Әлемге вирустық пандемия қаупі төніп тұр

6884

Қытайда жаңа коронавирус жұқтырғандар тез көбейіп жатқандықтан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде төтенше жағдай жариялау мәселесін қарастырады.  

Әлемге вирустық пандемия қаупі төніп тұр

Қытайда бет маскалар саудасы қызып, әуежайлар мен теміржол станцияларында жолаушылардың температурасын тексеру осы күндері "нью нормалға" айналды. Бұның бәріне әлемнің бірнеше еліне жетіп, Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тіпті өршіген жаңа коронавирус себепші.

Қытай үкіметінің сарапшысы Цзянь Нэньшан дүйсенбі күні мемлекеттік телеарна арқылы мәлімдеме жасап, жұмбақ вирустың адамнан-адамға жұғатынын растағаннан кейін, осы елден де, шет мемлекеттерден де маза кетті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың Қытайдың өзге аймақтарына ғана емес, алдағы күндері басқа елдерді де шарпуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан бүгін бұл ғаламдық орган пандемияға жол бермеу үшін әлемдік деңгейде төтенше жағдай жариялау мәселесін қарастырады.

Сәрсенбі күнгі мәлімет бойынша, бұл инфекциядан 9 адам жан тәсілім етіп, ал оны жұқтырғандар саны 440-қа жеткені ресми түрде расталып отыр және осы науқастармен байланыста болған 2197 тұрғын оқшауланды.

Осыған байланысты, маска сататын компаниялардың акциялары қымбаттап жатқанымен, Азияда нарығында құнды қағаздар арзандап барады. Өйткені инвесторлар қауіпті вирус туризм мен экономикаға кері әсер етеді деп алаңдап отыр.

2002-2003 жылы Қытайдан әлемнің оннан астам еліне SARS коронавирусы тарап, 800-ге жуық адамның өмірін жалмағаны белгілі. Сондықтан бүгінде бірнеше мемлекет Қытайдан, әсіресе, осы инфекцияның ошағынан айналған Ухань қаласынан жеткендерді скринингтен өткізу шараларын күшейтіп отыр.

Қазір Ухань әуежайының күзетшілері жолаушыларды электрондық термометрге аттандырып жатса, интернетте маскалардың бағасы бірден 10 есеге өскен. Ал, әйгілі Weibo әлеуметтік платформасын қолданушылар өзгелерге қолды жақсылап жуып, үйде шықпауға кеңес беріп отыр.

Алғашында бұл дерт теңіз өнімдері базарында пайда болып, жануарлардан адамға берілді деген болжам айтылып, жергілікті басшылық оның адамнан- адамға жұғатынын дереу растамады.

Вирус АҚШ пен Тайваньға да жетті

Соңғы мәліметке қарағанда, Уханьда жұмбақ вирусқа жүздеген адам шалдыққан. Сонымен қатар осындай диагноз Бейжіңде, Шанхайда, Макаода, оңтүстіктіктегі Гуандун провициясында ондаған адамға қойылып отыр және коронавирус шетел асып, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Таиландта, Тайваньда да табылды.

Ухань муниципиалдық денсаулық сақтау комиссиясының дерегінше, бұл ауруға жергілікті 15 медициналық қызметкер де шалдыққан. Ал, Гуандундағы екі пациент Уханьға бармаған. Бірақ олардың туыстары сол қаладан жақында оралыпты. Осындай оқиғаларға қарап, қытайлық мамандар коронавирустың адамнан-адамға жұғатынын мәлімдеп отыр.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ денсаулық сақтау министрлігі мен өзге үкімет департаменттеріне "өтінемін, барлық сақтық шараларын қабылдаңыздар" деп нұсқау берді.

Бұл коронавирустар тобына адамды кәдімгі тұмауға шалдықтыратын инфекциялар кіреді. Бірақ олардың түйелерден, жарқанаттардан және басқа да жануарлардан табылғандары SARS (Ауыр әрі өткір респираторлық синдром) немесе MERS, яғни, Таяу Шығыс респираторлық синдромы тәрізді қауіпті вирусқа айналып кетуі мүмкін. Олардың негізгі симптомдары – дененің қалшылдауы, жөтел, кеуденің қысылуы және тыныстың тарылуы.

3 миллиард сапар

Коронавирусқа тез әрі кең тарайтын мүмкіндік туып отыр. Себебі Қытай үкіметінің болжамынша, Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі кезінде адамдар әрі-бері қатынап, елде 3 миллиардай сапар жасалуы ғажап емес. Дегенмен кейбір әлеуметтік желі қолданушылары мейрам күндері вирустан сақтанып, үйден шықпайтындарын жазып жатыр.

Қытай президенті Си Цзинпинь осы ауруға қатысты алғаш рет мәлімдеме жасап, мемлекеттік органдарды вирус жайында дер кезінде мұқият ақпарат таратып, осы проблема бойынша халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды.

Қытайдың оңтүстігіндегі тұрғындар SARS вирусын жұқтыра бастағанда, ел үкіметі бұл эпидемияның қаупін жасыруға тырысып, сол кезде одан 800-ге жуық адам қайтыс болды. Алайда көп кешікпей, бір жоғары лауазымды дәрігер ол құпияны бәрібір ашып, көпке жариялап жіберді.

Гонконг университеті медицина факультетінің деканы Габриэль Ленгтің сөзінше, осы жолы Қытай басшылығы коронавирус қаупіне әлдеқайда тезірек жауап беріп жатыр.

Қазақстан, Ресей, Солтүстік Корея

Алматы халықаралық әуежайының карантиндік мамандары термальдық сурет камерасымен Қытайдан келген жолаушылардың дене температурасын өлшеуге кірісті. Осындай тексерулер АҚШ, Аустралия және Азияның бірнеше елінің авиациялық порттарында жүргізіліп жатыр. Ал, Солтүстік Корея шетелден турист қабылдауды уақытша доғарып отыр. Айта кетсек, бұл мемлекетке саяхаттайтындардың көбі – қытайлықтар.

Қытайдан жеткендерді скринингтен өткізу жұмыстары  Мәскеудің "Внуково", "Шереметьево" және Екатеринбург пен Иркутск әуежайларында да күшейтіліп жатыр.

"Росспотребнадзор" болса, коронавиурстың Ресейге де жетуі мүмкін екенін жоққа шығармай отыр. Дегенмен "Интерфакстің" хабарлауынша, оның таралу ауқымы кең болмайды деген үміт бар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу