Әліпбиден әлек іздеп, шатақ шығармау керек

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4947

Жаңа әліпбидің әрібі жыл соңына дейін бекітіледі.

Әліпбиден әлек іздеп, шатақ шығармау керек

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осыдан 5 күн бұрын үкімет үйінде өткен  жиында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруде абай болу қажет екенін айтып, бұл істе орашолақтыққа жол беруге болмайтынын баяндады. Сонымен қатар ол жаңа әліпбидің әрібі жыл соңына дейін бекітілетінін жеткізді.

"Бірнеше нұсқа әзірлеп, оны талқылап, әліпбиді қабылдау қажет. Содан кейін латынға көшу жұмыстарының жоспарын түзу керек. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр", – деді Ерлан Сағадиев.

Оның сөзінше, латын әліпбиіне көшу мемлекет үшін аса маңызды жоба саналады, сондықтан бұл істе асығуға, аптығуға болмайды.

Министрдің мәлімдемесін КТК телеарнасы "Ерлан Сағадиев латын әрпіне көшуге асықпайды" деп айқайлатып, аттандатып берді. Телеарна тілшісі  бүгінгі таңда латын әрпінің бірнеше қазақша үлгісі бар екеніне қарамастан, министрлік жанынан құрылған арнайы комиссия тағы бірнеше нұсқаны ой елегінен өткізейін деп жатқанына қынжылыс білдірді. Сөйтіп ол Қазақстанның жаңа әліпбиге нақты қашан көшетіндігі тағы да белгісіз болып қалды деп дабыл қақты.

Бір қарағанда тілшінің түйінінде ақиқат бар. Бірақ оған ел арасында ұшқары пікір қалыптастырмас үшін елбасының биылғы бағдарламалық мақаласын тағы бір мәрте оқып шығу қажет сияқты.

Қазір әліпби ауыстыру мәселесі  ұстараның жүзінде тұр. Оны басқа қырынан қарастыру ешкімге абырой әпермейді. Ұлтқа жаны ашитын кез келген адам осыны ұмытпауы тиіс.

Латын әліпбиіне көшу бастамасы кеше, я болмаса бүгін көтерілген жоқ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы жариялаған "Қазақстан-2050" стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне ауысатынымызды мәлімдеді. Президент биыл жарық көрген "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында да осы мәселені нықтай түсті.

"Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмысын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер. VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға "Орхон-Енисей жазулары" деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі. V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлы­ғының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді.

Халқымыз ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық атқару комитеті мен КСРО халық комиссарлары кеңесінің президиумы латындандырылған жаңа әліпби – "Біртұтас түркі алфавитін" енгізу туралы қаулы қабылдады.

Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада "Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы" заң қабылданды. Осылайша қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.

Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен "Қазақстан-2050" стратегиясында "2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз.  Яғни 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек", – деп жазды елбасы.

Президенттің пайымынша, латын әліпбиіне көшудің пайдасы көп. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты қажеттілік.

"Мектепте балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан жас буын үшін ешқандай қиындық болмайды. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыс жүргізілуге тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламалық мақаласында.

Мемлекет басшысы жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кирилл алфавиті де қолданыла тұратынын атап өтті. Осының ізінше қоғамда қызу талқылау жүрді. Латын әліпбиіне көшуді қолдайтындар мен қолдамайтындар екіге жарылды. Несін айтасыз, бірнеше ай бұрын басталған талқылау әлі жалғасып жатыр. Көңілге қуаныш ұялататыны, латын әліпбиіне  көшуді қолдайтындардың саны көбейіп келеді.

Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл ғы­лымы институтының маманы, профессор Әлімхан Жү­ніс­бек ерте ме, кеш пе Қазақстан латын әліпбиіне көшетініне сенімді.  

"Біз баршаға ортақ әліп­би нұсқасын жыл соңына дейін әзірлеп, келесі жылы оны меңгертудің әдіс­те­месін қалыптастыруымыз керек", – деді ол.

Латын әліпбиіне көшуді қолдайтындардың қатарында саясаттанушы Айдос Сарым да бар. Ол таяуда қалың көпшілікке өзінің ұстанымы мен ойын жариялады.

Айдос Сарымның пікірінше, кирилл қарпі біз таңдаған мұра емес, күшпен, зорлықпен таңылған мұра. Ол қазақтың төл әліпбиі болып табылмайды. "Кирилл әліпбиі қазақ халқына 1940 жылдан бері қызмет етіп келеді десек те, оны қазақ ұлтының саналы таңдауы деуге болмайды. Кеңес заманында кирилл әліпбиі негізінен қазақ халқын одан бетер отарландырудың, ашығын айтқанда орыстандырудың басты құралдарының бірі болды", – деп жазды саясаттанушы.

Оның пікірінше, біздің қазір қолданып жүрген әліпбиді "қазақ әліпбиі" емес, "орыс-қазақ әліпбиі" деген дұрыс.

"Кеңес заманында қазақ әліпбиі үш рет ауысты деп жатамыз. Әліпбиіміз шын мәнінде айналасы 30 жылдың ішінде үш рет ауысқанын ұғып-білуіміз қажет сияқты. 1920 жылдардың аяғында араб қарпінен латын қарпіне, ал 1939-40 жылдары латын қарпінен кирилл қарпіне өттік. Соның өзінде қазақ тілі күшінен, бөтен ықпалға қарсы төтеп бере алар иммунитетінен айрылмаған еді. Кірме сөздер, атаулар, терминдер қазақ тілінің табиғаты мен құрылымын бұзбаған болатын. Сол кездердегі газеттер мен кітаптарды оқыған азаматтардың барлығы бұған куә. Алайда 1950 жылдары қазақ тілі мен тіл ғылымына екінші бір үлкен қиянат жасалды. 1950 жылы 20 ақпанда Иосиф Сталиннің "Марксизм және тілтану мәселелері" атты мақаласы жарық көріп, соңынан бөлек кітапша болып шықты. Осы мақаладан кейін бұрынғы Кеңес одағының барлық республикасында тілдік жағдай мен саясатты "сталиндік жолға" салу саясаты басталып кетті. Осының нәтижесінде елімізде тағы бір тілдік реформа жүзеге асып, қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты жаңа заңдылықтар қабылданып, күшіне ене бастады. Тілімізге жаңа әріптер еніп, "орыс тіліндегі сөздер мен атаулар орыс тілінде қалай оқылып-жазылса, қазақ тілінде де солай оқылып-жазылуы керек" деген қағидаттар қабылданды. Осы кезден бері қазақ тілінің жағдайы, оның табиғи қарсыласу механизмдері, ағзасы әлсіреп, сыр бере бастады десек артық айтпаймыз. Егер ашығын айтсақ, осы кезден бастап біздің әліпбиді "қазақ әліпбиі" емес, "орыс-қазақ әліпбиі" дегеніміз қай тұрғыдан да шындыққа саяды", деді Айдос Сарым.  

Ол латын қарпіне көшуге болмайды деген сөзді жоққа шығарды.

"1929 жылғы латын қарпіне өту қазақ тарапынан, қазақтың бетке ұстар элитасы тарапынан қарсылық көрген үрдіс болатын. Большевиктер қазақты неге латын қарпіне көшірді деген сұраққа жауап ізделікші. 1926 жылы Қазақстанға басшы болып келген Голощекин бұл жерде ешқандай өзгеріс болмаған, қазақтар әлі де жаңа режимді қабылдап жатқан жоқ, сондықтан "кіші Қазан төңкерісін" жасау керек деген ұран тастағанын баршамыз жақсы білеміз. Себебі діліне, тіліне, дініне берік қазақ халқы қанқұйлы большевиктік эксперимент ұсынған тәсілдер мен әдістерді қабылдай алмады. Ұлттың иммунитеті, жатқа қарсыласу, қарсы тұру тетіктері мықты болатын. Оны құрту үшін қазақты рухынан, ділінен, дінінен айыру қажет еді. Латын қарпіне көшу, айналып келгенде, қазақты діні мен ділінен айырудың құралы ғана болатын. Бұл – қазақтар өзіне дейін бабалары жүрегімен қабылдап, санасына сіңірген дінінен айырылсын деген саясат. Бірінші кезеңде қолына қалам ұстаған зиялыны, қазақтың байларын, молдаларын қудалап, атып-асып, итжеккенге айдады. Екінші кезенінде барша халықты "ескі" сауаттан айырып, жаңа "сауатқа" көшірді. Сол үшін де латын қарпін енгізді. Ұлт көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов атамыздың қарсы болғаны да осыдан! Алайда саяси шешім қабылданғаннан кейін Ахаңдар жаңа латын әліпбиінің ұлт мұраты мен міндетіне қызмет етуі үшін көп еңбектенді. Сондықтан Ол латын қарпіне көшуге болмайды деген сөз негізсіз", – деді саясаттанушы.

Айдос Сарым ешбір елде, ешбір мемлекетте тағдырлы шешімдер мен реформалар мамыражай жағдайда жүзеге аспағанын, сондықтан әліпби ауыстыруды экономикалық жағдаймен байланыстырмау қажет екенін түсіндірді.

"Реформалар көбіне-көп өткір қажеттіліктен, шарасыздықтан туындайды. Мысалы түркі халықтары латын қарпіне ең қиын, ең ауыр кезеңде өтіп кеткен болатын. Оның өз қисыны да бар. Себебі тілдік реформалар басқа да күрделі үдерістермен,  экономикалық немесе басқа да қиыншылықтармен бірге жүріп отырды", – деді ол.

Латын қарпіне өту үшін ұзақ уақыт бойы мыңдаған маман дайындау қажет деген уәжге Айдос Сарым: "Латын қарпіне өту – басқа тілді, басқа ғылымды не мамандықты меңгеру емес. Қазақ тілі – қазақ тілі болып қала береді. Тек соны таңбалау тәртібі өзгереді. Белгілі бір уақыт ішінде барша ұлт, барша мемлекеттік тілдің тұтынушылары партаға отыруға міндетті болатыны анық. Алайда бұл үшін бес жыл бойы университетте маман дайындаудың қажеті жоқ" – деді.

Ол "Қазақстан латын қарпіне өтуге техникалық тұрғыдан дайын емес деген пікірді" мақұлдамады.

"Бұл жаңсақ пікір. Бүгінде латынға көшуді қамтамасыз ететін барлық сала мен өндіріс көздері жасақталған. Бір ғана латын қарпіне өту науқаны барша графикалық дизайн, көркемдеу саласына көптеген инвестиция тартатын болады. Себебі үй мен ғимараттағы маңдайшадан бастап, баспа, жарнама, ақпарат саласына орасан өзгеріс алып келеді. Осы саланың мамандарына деген сұраныс артады. Қалаларымыз бен ауылдарымыздағы кирилл қарпінде жазылған дүниелерді жүйелі түрде жаңа әліпбиге көшіру түбі бірнеше жылға созылады. Бұл өз кезегінде, мемлекет пен бизнестің өзара ынтымағын, ауызбіршілігін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қажет ететін күрделі үрдіс" – деді ол.

Оның ойынша, латын қарпіне өткен кезде аға буын рухани ортадан тыс қалады деген қауіп бар екен. Бірақ осылай екен деп қарап отыруға болмайды.

"Жаңа әліпбиге көшу аса күрделі үдеріс және баршаға бірдей үлкен психологиялық, танымдық салмақ. Әрбір күрделі үдерісте жеңетіндер мен жеңілетіндер болуы заңды. Әрбір шынайы, үлкен өзгерістің құны мен бағасы бар. Егер қарттарымыздың белгілі бір бөлігі заман көшіне ілесе алмайды десек, бұл да осы тың өзгерістерді жүзеге асыру үшін төленетін құн.

Ең бастысы, тағы да қайталап өтейік, қазақ тілі өзгеріссіз қалады. Радио, теледидар қазақ тіліндегі жұмысын жүргізе береді. Алғашқы кезде газет-журналдар қоғамды үйрету үшін қос графикада қатар жасалып, бірте-бірте толықтай латын қарпіне көшуі де ықтимал. Алайда бұл үрдістер қарттарымызды мүлдем оқшаулап, изоляцияға апарады дегеніміз қисынға келмейді. Біздің латын қарпімен оқыған ата-әжелеріміз кирилл қарпін толықтай меңгермесе де қалаға келіп адасып кеткен емес. Қарым-қатынас, коммуникация құралдары дамып, өркендеген интернет заманында жаңа графикаға, жаңа символикалық ортаға бейімделу әлдеқайда тез, ауыртпалықсыз жүреді деп ойлаймыз" – деп жазды Айдос Сарым.

Айта кетейік, биыл 24 сәуірде аbctv.kz-ке "Биттің қаупінің күштілігі сонша, тонды отқа салуға тура келеді" деген мақала жарияланды. Онда тарихшылар мен ғалымдар латын қарпіне көшуді жеделдету керек екенін ашық айтты. Тарихшы Талас Омарбеков: "Елбасы мұны бірнеше рет айтты және  2025 жылға шегеріп жатқанын білеміз. Биыл әліпбиді анықтап, келесі жылы маман даярлап, оқулық шығару қолға алынсын деген мәселені көтерді. Меніңше, өте дұрыс. Кешіктірудің қажеті жоқ. Бірақ мынаны есте ұстау керек. Біздің халқымыз латын әрпін толық меңгерген жоқ. Оның алдындағы араб қарпін де меңгерген емес. Өйткені араб қарпі Ахмет Байтұрсынұлының редакциялауымен бұрынғы шағатай жазуының үлгісімен салыстырыла отырып, жаңаша жазылған. Сондықтан Ахаң да сол әріпті сақтап қаламын деп талай айтыс-тартысқа барды. Ал енді мұндағы қиыншылық мынау. Біздің тарихты оқыған кейінгі толқын қазақ-орхон жазуын да, араб әрпін де, латынды да меңгеріп алған. Содан кейін кириллицаға көштік. Яғни бұрынғы ұрпақтың бәрі кириллицаны қалай судыратып оқысақ, бәрін де солай оқыған екен деп ойлайды. Сол жағын елге анықтап түсіндіруіміз керек. Шын мәнінде латын қарпі киіз үйлерде сауат ашу науқаны кезінде үйретілген. Қазақтың көпшілігі сондай болды. Латын әрпін толық меңгерген жоқ. Жекелеген әріптерді ғана білді. Меніңше, араб қарпінен латынға, одан кириллицаға көшу халықты мәңгүрттендіру үшін, орыстандыру саясатын күшейте түсу үшін жүргізілді. Ал ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, біз отарлаған империядан алыстауымыз керек. Ең бастысы – орыстандыру саясатынан қол үзу қажет. Ал кириллицамен біз ешқашан бұл саясаттан құтылмаймыз. Өйткені Абай сияқты сынасақ, қазақтың өзі мәңгүрттендіру саясатына байланысты бірнеше топқа бөлініп кетті. Біріншіден, Ресейге көшуге дайын отырған орыс-қазақтар бар. Екінші, орысша оқығанмен, жүрегі "қазақ" деп соғатын орыстанған қазақтар бар. Үшінші, ұлт дегенде жанын беретін, "қазақ аман болса болды" деген шектен шыққан радикалдар бар. Төртінші, басқа ұлтпен салмақты түрде салыстыра қарайтын, өз ұлтын жақсы көретін қазақтар бар. Империалистік саясат қазақты осындай дәрежеге жеткізді. Петропавл, Павлодар атауын ауыстыра алмай жүргеніміз, қазақтың әлі толық тәуелсіздік алмағаны дегенді айттым. Бұл мәселені ашық айтпасақ болмайды. Латын қарпіне көшіп, өз ішіміздегі азаматтарға сауал тастауымыз керек. "Мына әліпбиге көшсең бізбен біргесің, көшпесең, өкпелеме іргеде тарихи отаның тұр...", – деп ашық айтатын кез келді", – деді. Ал белгілі ғалым Дандай Ысқақ: "Осы уақытқа дейін саяси жағы кідіріс тудырды. Отарсыздандыру процесі жүрмей, кешігіп қалдық. Шын мәнінде, 25 жылға кешіктік. Тәуелсіздік алған жылдары екпінмен, қарқынмен бастап кету керек еді. Біз "әліптің артын бақтық". Ол да дұрыс шығар. Тілді қолға аламыз деп бүлініп жатқан елдер де бар. Қазір саяси билік бұл жағдайды қолға алды. Әлемдік жағдай дер кезінде күн тәртібіне қоюға түрткі жасады. Қазір бірнеше нұсқалары айтылып жатыр. Ең негізгі нұсқа – қазақтың барлық төл дыбыстары енген ұлттық әліпбиі болуы керек. Екінші,  қазіргі техника жетістіктеріне байланысты ағылшынның дайын әліпбиін алып, қазақтың бар дыбысын салайық деген пікір бар. Бірақ мұнда ұлттық дыбыстар қалып қояды. Үшінші, қазақтікі де, ағылшындікі де емес, түркі халықтарының бірлігін қамтамасыз ететін түркі әліпбиін жасайық дегендер болды. Түркі кеңесі 1990 жылдары 34 әріптен тұратын ортақ әліпби жасады. Сондықтан латынға көшкен елдердің тәжірибесін пайдаланып, түркілік ортақ әліпби жасайық деген де пікір айтылуда. Мысалы, түріктер латынға көшкенде екі-үш дыбысты жоғалтып алыпты. Олар осыны ескеруге кеңес берді. "Қазақстан ортақ түркілік әліпби жасаса, жаһандануға жұтылып кетпес үшін біз де қолдар едік. Науқан басталып кетті. 25 жыл бойы ұлттық мемлекет ретінде ұлттық мәселелерді көтере алмай келдік. Кейбіреулер "Бұл саясат қой" деп сенгісі келмейді. Биыл әліппе қабылдап, 2025 жылы көшуіміз керек деген бүгін ғана айтылған сөз емес. Бұл 10 жыл бұрын да елбасының стратегиялық бағдарламаларында бар болған. Комиссия құрылып, жалпыхалықтық талдау ұйымдастырайын деп жатқан соң сенуге болады", – деген пікір білдірді.

Өз кезегінде саясаттанушы Дос Көшім қай тілді таңдап алудан гөрі, қай жазудан құтылу мәселесі маңызды екенін алға тартты.

"Павлодардың атауын ауыстыруға байланысты жиын өткізгенде тұрғындар әртүрлі атау айтып дабыра болды. Әңгіме қандай атау беруде емес, Павлодар атауынан құтылуда. Сондықтан ең бірінші мәселе – кириллицадан құтылу. Біздің немерелеріміз 200-ден астам ресейлік газетті оқи алмайтын жағдайға жетуі керек. Орыстың идеологиясынан құтылу қажет. Біреулер "Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма" дейді ғой. Осы жолы биттің қаупінің күштілігі сонша, тонды отқа салуға тура келеді. Шындығында, реформа жасау оңай емес. Бір ғасырдың ішінде бір жерге үш рет операция жасау қиын. Біз де үшінші мәрте отаға түскелі жатырмыз. Бірақ мұның бәрімізге керектігі айдан анық. Бұл мәселеге кешенді түрде келген дұрыс. Қорқатын нәрсе – атқарушы билік қандай реформа жасаса да біз, елбасы ойлағандай тиянақты атқаратынына сенбейміз. Біріншіден, реформаны орыстілді қызметкерлер шын көңілден жасай ала ма? Олар мемлекеттік, ұлттық реформа десе, шалқасынан түседі. Екіншіден, 25 жылдан кейін де "кириллицаға адамдар үйреніп алдық, латынмен қатар жүре тұрсын" десе, онда алысқа бармаймыз. Әуелі әңгіме латын тілін үйреніп, содан кейін көшеге жазу емес, алдымен көшедегі мекеменің бәрі латынша жазылып, жұрт содан үйренуі керек. Қазақтың өз арасында да кері тартатындар бар. Мәселе туындаған сайын ондай пікір айтушылар қылаң береді. Адам тыныш өмір сүргісі келеді. Қиыншылық болады. Бүкіл халық, билік болып жұмыс істейтін кез осы. Бар салмақ зиялы қауымға түседі", – деді ол.

Еркеғали Бейсенов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу