Алма, қызғалдақ, Алтай мен жылқы қазақ елінің жаһандық брендіне айналады

7543

Қазақстанда ойын-сауық индустриясына қаржы салатын бизнес өкілдері де туризм субъектісі мәртебесіне ие болып, жеңілдіктерге қол жеткізуі мүмкін.

Алма,  қызғалдақ, Алтай мен жылқы қазақ елінің жаһандық брендіне айналады

Бұл мәлімет "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасында өткен "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының таныстырылымы рәсімі кезінде жария етілді. Жиынға КҰП өкілдері сыртында, мәдениет және спорт министрлігінің басшылығы және өңірлердегі туристік бизнестің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында жақында жаңадан түңлігін түрген "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ-ның басқарма төрағасы Рашид Күзембаев осы салада нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлерді ұлттық компания қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды. Оның айтуынша, "Kazakh Tourism" маркетинг және ілгерілету, ақпараттық-сараптамалық қолдау, секторға инвестицияларды тарту және қазақстандық осы саланың біліктілігін дамытумен айналысатын болады.

Рашид Күзембаев Қазақстанның туристік өнімін өз ішімізде және шетелде ілгерілету бойынша бірыңғай саясатты да жаңа құрылған ұлттық компания қалыптастыратынын хабарлады.

"Сол бірыңғай саясаттың аясында елдің "туристік бренді" түзілетін болады. Бұл ретте басымдықты кластерлердің бәсекеге қабілетті туристік өнімдеріне, сондай-ақ "Алма отаны", "Қызғалдақ жолы", "Ұлы Жібек жолы", "Алтай – өркениеттердің бесігі" және "Жылқыны қолға үйрету" деп аталған 5 қосалқы брендке баса мән беріледі. Осы аталымдар негізінде елімізде "Apple fest", "Tulip Way" және тағы да басқа тақырыптық фестивальдер ұдайы өткізіліп тұратын болады", – деді "Kazakh Tourism" басқарма төрағасы

Әрине, туризм саласының ары қарай да мемлекет мойнында масыл болып отыра беруі жарамайды. Сондықтан ұлттық компанияға ел үкіметі салаға инвесторларды тартуды жүктепті. Осы орайда жаһан жұртшылығын елең еткізетін, туристер үшін тартымды болатын жобаларды жүзеге асыруға екпін түсірілетін көрінеді. Өз кезегінде мемлекет "Kazakh Tourism" арқылы сондай ірі жобаларға тең инвестор ретінде қаржы салуға әзір екен. 

"Қазіргі кезде "Атамекен" КҰП мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, туризм секторын басымдықты салалар тізіміне қосу бағытында қимылдауда. Егер аталған тізімге қосылса, біздің саладағы бизнесмендерге де жеңілдік-преференциялар беріледі. Сондай-ақ ұлттық палата мен министрлік мемлекеттік-жекеменшік серіктестік формаларын түзу, даму институттарымын және халықаралық қаржы ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау бойынша жұмыс жүргізуде", – деді Рашид Күзембаев.

Сонымен бірге алда туризмді дамыту мақсатында қолданыстағы заңнаманы өзгерту көзделуде екен.

"Бірінші кезекте, уәкілетті органмен және "Атамекен" палатасымен бірге, біз "туристік қызмет субъектілерінің" тізімін заңнамалық түрде кеңейтуіміз қажет. Қазіргі кезде заңға сәйкес, бұл тізімге тек туроператорлар, туристік агенттіктер, гид-бағыттаушылар, экскурсияшылар ғана кіреді. Ал дұрысында, туристік қызмет субъектілері қатарына туристік инфрақұрылымды, ойын-сауық индустриясын және басқаларын дамытуға инвестиция салатын барлық компаниялар мен кәсіпорындар кіруі тиіс", – деді ұлттық компания басшысы.

Ол туризм саласының өте маңызды екенін, себебі, көптеген басқа да салалар мен бизнес түрлерінің дамуына септесетінін айтады.

Бұл ретте "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ мен "Атамекен" КҰП арасында туризм саласын дамытудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып отыр. Құжатқа сәйкес, ұлттық компания мен бизнес орта "қазақстандық туристік өнімді дамыту және тарату", "ішкі және сыртқы нарыққа талдау мен зерттеу жүргізу", "шетелдік тәжірибені зерделеу" бағыттарында тізе қоса қимылдайтын болады. Бұған қоса, мемлекет пен бизнес бірігіп, "елге келетін шетелдік туристердің қатарын ұлғайту үшін әлемдегі анағұрлым перспективті, нысаналы нарықтарды анықтайтын және сол нарықтарға шығу үшін тиімді шараларды іздейтін" болады.

Сонымен қатар олар отандық туристік бизнестің мүддесін ілгерілетуге бағытталған іс-шараларды да бірлесе ұйымдастыруға, туристік нарық үшін қажетті ақпараттық және сараптамалық өзара қолдау көрсетуге келісті.

"Атамекен" палатасы басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, бірлескен іс-қимыл бұрын да болған, бірақ қазір ол жаңа форматқа шығып отырған көрінеді. Себебі, бизнеске басқа да міндеттемелерімен шектен тыс жүктелген шенеуніктермен келіссөз жүргізгеннен гөрі, салалық жеке ұйыммен істес болу әлдеқайда қолайлы.

"Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бизнес-қоғамдастықпен бірге, соңғы екі жыл бойы туризм бойынша бөлек "ұлттық кеңсенің" құрылуы мәселесін көтеріп, ақыры соған қол жеткізді. Бүгінде ол кеңсе ұлттық компания форматында құрылды. Бизнес қоғамдастық та, тұтастай алғанда бүкіл туризм саласы да "Kazakh Tourism" акционерлік қоғамына көп үміт артып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс енді ашық болуға, әрі ол бірлескен ынтымақтастықта атқарылуға тиіс. Бұған жаңа қол қойылған келісімнің көмегі тиеді деп ойлаймын", – дейді Юлия Якупбаева

Айтқандай, сәрсенбі күні мәжіліс мақұлдаған алдағы үш жылдың бюджетінде туризмді дамыту саласына бағытталатын шығындар 2017 жылмен салыстырғанда бірден бес есеге арттырылуда.

Нақтырақ айтсақ, келесі жылы республикалық бюджеттен "ұлттық туристік өнімді қалыптастыруға және оны халықаралық нарықтар мен ішкі нарықта ілгерілетуге" 1,1 миллиард теңге бағытталатын болады.

Мәдениет және спорт министрлігінің түсіндіруінше, бұл тек бір жылғы шығын ғана. Жалпы алғанда, туристік брендті түзіп, әлемге таныту үшін 2018-2020 жылдар аралығында бюджеттен 3,23 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отыр. Бұл соманы барлық министрліктер де, үкімет басшысы да, ел парламенті де құптапты.

Сондай-ақ "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының төл бюджетінің көлемі де анықталды: ол 635 миллион теңгені құрайды.

Белгілі болғандай, Қазақстанды саяхаттауға лайықты әрі қолайлы жер ретінде халықаралық деңгейде және өз ішімізде насихаттауға да миллиондап қаржы жұмсалмақ. Оның біраз бөлігі шетелдік ақпарат құралдарында орналастырылар жарнамалық материалдарға шығындалатын көрінеді. Атап айтсақ, алдағы жылдары Қазақстанның осы саладағы мүдделерін ілгерілету үшін BBC Word News веб-порталына 124 миллион теңге берілетін көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу