Әлем: коронавирус ажырасуға және тұрмыстық зорлыққа әкеліп соқты

4603

Карантиннің экономикалық салдарынан басқа қоғамға келтірер зияны көп. 

Әлем: коронавирус ажырасуға және тұрмыстық зорлыққа әкеліп соқты

Қытай. Жұптары жазылғандар көбейді.

Бұл ел бірінші болып індетті екі айдың ішінде ауыздықтағанымен,  басқа бір әлеуметтік мәселеге тап болды. Осы уақытқа дейін жарияланған карантин бойы үйден шықпаған кей отбасылар ойрандалып жатыр. Елде ажырасуға өтініш білдіргендердің қатары күрт көбейген. Мысалы, Дачжоу қаласында 300-ге жуық жұп осындай өтініш жазған. Бұл қытайлық қала үшін рекордтық көрсеткіш. Ал басқа шаһарларда да дәл осындай көрініс. Тіпті некені тіркейтін мекемелер ерлі-зайыптылардың ажырасу туралы құжаттарын қабылдап үлгермей жатқан көрінеді. АХАЖ қызметкерлерінің айтуынша, карантин салдарынан ұзақ уақыт бойы бір кеңістікте қамалып отырған жұптар ұсақ-түйекке бола жанжалдасып, араларында кикілжің туындайды екен. Енді Қытайда бұл көрсеткіш төмендеуге тиіс, өйткені індет тараған Хубей провинциясында карантин 25 наурызда аяқталды, ал Ухань қаласында 8 сәуірде тоқтатылады.

Франция. Қатыгездік пандемиясы.

Коронавирус пандемиясы басталғалы әлем елдері өз азаматтарын қауіпсіз жерге, яғни үйлерінде оқшаулануға шақырған болатын. Шақырып та жатыр. Бірақ түптеп келгенде бұл шараның кемшін тұстары байқала бастады. Ойлағандай,  бірқатар азаматтар үшін үй қауіпсіз пана бола алмады: вирустың таралуын болдырмауға бағытталған шараның арты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкеліп соқты. Мысалы, Францияда карантин жарияланғалы зорлық-зомбылық, күш көрсету фактілері 30%-ға көбейіп кеткен екен. Бұл тек ресми деректер ғана. Агрессорлардың қысымынан қорқып, құқық қорғаушыларға хабарласа алмай отырған әйелдердің қатары бұдан да көп болуы мүмкін. Euronews дерегі бойынша, Парижде бұл көрсеткіш 36%-ға артқан. Елдегі Ішкі істер министрі Кристоф Кастанер қоғамдық мәселенің шешімін жақын арада табуға уәде берді. Оның айтуынша, әйелдер дәріханалар арқылы көмек сұрауға болатын жүйе іске қосылуы мүмкін. Карантин кезіндегі зорлық-зомбылықтың күрт өршуін мамандар екі фактормен байланыстырып отыр. Біріншісі – қоғамдағы қарбаластық, тұрақсыздық болса, екіншісі – іркілген экономика салдары, яғни қаржы мәселесі.

Ресей. Психологтардың қызметіне деген сұраныс артты.

Ел астанасы Мәскеу қаласында  наурыз айынан бастап қашықтықтан көрсетілетін қызмет түрлеріне деген сұраныс 1,5 есе артқан. Онлайн түрде қызмет көрсететіндердің қатарында репетиторлар, заңгерлер, бухгалтерлер, психологтар бар. Карантин уақытында психологиялық көмекке жүгінетіндердің неліктен көбейгенін түсіндіруге болады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, қоғамнан оқшаулану, адамдармен қарым-қатынастың сап тыйылуы, жұмысты онлайн түрде атқару сияқты факторлардың әсерінен кейбір адамдарда күйгелектік, мазасыздық, көңіл-күйдің түсуі, жабырқау, ашушаңдық байқалуы мүмкін.Оның үстіне қозғалыстың күрт азаюы да эмоционалдық күйге кері әсерін береді екен. Осы орайда ДДҰ-ның директоры Тедрос Абханом Гебреисус   өзінің кеңесін берген еді. Сыртқа шығуға мүмкіндік болмаса да, үйде отырып-ақ билеп, дене жаттығуларын жасап, йогамен айналысуға шақырды.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу