Әлемнің індетті еңсеру үшін Қытайдан үйренер тұстары көп

5019

Көрші ел агрессивті шараларының арқасында коронавирус құрбандарының қатарын тыйып, жұқтыру фактілерін күрт азайтты.  

Әлемнің індетті еңсеру үшін Қытайдан үйренер тұстары көп

Қытай небәрі екі айдың ішінде Covid-19 деп аталатын жаңа коронавирустың таралуын тежеді. Мүмкін, Қазақстанның көрші елдің жасағанын дәл солай қайталауға қауқары жетпес,бірақ бірқатар нақты шараларды қабылдауға күші жететінін анық.  Осы вирус Қытайдан шыққаны бәріне белгілі. Оның үстіне індетпен күреске дайындалуға уақыты да көп болмады. Дегенмен бұл ел өте агрессивті шаралар қабылдау, экономикасын уақытша тоқтату арқылы оң нәтижелерге қол жеткізді. Тіпті дамушы елдер қазірдің өзінде вирустың таралуын осылай ауыздықтай алмай жатыр. 

Сонымен, Қытай қабылдаған шаралар мыналар:

Біріншісі: Технологияны оңтайлы қолдану

Ақпан айында бұл елде медициналық қызмет көрсетуге арналған QR-код жүйесі жаппай енгізіле бастады (Alipay смартфондары мен Wechat-та бар). Тұрғындар өз аты-жөнін, телефон нөмірін, денсаулығы туралы деректерді, соңғы рет қайда барғаны және ауру адамдармен қарым-қатынаста болған-болмағаны туралы мәліметтерді осы жүйеге енгізеді. Содан кейін осы ақпарат негізінде бағдарлама жасыл, сары не қызыл түске боялады. Жасыл түс емін-еркін жүруге болады дегенді білдірсе, сары түс жанғандар оқшаулануы тиіс. Ал қызыл түс иелеріне медициналық тексеріс, емделу немесе үй карантині тағайындалады. 

Екіншісі: Елді түгелдей бұғаттап тастау

Індет өршіген аумақ түгелдей жабылды. Тұрғын аудандарына кірмек болғандардың температурасын үкіметтік волонтерлер тексеріп отырды. Ғимаратқа кірушілер аяқ киімдерін дезинфекциялауға міндеттелді. Тағы бір қызық жайт: Қытайдағы оқшаулану процесі мүлдем бөлек нәрсе. Мұнда азық-түлік тұрғындардың үйлеріне жеткізіліп тұрды. Билік тіпті адамдардың қанша рет сыртқы есікті ашып-жапқанын телефондағы арнайы аппарат арқылы бақылап отыру жүйесін енгізген.

Үшіншісі: Вирусты анықтайтын тегін тест пен емдеу

Қытай вирусты анықтайтын сынамалар үшін халықтан ақша алмады. Өйткені симптомдары қатты байқалмаған адамдар тексерілмеген жағдайда індеттің таралуы жаңа қарқынға ие болушы еді.

Төртіншісі: Халықты ортақ мүдде үшін жұмылдыру

Осы ретте Қытай қызыл түсті насихаттау баннерлерін қолдану арқылы пандемияның қаншалықты қауіпті екенін халыққа жеткізді. "Бірге тамақтану өлім іздеумен пара-пар", "Туған-туысқандарға қонаққа бару – оларды қатерге тігу", "Үйде болу арқылы партия мен үкіметке көмегің тиеді" деген сияқты ұрандар арқылы адамдарды үйлерінде қалдыра білді.

Бесіншісі: Өте аз уақыт ішінде аурухана салынды

Қытайда коронавирус жұқтырғандарды емдейтін 1000-1300 орындық аурухана салынды. Біріншісін көтеруге небәрі алты күн, ал екіншісін тұрғызуға он бес күн кеткен. Құрылысшылар үзіліссіз күні-түні жұмыс істеген. Бұған дейін, яғни 2002-2003 жылдары бұл елде SARS коронавирусын жұқтырғандарға арналған аурухана жеті күн ішінде салынған болатын.

Алтыншы: Кей дәрігерлердің қабылдауы онлайнға ауысты

Шұғыл емес медициналық көмек пен дәрігерлердің консультациясы онлайн түрде жүргізілді. Бірақ оның салдары өзге аурулары бар науқастарға ауыр тигенімен, бұл да вирустың кең етек жаюына тосқауыл болды.

Жетіншісі: Билік басқа саладағы ірі компанияларды маска шығаруға көндірді

Мысалы, Apple iPhone өндіретін Foxconn өз фабрикаларын қайта жасақтап, бетперде шығара бастады. Сонымен қатар елде медициналық құрылғылардың экспорты тоқтатылды.

Факт: Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының 30 наурыздағы мәліметі бойынша, осы күнге дейін 81470 қытайлық вирусты жұқтырып, оның 90 пайыздан астамы жазылған. Ал 3311-інің ауруы асқынып, қаза тапқан.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу