Алакөлге туристер ағылып жатыр

Қажет Андас Қажет Андас
15828

Демалыс орнына келушілердің саны екі жылда 3 есеге артқан.

Алакөлге туристер ағылып жатыр

Қазақстандағы 18 зубрдың 8-і Алакөлге жерсіндірілсе, әлемдің Қызыл кітапқа енген реликті шағаланы тек осы маңнан кездестіре аласыз. Сондай-ақ, Жыланды ауылдық округіне қарасты Көкжар учаскесінде 123 бас қодас өсірілуде. Демек, зубр мен қодастың тіршілігіне қызықсаңыз оны Алакөлден табасыз.

Осындай мүмкіндікті пайдалану нәтижесінде жылдан жылға көл бойындағы сервистік қызмет көрсету деңгейі өсіп келеді.

"Өткен жылы ауданда туризм саласы бойынша  132 демалыс орнында 452700  адам демалып, 2015 жылмен салыстырғанда 3 есеге артты. Оларға 1563,0 млн теңгенің қызметі көрсетілді. Сонымен қатар, 560 адам маусымдық жұмыспен қамтылды.  Биылғы жылдың 6 айлық есебі бойынша аудандағы 144 демалыс орнында 300 мыңға жуық адам демалды. Жазғы демалыс маусымының қызықты мезгілі енді басталғанын ескерсек, бұл сан алдағы уақытта еселене түсері анық", – дейді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев.

Расында, Алакөл аумағы орналасу жағынан туризмнің барлық түрін, атап айтсақ, экологиялық, танымдық, спорттық, емдеу-сауықтыру және аңшылық туризімді дамытуға қолайлы өңір. Сондықтан көптеген турист Алакөлдің емдік суына шомылу үшін емес, оның географиялық мүмкіндігін пайдаланып, тартымды демалыс ұйымдастыру үшін ағылады.

"Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы" экотуризмді дамытуға зор үлес қосуда. Қорық қызметкерлері экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында 5 туристік бағыт ұйымдастырып отыр. Оның екеуі қорық аймағымен өтеді", – дейді Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дәулет Жуандықов.

Алакөл көлі демалыс орны ғана емес, шипалы қасиетімен де танымал. Емдеу-сауықтыру туризмін дамыту бойынша Ақтүбек ауылында "Алакөл – Арасан" балшықпен емдеу-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Орталықтың күніне 18 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Аңшылық туризмінде ауданда 3 аңшылық шаруашылығы құрылған. 

"Алакөл көлінің жағалауында демалыс үйлері, демалыс аймақтары, пансионаттар Ақши және Көктұма ауылдарында орналасқан. Аудандық кәсіпкерлік басқармасынан алынған ақпаратқа сүйенсек, бүгінде Алакөл ауданы аумағында 144 демалыс үйі, демалыс аймағы, пансионат, қонақүй және туристік кешен орналасқан. Атап айтқанда,  500 орынды СДО "Пеликан", 350 орынды  "Ала теңіз", "Аласу" және 200 орынды "Қара Тас", 150 орынды "Көктұма" пансионаты,  тағы да басқа жекеменшік үйлердің жанынан ашылған қонақүйлер бір уақытта 4500 адамға қызмет көрсете алады", – дейді аудан әкімі.

Осы демалыс орындарының мүмкіндігін жақсарту үшін облыстық туризм басқармасы ҚР туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамаларын бекіту туралы №508 қаулысына сәйкес,  көл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 17 іс-шара  қарастырыпты.

"Жоспар бойынша Ақши ауылының көл жағалауында 3 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, былтыр "Аквамарин Ресорт" ЖШС-ның жобалық құны 568,0 млн теңгелік 500 орынға шақталған демалыс орны қосылып қызмет көрсетіп жатыр. Биыл 350 орындық құны 350 млн теңгелік "Алакөл ресорд" мен құны 300 млн. теңгелік  "Атлантис" демалыс аймағы іске қосылды. Сондай ақ 2 млрд. 300 млн теңгеге  450 орынды "Фалкон Петролиум" ЖШС қонақүй комплексі құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, іске қосуға жұмыс істеп жатыр", – дейді облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арқау Шантаев. 

Көл жағасын өркендету жұмысы бас жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Көліктік қолжетімділікпен қамтамасыз ету мақсатында "Алматы – Достық" бағытында туристік пойызы  қатынауда. Сонымен қатар, "Алматы-Үшарал – Ақши – Көктұма" маршруты бойынша күніне 10 автобус жолаушыларды тасымалдайды. Алдағы күндері Үшарал қаласындағы жалпы құны 889,1 млн теңгені құрайтын 1 ауысымда 50 жолаушыға қызмет көрсететін әуежай қолданысқа берілмекші.

Демек, Алакөлдің туристік әлеуеті артып келеді. Көлдің шипалы суымен емделіп, жүйкеңізді тынықтырғыңыз келсе, еш ойланбай Алакөлге тартып кетіңіз.

Бірақ, өткенде ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлы: "Алакөлде демалудың құны Түркиядан қымбат", – деп айды аспанға шығарды. Алайда, "TOP TRAVEL" туристік компаниясының өкілдері бұл пікірмен келіспейді.

"Түркияға 10 күнге демалыс, қайту құны 350 мың теңге, ал Алакөлде 200 мың теңгенің айналасында. Бұл жерде Түркияға демалушылар туристік орындарға алдын ала үш ай немесе жарты жыл бұрын тапсырыс беріп қояды да дәл уақытында түрлі себеппен бара алмай қалады. Алайда, төленген ақша келісім бойынша туриске қайтарылмайды. Түрік компаниялары осы орындарды әсілгі құнының 30 пайызымен екінші рет сатуға шығарады. Мұны туристердің тілімен "ыстық тур" деп атайды. Министр мырза Алакөлдің құнын сонымен шатастырып отыр", – дейді компания мамандары.

Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары көлге келген демалушылардың 80 пайызы еліміздің азаматтары екенін анықтаған. Бұл ішкі тиуризмнің өркендей бастағанының белгісі.

Алайда, жекеменшік көлігіне асай-үсейі мен азық-түлігін артып алып, шомылуға келетін жерлестеріміз қайтарында қоқысығын көл бойына шашып кетеді. "Алакөлдің көлге лақтырылған затты терең ирімге тоғытып әкетпестен толқынмен қуалап, жағалауға шығарып тастайтын қасиеті бар. Біз көлдің тұщы суы арқылы ағзамызды тазалауға құштармыз. Алайда, оның лас нәрсені бойына жолатайтын тазалығын қабылдауға құлықсызбы", – дейді Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дәулет Жуандықов.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу