Әлем экономикасы 1,1 трлн доллар жоғалтуы мүмкін

4838

Қазақстан коронавирустың экономикалық зардабы алдындағы ең осал елдердің қатарына қосылды.  

Әлем экономикасы 1,1 трлн доллар жоғалтуы мүмкін

Коронавирус пандемияға айналатын болса, әлем экономикасы 1,1 триллион доллардан астам қаржы жоғалтуы мүмкін. Бұл туралы мәлімдемені ғаламдық экономикалық жағдайларға болжам жасайтын Oxford Economics орталығы  жариялады.

Ооталықтың дерегінше, жаңа вирус Азиядан тысқары аймақтарды кеңінен шарпитын болса, биыл әлемдік өсім 1,3%-ға төмендеп, 1,1 триллион доллар кірістен қағылмақ. Бұл – планетада көлемі жағынан 16-шы орында тұрған Индонезия экономикасына пара-пар сома. 

"Біздің сценарий бойынша, дүниежүзілік жалпы ішкі өнім тұтыну деңгейінің төмендеуінен, сапарлардың шектелуінен, туристердің азаюынан, вирустың қаржы нарығына кері әсер етуінен, инвестицияның азаюынан қысқаруы мүмкін",- дейді Oxford Economics зерттеушілері.

Алдағы аптада Apple межелеген тоқсандық табысына қол жеткізе алмауы мүмкін екенін хабарлады. Себебі, коронавирусқа байланысты iPhones саудасы төмендеп кеткен. Сарапшылардың айтуынша, Apple тәрізді жағдайға бүгінде талай алпауыт компания душар болып отыр.

Былтыр Қытай өндірісі шамамен 6%-ға өсті. Oxford Economics-тің есебінше, дүниенің екінші экономикасы 2020 жылы 5,4%-ға  ғана ұлғаяды.

Жұмыссыздық қаупі

Экономикалық болжам бойынша Oxford Economics-тің бәсекелесіне айналған Capital Economics консалтингтік компаниясының мәлімдеуінше, Қытайдағы эпидемиялық жағдай әлі де өршіп тұр және карантиннің қаншалықты ұзаққа созылатыны белгісіз. Айта кету керек, бүгінде Қытайда COVID-19 инфекциясы салдарынан сан мың адам жұмысқа шыға алмай, жалақының қысқаруы кең етек алып отыр.

Аталған компания баяндамасында айтылғандай, Қытайда қор нарығында тіркелген ірі компаниялардың 85%-ы алты ай бойы қандайда бір қосымша табыссыз-ақ жұмыскерлеріне жалақы төлеп, өзге де міндеттемелерін орындай алады.

Бірақ қалалық жерлердегі вакансиялардың жартысына жауапты мыңдаған шағын және орта деңгейдегі кәсіпорын мемлекеттің "жұмыс орындарын сақта" деген бұйрығын орындай алмауы мүмкін.

Жақында Қытайдың екі университеті 1000 шағын және орта кәсіпорында сауалнама жүргізіп, егер жағдай жақсармаса, сол фирмалардың үштен бірінің ақшасы бір айға жетпей таусылатынын анықтады.

700 компанияда жүргізілген өзге зерттеуге қарағанда, жекеменшік кәсіпорындардың 40%-да эпидемия кесірінен қолма-қол ақша үш айдың ішінде түгесілуі мүмкін.

Азия нарығы жөніндегі кейбір сарапшылардың болжамынша, Қытайда экономикалық белсенділік таяу арада қалпына келетін болса, жұмысшылардың негізгі бөлігі жұмыс орындарын сақтап қалады. Соның нәтижесінде тұтынушылық шығындар көбеюі ықтимал.

Oxford Economics-ке оралсақ, ол коронавирустың Қытайға әсері шектеулі, бірақ қысқамерзімде әлем экономикасының өсімін 0,5%-ға төмендетеді деп болжады. Ал биыл қаңтарда дүниежүзілік жалпы ішкі өнім 2,3%-ға артқан.

Қазақстан

1960 жылы Лондонда құрылып, содан бері халықаралық даму мен гуманитарлық мәселелерді зерттеп келе жатқан The Overseas Development Institute атты ұйымның баяндамасына жүгінсек, Кения, Шри-Ланка, Филиппин, Вьетнам, Қазақстан, Камбоджа, Непал – коронавирустан экономикалық шығынға ең көп батуы мүмкін елдер санатында.

Баяндама "Пандемия алдындағы осалдық" деген атпен осыдан бірер күн бұрын жарияланды. Оған қарағанда, аталған елдер Қытаймен көбірек байланысты және олардың орналасқан жері - коронавирустың экономикалық зардабымен күрес үшін қолайсыз. Қазақстан Қытайдың экономикалық құлдырауы тікелей немесе жанама түрде ең көп әсер ететін мемлекеттер тізімінде Вьетнам, Шри-Ланка, Филипппиннен кейінгі төртінші орында тұр.

Соңғы мәліметке қарағанда, Қытайда коронавирус құрбандарының саны 2230-дан, ал оны жұқтырғандар әлем бойынша 76 мыңнан асқан.  

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу