушілері мен шежірешілері бар. Солардың бірі осы құрылысты 30 жыл бойы бақылауында ұстаған, академик Пацевич: "Мұндай құрылыстың керемет есептерге сүйеніп жасалынуы мен блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы, ғажап ескерткіші Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан орын алуына құны да құпиясы да, құдіреті де жетеді", – деген екен. Ал Жамбыл облыстық "Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының" ғылыми қызметкері Асылжан Шайділдаев Ақыртастың құпия сырларына қаныға алмаған жұрттың кейде: "Неге алып құрылыс осы арадан соғылды?" – деп сұрайтынын тілге тиек етті.

"Біріншіден, төбе астында тас блоктардың қоры мол. Екіншіден, іргесінде  Ұзынбұлақ өзені болған. Үшіншіден, кірпіш өндіруге сары топырақ қоры жеткілікті. Төртіншіден, 40 шақырым күн батысында ежелгі Тараз қаласы, Ақыртаспен бір бағытта әлемді байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойында қатар жатыр. Осындай экономикалық және саяси мақсат көзделген болуы керек. Қалай айтсақ та қамал құрылысы өте сауатты, геометриялық есептерге сай жүргізілген. Салмақ түсетін топырақ жынысының тығыздығы, жерасты су деңгейі, ғимараттың жалпы жерге түсер салмағы, іргетасының жерге қазылып орнатылуы сынды талаптар Ақыртаста қатаң сақталған",  – деген пікір білдірді Асылжан Шайділдаев.

ЮНЕСКО-ның "Бүкіләлемдік Мәдени мұра" тізбесіне енгізілген бұл ғажайып кешен тек Жамбыл облысының ғана емес, еліміздің мақтанышына айнала алатын, туристерді арнайы әкеліп көрсетуге тұрарлық тамаша мекен.

Алайда "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автодәлізінен бұрылған соң 10 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан тарихи орынға апарар жолдың сапасы күні бүгінге дейін сын көтермейді. Сондықтан оны тамашалауға барушылардың саны аз. Тарихи жәдігерлерге шын ықылас танытып, еліміздің мәдени мұрасын зерттеушілер ғана болмаса, бүгінде Ақыртасқа туристер түгілі, жергілікті тұрғындар да атбасын бұра бермейді.

Осындай олқылықтың орнын толтырып, өңірге өзге жұрттың қызығушылығын туғызу мақсатында Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткен жылы арнайы "Туристік карта" жасалды.

Оның тізіміне облыстағы тарихи және саяхаттаушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсете алатын арнайы орындар енгізілді. Тізімге енгізілген нысандарда қандай жөндеу немесе қайта жабдықтау жұмыстарын жүргізу қажеттігі де назарға алынды. Біз жоғарыда атап өткен Ақыртас кешені де "Туристік карта" тізіміне енгізілді. Қазір мұнда жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бұл жолды салуға жалпы сомасы 354 млн 575 мың теңге қаржы бөлінді. Ұзындығы 7 шақырым, ені 7 метр болатын тас жолды "Құрылыс ТЭД" ЖШС жүргізіп жатыр.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу