ERG әлеуметтік жобаларға 100 млрд теңгеден астам қаржы құйды

5720

Әлеуметтік инвестицияның 67%-ы инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. 

ERG әлеуметтік жобаларға 100 млрд теңгеден астам қаржы құйды

2013-2018 жылдар аралығында Eurasian Resources Group жүзеге асырған әлеуметтік жобаларға 100 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл туралы "ERG-дің Қазақстан Республикасының  әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі" атты зерттеуде жарияланды.

"ERG 2013-2018 жылдар аралығында Қазақстанның жеті облысында 1 404 әлеуметтік жобаны іске асырды. Олардың құны 100 млрд теңгені құрады. Соңғы алты жылда әлеуметтік инвестиция көлемі 7,5 есе артты. Ол 2013 жылғы 5 млрд 356 млн теңгеден 2018 жылы 3 млрд 9895 млн теңгеге жетті", – деп атап өтті зерттеу авторлары.

Әлеуметтік инвестицияның 67%-ы инфрақұрылымды дамытуға жұмсалды. Оның ішінде спорттық, мәдени, коммуналдық нысандар салуға, балалар алаңдары мен саябақтарды жабдықтауға және жол жөндеуге басымдық берілді. Қаржының 14%-ы саламатты өмір салты мен спортты насихаттауға бағытталды. Әлеуметтік инвестицияның 11%-ы әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы адамдарға, оның ішінде жетім балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектерге және ардагерлерге арналды.

Белгілі болғандай, холдинг әлеуметтік саясатын екі бағыт бойынша өрбітеді. Біріншісі, қайырымдылық және демеушілік негізінде, екіншісі, жергілікті билік өкілдерімен әлеуметтік әріптестік аясында атқарылады. 

Мектептердегі STEM-зертхана Еуразиялық Топтың әлеуметтік жобаларының бірі саналады. Жоба ERG-дің мемлекеттік білім беру мекемелерімен жасаған меморандумы негізінде жүзеге асырылады. ERG техникалық жабдық сатып алуды қаржыландырады. Жобаға 81,5 млн теңге инвестиция салынды. Зертханада оқушылар инженерліктің қыр-сырын, компьютерлік бағдарлауды, робототехниканы және 3D-жобалауды меңгереді. Бүгінгі таңда жоба Павлодар, Ақсу, Хромтау, Лисаковск, Рудный, Екібастұз, Ақтөбе және Нұр-Сұлтан қалаларында жүзеге асырылып жатыр.

"Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі" бағдарламасы студенттерге кәсіпкерлік саласындағы шараларға тегін қатысып, бизнес жүргізуге инновациялық тәсіл енгізу мүмкіндігін ұсынады. Жоба жас буынның кәсіп жүргізудегі тәжірибесін толықтыруды , сонымен қатар өңірлердегі университеттердің трансформациялануына және кәсіпкерлікті дамыту орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатуына ықпал етуді көздейді. ERG аталмыш жобаға 50 млн теңге қаржы құйды

Жоба 2017 жылы Павлодар мемлекеттік университетінің базасында Алматы Менеджмент университеті мен Қазақстандағы Тель-Авив университеті Достар қауымдастығының серіктестігімен қолға алынды. Бүгінгі таңда бағдарлама Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында студенттер трансформациялық стратегия мен оқу бағдарламаларын құрастыруды үйренеді. Сонымен қатар оларға ғылыми-зерттеу жүргізіп, тәжірибелік-конструкторлық жұмыспен айналысу үшін ERG-дің зертханалары ұсынылады.

Бұл жұмысқа бизнес саласының жетекші сарапшылары жұмылдырылады. Олар студенттерге идеяларын коммерциаландыруға көмектеседі. Бүгінге дейін студенттер 282 жоба құрастырып, бизнесті жақсартуға қатысты 203 ұсыныс жасады. 3000 студент және жоғары оқу орындарының 500-ден астам оқытушысы мен қызметкері білім алды.

Халықаралық мейкатон Tikkun Olam Makers әлеуметтік жобасы Қазақстанда 2017-2018 жылдары ұйымдастырылды. Шарт бойынша шеберлер мүмкіндігі шектеулі азаматтармен бірлесіп, мүгедектердің күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарын шешетін өнертабыс ойлап табуға тиіс болды. ERG демеуші ретінде жобаға 15 млрд 25 млн теңге бөлді.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Қарағанды  Медициналық университеті, Назарбаев университетінің технопаркі мейкатон алаңына айналды.

Жоба шеңберінде қатысушылар ерекше қажеттілігі бар адамдардың күнделікті өмірін жеңілдететін құрылғылар ойлап тапты. Мысалы, шаңғы мен коньки киюге мүмкіндік беретін, өкшесі ауыстырылатын екі аяққа арналған протез; көзі мүлде көрмейтін зағип жандарға алдағы кедергілер туралы алдын-ала белгі беретін құрылғы; мүгедектер арбасына арналған электронды қосымша; доңғалағы бар көпқызметті итраба; сал ауруымен ауыратын адамдарға арналған экзоқолғап және тірек-қимыл қозғалысы бұзылған адамдарға арналған көпқызметті вертикализатор.

Сөз басында айтқанымыздай, холдингтің әлеуметтік саясатының екінші бағыты жергілікті билік өкілдерімен әлеуметтік әріптестік негізінде жүзеге асырылады.

Тақырыпты өңірлік бөлініс бойынша тарқататын болсақ, 2013-2018 жылдар аралығында ERG Павлодар облысының әлеуметтік дамуына 17 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Қомақты қаражаттың 13 млрд теңгесі жергілікті органдармен ынтымақтастық туралы меморандум аясында спортты қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға, білім сапасын арттыруға жұмсалды.

ERG жыл сайын Ақтөбе облысының әлеуметтік, мәдени жобаларын қаржыландырады. 2013-2018 жылдар аралығында компанияның аймаққа бөлген әлеуметтік инвестициясының көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрады.

2013-2018 жылдар аралығында ERG Қостанай облысындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Оның ішінде 7,1 млрд теңге ынтымақтастық туралы меморандум аясында қарастырылды. Бөлінген қаржы облыстың маңызды әлеуметтік жобаларға үй жөндеуге, қала көшелерін абаттандыруға және балалардың ойын алаңдарын жасақтауға бағытталды.

ERG 2013-2018 жылдар аралығында Қарағанды облысындағы әлеуметтік жобаларды дамытуға 2,8 млрд теңге жұмсады. Оның ішінде ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы жобаларға 70 млн теңге бөлінді. Инвестицияның басым бөлігі әлеуметтік қамсыздандыруға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталды.

Өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешіп, Қазақстанның өңірлерін дамытудың басым бағыттарын белгілеу үшін 2016 жылы ERG "Туған жер" атты ауқымды жобаны қолға алды. Жоба аясында 2017-2018 жылдар аралығында қалалардың жай-күйі сарапталды.

Қалаларды бағалау дамудың 16 түрлі өлшеміне сай атқарылды. Зерттеу Ақтөбе, Қостанай, Павлодар облыстарында, Хромтау, Рудный, Лисаковск, Екібастұз, Ақсу қалаларында, Октябрьский, Қашар кенттерінде жүргізілді. 2018 жылғы кешенді әлеуметтік сауалнама сериясының қорытындысы жергілікті жердегі тұрғындардың 4%-ы қазіргі жағдайларына қанағаттанатынын көрсетті. Бұған қоса көші-қон үдерісінің 2%-ға азайғанын анықтады.

Қанат Махамбет

Мақала серіктестермен бірлесіп әзірленді

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу