Алидар Өтемұратов Джек Маның жолын таңдады

17637

Қазақстандық DAR Bazar сауда алаңы өз жұмысын бастады.

Алидар Өтемұратов Джек Маның жолын таңдады

DAR Bazar жобасына салыған жалпы инвестиция көлемі 220 млн теңгені құрайды. Бұл ретте сауда алаңын әзірлеушілер жобаның өзін-өзі қашан ақтайтындығын нақты айта алмай отыр. Десе де, олар OLX және AliExpress (Alibaba Group компаниясына тиесілі) сауда алаңдарына бәсекелес бола алатынына сенімді. DAR ІТ-компаниясының негізін қалаушы Алидар Өтемұратов кәсіпкерлерге жаңа сауда алаңын ғана емес, сондай-ақ логистиканы басқару мүмкіндігін қоса беріп отырғандығын мәлімдеді. Компания екі жобаның негізін қалады. Олар DAR Bazar сауда алаңы және DARLogistik логистикалық кәсіпорны. Осы жылдың көктемінде жобаны әзірлеушілер сауда алаңын пилоттық режимде іске қосты. DAR компаниясының өкілдері платформаның ешқандай шектеусіз, өз жұмысын бастағанын хабарлады.

"Біздің мақсат – серіктестеріміздің табысқа кенелуіне көмектесу және солармен бірге алға басу", – деп түсіндірді Алидар Өтемұратов.

Оның айтуынша, болашақта DAR компаниясында серіктестердің айналымдағы қаржысын қорландыру және клиенттерге бөліп төлеу мүмкіндігін беру құралдары пайда болмақ.

Қызмет түрі сатылымнан түскен комиссиялар есебінен табыс таппақ. Компания өз қызметі үшін тауар тізімдемесіне байланысты 5-7% ұстап отыратын болады.

IT-компания жыл соңына қарай шамамен миллион қолданушыны тартуды көздеп отыр. Алидар Өтемұратовтың айтуынша, бүгінде өндірушілер үшін интернет-дүкен құру қиын шаруа (abctv.kz-тің есептеуінше, интернет-дүкен e-commerce тұрғысынан дұрыс жұмыс істеуі үшін орташа есеппен 50 мыңнан 100 мың долларға дейін қаржы керек). Сондықтан компания осыған басымдық бермек. Ол үшін білікті ІТ-мамандар керек. Мұндай мамандар жоқ болса, онда өзгелердің қызметіне жүгінуге тура келеді. Сондай-ақ өндіруші тауар шығарып қана қоймай, цифрлық маркетинг, SMM, контекстік жарнама бағыттарын да жетік меңгеруі шарт. Ал мұның бәріне көп күш жұмсалады. Алидар Өтемұратовтың сөзінше, басты мәселе – тауарларды сақтау мен жеткізу. Бүгінде өзінің жеке қоймалары мен курьерлік қызметі бар DARLogistik компаниясы аталған мәселелерді өз мойнына алуды ұсынып отыр. Логистикалық компания бұған дейін Lamoda ірі интернет-дүкеніне қызмет көрсеткен екен.

Алидар Өтемұратовтың айтуынша, DAR Bazar-дың өзіндік артықшылықтары бар. Сауда алаңына ең алдымен отандық тауарлар қойылады және жұмыстар өндірушімен тікелей өзімен жүргізіледі. Сондай-ақ меншікті қоймалар мен логистикалық компанияның болуы тауарды жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.

"Клиенттерді көптеп тарту үшін PR саласына қыруар қаржы жұмсау керек. Біз DAR Bazar-ға аяқ киімдерімізді шығарып, комиссия төлейміз. Бұл жарнамаға жұмсалуы тиіс қаржы болатын. Біз үш күн бұрын компаниямен келісімге отырдық. Аяқ киім – өлшеп көруді қажет ететін тауар. Сондықтан интернеттегі аяқ киім сатылымының үлесі 7%-ды құрайды. Бұл ретте, клиенттердің 70%-ы біздің компания туралы интернет арқылы біледі", – деді Shoesrepublic.kz аяқ киім компаняисының директоры Дәурен Раманқұл.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы танымал сауда алаңдарына OLX және satu.kz жатады. Алайда олар отандық дүние емес. Сондай-ақ аталған сауда алаңдарында логистикалық қызмет жоқ. Есесіне, іздеу тұрғысынан алғанда жақсы позицияға орналасқан. 

Қазақстан интернет-қауымдастығың мәліметінше, бүгінде елімізге Alibaba арқылы күн сайын орташа есеппен 8000 сәлемдеме жеткізіледі.  

Сондай-ақ 2016 жылы Астанада өткен бір жиында AliExpress компаниясының ТМД елдері мен Ресейдегі өкілі Марк Завадский Ресейдің соңынан қазақстандық интернет-дүкендер де жақын уақытта Alibaba арқылы сату мүмкіндігіне ие болатынын мәлімдеген еді. Алайда Alibaba үшін бұл жерде логистика ғана емес, жергілікті тауар өндірушілер қажетті тауармен қаншалықты қамтамасыз ете алады деген мәселе де өзекті болмақ.   

ILAB интернет-дүкендер құру жөніндегі компанияның бас директоры Владимир Денисовтың айтуынша, интернет-магазиндер көп жағдайда өз бизнесін аталған серверлерге қызмет көрсетуден бастайды.

"Бұл классикалық схема. Егер DAR компаниясы жобаны сапалы насихаттау мен маркетингті жолға қойса, онда DAR Bazar шағын бизнестің агрегаторы болмақ", – деп есептейді Владимир Денисов.

Оның айтуынша, өкіншке қарай статистикалық деректер сауда алаңдарының өзін-өзі ақтамайтындығын нақтылап отыр. Мәселен мұндай стартап жобалардың 80%-ы қаржының жоқтығынан жабылып тынады екен. Владимир Денисовтың айтуынша, бұл – инвестициялауды қажет ететін толыққанды бизнес.     

"Ресейде жарқын мысалдар жеткілікті. Мәселен, Wikimart. Бұл әртүрлі тауар санатындағы 8000 интернет-дүкеннің басын қосып орырған сауда алаңы. Компанияны 2008 жылы екі студент – Камил Курмакаев пен Максим Фалдин құрған. Олар 2014 жылы ресейлік интернет-миллионерлердің ТОП-100-дігіне енді. Олар өз нарығын ұстап қала алды", – деді Владимир Денисов. 

Оның айтуынша, басқа да мысалдарды келтіруге болады. "Сегіз жыл бұрын Алматыда Қазақстандағы алғашқы бизнес-порталдың тұсауы кесілді. Тұтас қалаға билбордтар ілінді. Жобаға жұмсалған шығын шамамен миллион долларды құрады. Қазақстанның барлық қаласында "Қазақстанның алғашқы бизнес-порталы" ЖШС-ның офистері болды. Алайда жарты жылдан кейін компания жабылып қалды. Әрине, ауқымды болған жақсы-ақ. Алайда бұл бизнесті біртіндеп дамытқан абзал. Бұл спортзалға барып шу дегеннен 100 келіні көтерумен бірдей", – деп түсіндірді Владимир Денисов. 

Еркебұлан Қыздарбек, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу