Алу – on-line, бару – of-line

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3203

Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, клиенттерге қашықтықтан сәйкестендіру арқылы қаржылық қызмет көрсетпекші.

Алу – on-line, бару – of-line

Болашақта бірде-бір банктің  есігін ешқашан ашып көрмеген адамдарға of-line жағдайда on-line әрекет ету мүмкіндігі беріледі. Бұл – жеке тұлғалар қаржы ұйымына бас сұқпастан есепшоттарын басқарады және несие рәсімдей алады деген сөз.

Ұлттық банктің төлем жүйелері департаменті директорының орынбасары Әсем Мадиярованың мәлімдеуінше, қаржы реттеушісі "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржы секторында жеке тұлғаларға қашықтықтан қызмет көрсету бастамасын көтерген. Сөйтіп мәселені үкіметпен, екінші деңгейлі банктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтаған. Нәтижесінде қашықтықтан сәйкестендіру жүйесі қаржы  нарығының цифрландырылуына серпін береді деген байлам жасалып,  жоба қолға алынған.

"Біз қаржылық қызмет түрлерін банкке келмей тұтынып жүрген адамдардың саны көбейіп келе жатқанын білеміз. Бүгінгі таңда олардың жалпы саны 9 миллионнан астам адамды құрап отыр. Ақша аударымдары мен түрлі төлемдер интернет және мобильді банкинг арқылы жүзеге асырылып жатыр. Осының барлығы болашақта қаржылық қызмет түрлерін қашықтықтан сәйкестендіруге түрткі болды", – деді Әсем Мадиярова.

Қолданыстағы заң бойынша, банктің қаржылық қызметіне жүгінгісі келген азаматтар міндетті түрде қаржы ұйымына бас сұғуы тиіс. Банктен есепшот ашуға да, несие рәсімдеуге де осы талап қойылады.

Қаржы реттеушісі бұл клиенттер үшін қолайсыз әрі кедергі келтіретін талап екенін алға тартты.

"Біз жүзеге асыруды көздеп отырған жоба екі ұстанымға негізделген. Біріншісі, жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорына қолжетімділік, екіншісі, биометрия. Біз соңғы ұстанымның болашағы зор және алаяқтықтың алдын алудың бірден бір жолы деп білеміз. Ұсынылып отырған механизм өте қарапайым және клиенттер үшін ыңғайлы болады. Қаржылық қызмет алғысы келген адам барлық операцияны ЖСН-нін (жеке сәйкестендіру нөмірі) енгізу арқылы жүзеге асырады. Банк бейне-конференция арқылы клиентпен байланыс орнатып, қашықтықтан сәйкестендіреді. Яғни клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттағы суретті мемлекеттік дерекқордағы мәліметпен салыстырады. Бұл ретте клиенттің тұрғылықты мекенжайы, туған күні мен жылы және басқа да деректер тексеріледі. Сәйкестік анықталған жағдайда клиентке of-line жағдайда қаржылық қызмет көрсетіледі. Жүйе нейрон желілерінен құралған. Сондықтан ол алаяқтықтың алдын алады. Мысалы әр адамда жасы ұлғайғанына қарамастан өмір бойы өзгермейтін көрсеткіштер болады. Көз арасы, маңдай биіктігі сияқты. Компьютер осы көрсеткіштерді назарға алып, мемлекеттік дерекқордағы мәліметпен салыстырады", – деді Әсем Мадиярова.

Департамент директоры орынбасарының сөзінше, қашықтықтан сәйкестендіруді клиенттердің дауысымен де жүзеге асыруға болады.

"Мемлекеттік дерекқорда ел азаматтарының дауысы жазып алынған болса, қашықтықтан сәйкестендіруді дауыс арқылы да жасауға болады. Жаңа механизмнің қолданысқа енуіне екінші деңгейлі банктер де мүдделі болып отыр. Жоба жүзеге асса қағазбастылықтан босатады, клиенттердің қатарын көбейтеді. Қазір жобаны мемлекеттік органдар талқылап жатыр. Егер олар мақұлдаса, үкіметке жолдаймыз", – деді Әсем Мадиярова.  

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу