Алматы агломерациясы

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
5934

Алып шаһар миграция мен урбанизацияның тартылыс нүктесіне айналды. 

Алматы агломерациясы

Алматы елімізде урбанизация жедел жүріп жатқан қалалардың көшін бастап тұр. 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыда ресми түрде 1,7 млн адам тіркеліпті. Бұл - Алматыға Қарасай және Іле аудандарының бірнеше елді-мекені қосылғаннан кейінгі жаңартылған дерек.

Мамандардың айтуынша, Алматының қазіргі қолданыстағы бас жоспары 15 жыл бұрын қабылданған. Аталған құжат бойынша Алматы тұрғындарының саны 2020 жылдары 1,5 млн адамға жетеді деп болжанған екен.

Бірақ Алматы жоспардағы 1,5 млн көрсеткішке  3 жыл бұрын жетіп, белгілеген межеден 200 мың адамға асып кетті. Сол себепті 2013 жылы оған түзету енгізіліп, Алматының бас жоспары 2030 жылға жоспарланды. Соған сәйкес, Алматыға 2020 жылы 2 млн 100 мың адам, 2030 жылға дейін  4 млн адам тіркеуге тұрады. Бұл Алматының коммуникациялық желілері осынша  адамға лайықталған деген сөз. Бұл құжат жүзіндегі мәлімет.

Алматының 2020-2030 жылдардағы бас жоспары туралы аталмыш құжаттың жұмыс тобында болған архитектор Аманжол Чеканаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында агломерацияны ғылыми түрде басқаруды үйренуіміз қажет екенін айтыпты. Себебі Алматы, Шымкент сияқты миллионер қалалар миграциялық күш­тер­ді өзіне тартып, урбанизациялық үдерістің жүгін жеңілдетіп тұрған контр-қалалар ретіндегі рөлін әлсіретіп алыпты. Сол себепті Алматы тәрізді  контр-қалаға спутник қалалар жаңа тыныс әкелуі тиіс. Себебі Алматы миграция, ішкі-сыртқы көші-қон, урба­низация үдерісімен бетпе-бет қа­лып отыр. Шаһарға ағылған миграциялық күштерді тоқтатуға шамамыз келмей қалыпты. Алматының бас жоспарының қайта-қайта өзгертіле беруінің негізгі себебінің бірі осы екен.

Саясаттаншуы, әлеуметтанушы Әзімбай Ғали биліктің ықыласы тек үлкен қалаларды дамытуға ауып кеткенін айтады. Шағын елді мекендерді, қалаларды дамыту туралы бағдарлама болғанмен, ол тоқтап тұр. Үкімет бұл ретте шағын және орта бизнестің мүмкіндігінен үміттенген еді. Бизнес әзірге Алматы тәрізді үлкен қалалардан кетуге асығар емес. Шағын елді мекенге барып, бәрін жаңадан бастауға қорқады. Қазір үлкен қалалар арасында, әсіресе Алматы мен Астана арасында миллионер қала атану бәсекесі жүріп жатыр. Миллионер қалалардың бюджеті де қомақты болады. Қомақты бюджет кейбіреулер үшін алтын балық. Саясаттанушының пайымдауынша, бүкіл ел бойынша демографиялық өсімнің ала-құла болуына дәл осы саясат зиянын тигізіп отыр.

"Миллионер қала атану қазір тренд емес. Париж, Лондоннын өзі миграциялық жүгін айналасындағы шағын елді мекендермен бөлісуге тырысып жатыр. Меніңше бұл көзқарас - Ресейде 2000 жылдардың бас кезінде жоба ретінде талқыланып, мақұлданбай қалған сәтсіз жобаның көшірмесі. Қазір Ресейде Мәскеу, Санк-Петербург тәрізді тұрғындары 30-40 млн-нан асып кеткен қалаларға жақын орналасқан ауылдарға қала үлгісіндегі елді-мекен мәртебесін беріп, екі қаладағы кәсіпорындарды сол жаққа қарай көшіріп жатыр. Соңғы бірер жылда Ресейдің қалталылары сол елді мекендерге қаржы салып, егін егіп, мал басын көбейте бастады. Бұл ресейліктер үшін тиімді болды. 2016-2017 жылдары Мәскеу мен Санк-Петербургте тіркеуге тұрғысы келетін ресейліктердің саны өткен жылдармен салыстырғанда 7,2%-ға азайыпты. Ресей билігі осы шешімі арқылы екі қаланың бұзыла бастаған экологиясын сауықтыруға қадам жасады. Елсіз, босап қалған  елді-мекендерге ел қондырды", - дейді Әзімбай Ғали.

"Алматының сейсмикалық, экологиялық мүмкіндігі 2-3 млн адамға пана болуға қабілетті ме? КСРО кезінде бұл мәселеге деген көзқарас қандай еді?" деген сұрақты 1980 жылдары Алматы қаласын басқарған қоғам қайраткері Кеңес Аухадиевке қойдық.

"Мәскеу тұрғындарының 15 млн-ға, іргеміздегі Ташкент тұрғындарының 7 млн-ға жеткені бізге әсер етті. Миллионер қалаларға берілетін жеңілдік те жақсы еді. 1981 жылы Алматы миллионер қала атанды. Метрополитен құрылысын бастау туралы шешімге қол жеткізілді. Бірақ кейін Дінмұхамед Қонаев оңаша әңгімеде "Бұл шешіміміз дұрыс болды ма?" деп ойланатын.  Себебі Алматының 1980 жылдардағы сейсмологиялық және экологиялық мүмкіндігі 800 мың - 1 млн адамға арналған еді. Одан бері біраз уақыт өтті.  Алматының 2 млн адамды көтере алатын сейсмикалық технологиясы жетілдірілген шығар", - дейді  Кеңес Аухадиев.  

Эколог-ғалым Марат Құсайынов Кеңес Аухадиевтің пікірін қолдайды.  Ғалымның айтуынша, 1980 жылдары Алматыдағы демографиялық-миграциялық ахуалдың тепе-теңдікте тұруының экономикалық себептері бар. Кейбір зауыттар, фабрикалар Алматыға жақын жердегі ауылдарда орналасты. Алматының іргесіндегі Қапшағайда ыдыс-аяқ шығаратын зауыт, Қарғалыда  негізі 1910 жылы қаланған жүн-мата фабрикасы жұмыс істеді.    

"Алматының экологиясы, сейсмикасы қанша тұрғынға лайықталды деген мәселе 1980 жылдардан кейін кешенді түрде зерттелген емес. Себебі қаланың жағдайын, мүмкіндігін жан-жақты зерттеп, тиісті орындарға хабарлап отыратын ғылыми-зерттеу институттары жабылып қалды. Біз Алматыны кеңіту туралы шешім қабылдағанда қаланың экологиясы, сейсмологиясы жайлы кешенді зерттеу жүргізуіміз керек еді. Себебі қала ластанған ауаны жел көтеріп алып кететін жазық далада емес, тау баурайындағы қазандықта орналасқан. Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан көп қабатты үйлерде немесе қала сыртындағы жеке меншік үйлерде сейсмикалық және экологиялық талаптар сақталынып салынып жатыр дегенге сенбеймін", - дейді Марат Құсайынов.

Сонымен Алматы үлкейіп, етек-жеңін, аяқ-қолын жан-жаққа созып, миграциялық магнитті нүктеге айнала бастады. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы халықаралық мигранттардың үлесі республика тұрғын­дарының 20,4%-ын құрайды. Бұл – Қаз­ақстанның әрбір бесінші тұрғыны шетелдік мигрант дегенді білдіреді.

Аса сенімді емес дерек көздері Алматыдағы мигранттардың үлесі қала тұрғындары үлесінің 25%-на жетіп қалғанын айтады. Алматыға тіркеуге тұрған 1 млн 700 мың адамның қатарында олар жоқ.

Алматыдағы мигранттардың үлестік көрсеткіші әлемде ең көп мигрант қабылдайтын мемлекет – АҚШ-тан асып кетіпті. 2017 жылғы БҰҰ мәліметі бойынша мигранттар саны Америка тұрғындарының 13,5%-ды арта қалдырған. АҚШ тұрғындары ресми биліктен мигранттарды шектеуді талап ете бастады. Мигранттар үлесі 12%-дан асып кетті деп Еуроодақ елдері де қозғала бастады. Халық санындағы мигранттар үлесі жөнінен ТМД елдерінде Ресей мен Қазақстан көш бастап тұр.     

Миграция жөнiндегi халықаралық ұйымның өкiлi Павел Шлиппек Алматыда жұмыс істеп жүрген Өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Қырғызстан және Қытай азаматтарын шартты түрде 3 топқа бөледі. Біріншісі -  тек маусымдық жұмыстарға келетіндер, екіншісі - уақытша жүргендер, үшіншісі - Алматының тұрғылықты тұрғыны болуды көздейтіндер.

Ресми емес дерек Алматыдағы қара базарларда сауда жасап тұрған Қытай, Иран, Пәкістан елінің азаматтары шаһарға жаңадан қосылған аудандардан жер телімдерін сатып алып, балаларын орыс мектептеріне беріп жатқанын айтады. Бұл Алматы тәрізді стратегиялық орны бөлек ару қаланы ұлттық болмысынан адастырып, онсыз да олқы түсіп тұрған этникалық құрамының ала-құла болып кетуіне себеп болатын қауіптің басы.       

Қала билігі Алматының аумағы алдағы уақытта да ұлғая береді деп отыр.   Үкімет бекіткен бас жоспарда 2020 жылға қарай шаһарға 1 мың 500, ал 2030 жылға қарай тағы 7 мың гектар жерге ұлғайып, Алматының айналасынан спутник қалалар қосылатынын айтып отыр. Ал мамандар спутник қалалар Алматының миграциялық жүгін жеңілдете алатынына күмән келтіреді.  

Архитектор-сәулетші Жанат Айтілеу Алматы билігінің бұл ұсынысқа әу бастан қарсы болғанын айтады. Себебі спутник қаланың тұрғындары Алматыда жұмыс істейді, сауда орындарына келеді. Бұл көлік кептелісіне, экологияға әсер етеді. Қысқасы ол қалалар тек қана Алматының ұйықтайтын бөлмесі міндетін атқарумен шектеліп, шаһардың экологиялық жағдайына кері әсер етеді.  

"Бұрын КСРО кезінде "қала үлгісіндегі елді мекендер" деген ұғым болды. Ондай қалалар тұрғындары 700 мың - 1 миллионға жетіп қалған үлкен  шаһарлардың жанында салынды. Олар үлкен қалалардың миграциялық жүгін жеңілдетті, азық-түлік белдеуін атқарды. Маман ретінде Алматыға елді мекендерді қоса бергеннен гөрі, оларды шағын қала деңгейіне көтерген дұрыс деп ойлаймын. Сол кезде оның тұрғындары Алматыда емес, өз қаласында-ақ кәсібін жалғастыра береді", - дейді Жанат Айтілеу.   

Архитектор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тимур Сүлейменов  Алматы инфрақұрылымына жаңаша көзқарас қажет екенін, "жаңа аймақтардың инфрақұрылымын уақыттың өзі реттеп алады" деп арқаны кеңге салуға болмайтынын айтады.

Алматыда әрбір гектарда 5 мың адам отыр. 5 мың адамның 1,8 мыңы тектоникалық белдеуде өмір сүруі әбден мүмкін. Себебі Алматының  сейсмологиялық ықшам аудан картасы 1983 жылы жасалған. Карта  топырақтың ықтимал құбылуларының спектральды сипаттамасы, тектоникалық жарылу аймақтарының ені мен жарылулардың халық шаруашылығы нысандарына әсер ету аймақтары анықталмаған кезінде дайындалған. Сейсмология ғылымы 1983 жылмен салыстырғанда 100%-ға жаңарды.

"Сондықтан қаланың айналасында жаңадан салынып жатқан мөлтек аудандар алдағы жиырма жылдықтарда "хрущобаларға" айналмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Біз Гершберг, Кацев, Ухоботов, Ратушный, Рипинсий сияқты архитектуралық мектепті жоғалтып алдық. Алматыда бір-бірін толықтырып тұратын архитектуралық ансамбль жоқ. Маман ретінде мен Алматыны 1,7 миллиондық тұрғынмен шектеп, қала маңындағы елді мекендерге шағын қалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде қала мәртебесін беруді жақтаймын. Біз сол кезде ғана Алматы экологиясын тұрақтандырып, сейсмикалық болжалды шығындардың алдын ала аламыз", - дейді Тимур Сүлейменов.   

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу