Американың сауда соғысы Қазақстанды айналып өтеді

4236

АҚШ-тың темір мен алюминий импортына баж салығын енгізуінен, отандық тау-кен-металлургия кешенінің кәсіпорындары зардап шекпейді.

Американың сауда соғысы Қазақстанды айналып өтеді

Аbctv.kz сауалына жауап берген тау-кен-металлургия саласының (ТМК) сарапшылары 23 наурыздан бастап АҚШ-тың темір мен алюминий импортына 25% және 10% мөлшерінде баж салығын енгізуі, Қазақстандағы темір кені мен алғашқы алюминий өндірісіне әсер етпейді деп есептейді.

"Қазақстан, әдетте, темір кенін Қытайға құрлық арқылы экспорттайды. Қазақстандық темір кенінің экспорты Қытайдың ішкі өңірлеріндегі шойын құю зауыттарының табыстылығына тәуелді. Ал олар 232-баптың (АҚШ-тың 1962 жылғы сауданы кеңейту туралы заңының 232-бабы тауар жеткізуді ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарауға және импортты шектеу бойынша біржақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді-Ред.) ықпалынан қорғалған", – деді Wood Mackenzie-нің аға сарапшы-зертеушісі Алекс Гриффитс.

Консалгтингтік компаниядағылар АҚШ-тағы қытайдың темір экспортына Трамп әкімшілігі енгізейін деп отырған баж салығының әсер ететініне күмән келтіреді.

"Қытай АҚШ-қа жыл сайын қосалқы құны жоғары миллион тоннаға жуық темір экспорттайды. Оны басқа жерден сатып алу қиын. Оған қытайлық темірге қарсы қолданылған демпингке қарсы тарифтер енгізілгеніне қарамастан, импорттың жалғасу нақты дәлел бола алады", – деп атап кетті сарапшы.

Сондай-ақ Wood Mackenzie компаниясы баж салығы енгізілгеннен кейін әлемнің басқа жерлеріне қытайлық темірдің экспортталуы айтарлықтай азаяды дегенге де күдікпен қарайды.

"Қытай темірді артығымен өндіру қуатын азайтқан, ол өткен жылы темір экспорты шамамен 30 млн тоннаға төмендегенінен білінді. Сондай-ақ қазақстандық темір кені экспорты де құрлықтың ортасындағы қытайлық зауыттарға арналған, бұл оларды темір кенін теңіз арқылы жеткізуде бәсекелестіктен қорғауға өте қолайлы", – деп түсіндірді Алекс Гриффитс abctv.kz-ке берген жазбаша түсініктемеде.

Қазақстандағы темір кенін өндіруші ең ірі кәсіпорын Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігі екенін бәрімізге белгілі. Компания Қытайға темір кенін жеткізуді 2016 жылдың мамырында қайта жаңғыртқанын айтқан болатын. ҚР мемлекеттік кіріс комитеті мен Еуразиялық экономикалық комиссияның 2017 жылғы мәліметі бойынша, Қазақстанның темір өнімін негізгі сатып алушылар – Ресей, Өзбекстан және Иран болған. Темір кенінің едәуір бөлігін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы өндіреді.

"АҚШ-та темір бағасы, шынымен, өте жоғары, темірдің бір америкалық тоннасы 815-825 долларға дейін жетеді. Бұл темір нарығын шетелдік жеткізушілер үшін өте тартымды етеді. Бұл ретте, қазір прокаттың өзіндік құны көптеген өндірушіде 400-450 доллардан аспайды, сондықтан 25 пайыздық баж салығын енгізу шығын деңгейі төмен экспорттаушыларға одан әрі өнімді америкалық нарыққа жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге нарықтан өзіндік құны жоғары деңгейдегі жеткізушілердің кетуі есебінен, шығыны төмен ойыншыларға нарықтағы бос орынды игеруге мүмкіндік береді. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі темір кенінің болуы қазақстандық экспорттаушыларға өзіндік құнның төменгі деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік береді, ал бұл алдағы уақытта қазіргі қалыптасқан жағдайдан пайда табуға болады деген сөз", – деп есептейді СНРА корпоративтік рейтингтер тобының директоры Максим Худалов.

Алюминийге тоқталар болсақ, Қазақстанда оны алғаш өндіруші Eurasian Resources Group (ERG) компаниясына кіретін "Қазақстандық электролиз зауыт" (ҚЭЗ)АҚ болып табылады. ҚЭЗ өнімінің 90%-ы экспортқа жіберіледі. "Интерфакс-Қазақстан" қаңтарда қазақстандық алюминийді ірі тұтынушылар Ресей Федерациясының, Украинаның, Беларусь пен Өзбекстанның зауыттары болып табылады деп хабарлаған еді.

Wood Mackenzie қазақстандық алғашқы алюминийдің экспортына америкалық баждың нақты қандай да бір әсері болады деп ойламайды. Өйткені оның басым бөлігі Еуропа мен Азия нарығына жіберіледі.

"Қазіргі металдың бір тоннасы 2100-2150 доллар болып тұрғанда, металды нақты жеткізудің бір тоннасына берілетін америкалық сыйақы шамамен 220-225 доллар болып отыр, бұл бағаның шамамен 10%-ын құрайды. Бұл сыйақылар ЕО немесе Шығыс Азияға нақты жеткізуден 130-200 долларға жоғары. Баж салығын енгізгеннен кейін америкалық бағыттағы нарықтық тартымдылық ЕО мен Шығыс Азияға жеткізу бағасымен сәйкестенеді. Шығыны көп ойыншылардың көбісі АҚШ нарығынан кетеді де, олардың орнына ТМД мен Таяу Шығыстан шығыны аз ойыншылар келетін болады деп ойлаймыз", – деп түсіндірді Максим Худалов abctv.kz-ке жіберілген электрондық хатта.

Трамп әкімшілігінің алюминий мен темірге енгізетін баж салығы Қазақстан ТМК кәсіпорындарына әсер етпегенмен де, АҚШ-тың протекционистік саясаты қазақстандық тау-кен-металлургия өнеркәсібіне әсер ете бастағанын атап кету керек. Наурыз айының басында Reuters агенттігі Қазақстаннан келетін кремний импортына қарсы 100% мөлшерде өтемақылық баж енгізілгенін хабарлаған болатын. Бұл "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясының Қарағандыдағы еншілес кәсіпорны Tau-Ken Temir ЖШС кремний зауытының өнімдерін жеткізуге қатысты болатын сияқты.

2016 жылы АҚШ-қа 17,4 млн долларға 9,5 мың тонна қазақстандық кремний жеткізілген, деп хабарлады "Астана" телеарнасы өткен жылдың тамызында. Корпоративтік есепке сәйкес, Tau-Ken Temir 2016 жылы 19,5 мың тонна кремний өндірген, оның 93%-дан астамы (18,2 мың тонна) экспортқа кеткен. АҚШ-қа жеткізу ұлттық компанияның барлық экспортының 48%-ын алып отыр немесе қайта есептеуде 8,7 мың тоннаға жуық болып отыр. Басқаша айтатын болсақ, АҚШ-қа экспортталып жатқан қазақстандық кремний экспортының 90%-дан астамы Tau-Ken Temir компаниясына тиесілі.

Сондай-ақ тамыз айында америка үкіметі Қазақстанның кебекті титанына қатысты антидемпингтік тергеу жүргізуді ұсынған. Елдегі оның негізгі өндірушісі "Өскемен титан-магний комбинат" АҚ болып табылады. Кейін АҚШ үкіметі тарапынан болған айыптау, ресейлік титан өніміне қатты тәуелді болып отырған америкалық нарықта қазақстандық титанның үлесінің аздығынан алынып тасталды.

Сонымен қатар жылдың басында АҚШ-тың уран өндірушілері жергілікті нарықта өздері үшін 25% міндетті квотаны сақтап қою талабын ұсынған болатын. Бұл сондай-ақ америкалық нарықта 24% үлес алып отырған Қазақстанның уран өніміне қарсы бастама болды. Алайда осы ұсыныс жасалғаннан кейін Трамп әкімшілігі бұған қатысты қандай да бір шешім қабылдаған жоқ. Бұл арада уранды өндірудің өзіндік құнының төмен болуына байланысты қазақстандық уранның жоғары бәсекелестігі шешуші рөл атқарды.

Гүлназ Ермағанбетова, Данияр Серіков 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу