Арыс кәсіпкерлерінің қулығы анықталды

13625

18 миллионға да өтпеген тойхана үшін қалай 75 млн алуға болады? Арыстағы жарылыста зардап шеккен 62 бизнесмен неге қамқорлықтан тыс қалды? 

Арыс кәсіпкерлерінің қулығы анықталды

Осы және басқа мәселелер жайында "Менің Атамекенім" ҚБ атқарушы директоры Ляззат Шыңғысбаева айтып берді. 

– Арыстағы жарылыс кесірінен бизнесіне нұқсан келген жергілікті кәсіпкерлерге жалпы қанша көлемде ақшалай жәрдем жасалды деген сауал елді қызықтырып отыр?
– Арыс қаласы кәсіпкерлеріне көрсетілген көмектің жалпы сомасы 3 млрд 159,6 миллион теңгені құрады. Бұл ретте 403 бизнес нысаны өтемақы алды.

– Есепшоттарыңызда жатқан, игерілмей қалған қаржы бар ма?

– Қазіргі кезде бекітілген келісімшарттар негізінде барлық сома игерілді. Бірақ есепшотта әзірге аударылмаған қаржы бар. Миллионға дейінгі сомалар бірден төленді. Ал шығын сомасы жүз миллионға дейін жуықтағандарын бірнеше бөлікке бөліп төледік.

Осы орайда мына жайтты түсіндіре кетейін. Бұл көмек кәсіпкерлерге өз бизнесін қалпына келтіру үшін берілді. Сондықтан айталық, алғашқы 25 млн теңге бөлінсе, бизнесмен оған құрылыс материалдарын сатып алып, құрылыс немесе жөндеу жұмысын бастауы шарт. Бұл сома игерілген соң, жасалған жұмысты, мәселен, жөнделген қабырғаны фотоға түсіріп, бізге жолдайды. Қаржы алғандар осылай фотоесеп тапсырды. Содан кейін екінші транш аударылады. Ол да кәсіпкерлік нысанын іске қосуға жұмсалады. Тиісінше, қалған сомасы қолына тиеді. "Мейрамханамды қайта салмаймын, Арыстағы қоймалар қайта жарылса, тағы қиналып жүремін бе?" дегендер болды.

– Ондай талап қоюдың не қажеті бар? Дәмхана-мейрамханасын мемлекет бүлдіргенде, олардан сұрамады ғой?

– Онда қала іші жартылай қираған ғимараттарға толады. Ол еріккен жастар немесе үйсіз-күйсіз жандар жиналатын орынға айналады, адамдарға қауіп төндіреді, құлап қалуы мүмкін. Ал қалпына келсе, бұл қоғамның қауіпсіздігі. Сондай-ақ салықтық база да ұлғаяды. Сол себепті барлық бизнес нысаны жөнделіп, әсем кейіпке келуі, қайтадан жұмыс жасай бастауы керек деген міндет-мақсат қойылды.  

– Inbusiness.kz көтергендей, көмектен неге ондаған кәсіпкер қағылды?

– Былтырғы қазан айының соңында жиналған қайырымдылық қаражаты тек 403 нысанға ғана жететінін, ал 62 нысан одан тыс қалатынын түсіндік. Біз оның әрқайсысы бойынша түсініктеме бере аламыз. Бірінің құжаты дұрыс болмаған, кейбірі шығынның бағаланған сомасына келіспей жүргенде, кезектің соңына түсіп, демеуқаржы бітіп қалды. Мысалы, кәсіпкер Анатолий Рунков құжаттарын 2019 жылдың қараша айының ортасында тапсырған. Жарылыс 24 маусымда болғанын білесіз. Штаб 1 шілдеде жұмысын бастады. Жалпы, Арысты бір ай ішінде қалпына келтіру туралы нұсқау берілді. Қатардағы адам болса бір сәрі, кәсіпкердің мұндай шабандығы, немқұрайлығы жарамайды.

– Есепшоттарыңызда аударылмаған ақша бар деп қалдыңыз. Ол кімге арналған ақша?

– Ол кәсіпкер Малышевке тиесілі соманың соңғы траншы. Арыста Малышев пен оның анасының меншігінде 3 нысан: екі мейрамхана және үлкен құрылыс дүкені бар. Біз бұған дейін оларға жалпы сомасы 130 млн теңгеден астам қаражат төледік.

Кейінгі кездері телеарналар мен журналистерді шақырып, ақшамызды бермей жатыр деп шу көтере бастады. 2 нысан үшін олар өтемақыны толық көлемде алды. Үшіншісі – "Жастар" тойханасы. Оған келген шығынды бағалау ұйымы 73 млн теңге деп бағалады. Біз оны 3 бөлікке бөлдік. Оның екі бөлігі – 50 млн теңгені аудардық. Өйткені алғашқы транш қолына тиісімен кәсіпкер цемент, құрылыс материалдарын сатып алғанын көрсетіп, фотосурет жіберіп, екінші траншқа өтініш берді. Онысы қазан айында төленді.

Мен қараша айында Арысқа бардым. "Жастар" тойханасы кәсіпкерлер палатасы филиалының артында орналасқан. Терезеден қарасам, тойхана орнында жоқ. "Тойхана қайда?" деп дереу сұрау салдым, Малышев ауыр техника алғызып, нысанды қиратып тастаған. Орнына кейін сарай тұрғызбақшы. Бұлай болмайды. Бізде құжат бойынша өтемақы тойхананы қалпына келтіруге бөлінген. Ақау актісінде қатты зақым келген шатырын жөндеу жұмыстарының құны көрсетілген, құжатта сүруге жіберу туралы сөз жоқ. 

Кәсіпкерді шақырып, мән-жайын сұрадық. "Бұзылған шатырды алып тастап жатқанда, қабырғалары өздігінен жайрап қалды", – дейді. Шынында, қабырғалардың әдейі қиратылғанын өзгелер терезеден көрген.

Өзіміз анықтағанымыздай, жарылысқа дейін "Жастар" тойханасы мейрамхана ретінде жұмыс жасамай, бос тұрған екен. Оны Малышев мырза 18 милн теңгеге де сата алмапты. Әскери қоймадағы жарылыстан кейін, оның шығыны 73 млн теңгеге дейін шарықтады. Сондықтан біз бизнесменге шарт қойдық, егер ол қайтадан тойхана қабырғаларын тұрғызып, шатырын орнатса, қалған 23 млн теңгедей қаражатты төлейміз.

Малышев пен оның анасы желтоқсан айынан бері тоқтаусыз қоңырау шалумен болды, жүзден астам рет мазалаған шығар, біз әлгі талапта табандадық. Бүгінде олар қабырғаларын тұрғызыпты, енді шатырын салумен айналысуда.

– Қалған ақшаны мүлдем өтемақы алмағандарға беру керек шығар?

– Біз басқаға бере алмаймыз. Әр кәсіпкермен келісімшартқа отырдық. Бұл соған тиесілі қаражат.

– Неге 18 миллионға да өтпеген нысан шығыны 73 миллионға бағаланған?

– Бағалауды Түркістан облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы шақырған бағалау ұйымдары жүргізді. Біз шығын сомасы күмән тудыратындардың құжаттарын тәуелсіз сарапшымызға жібердік. "Жастар" тойханасы әу баста 90 млн теңгеден астамға бағаланыпты. Біз тартқан сарапшы ақау актісі негізінде қайта есептей келе, 73 миллионнан аспауы керектігін көрсетті. Бастапқы бағалау компаниясы осы соманы құптады.   

– Өтемақы ала алмай, еңсесі түскен 62 кәсіпкердің жағдайы не болады? Қандай кеңес бере аласыз?

– Біз арыстық кәсіпкерлерге көмек көрсету қорытындысы бойынша өткен жылғы қараша айы басында есеп жолдадық. Есеп Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке, "Атамекен" палатасына және сол арқылы Премьер-Министр кеңсесіне жеткізілді. Онда бизнесмендердің белгілі бір тобына қаржы жетпей қалғаны және олардың өтемақы күтіп отырғаны туралы айтылды. Бұл ақпарат назарға алынды. Оның негізінде қандай шара қабылданатынын білмеймін. Мен Үкімет мүшесі емеспін. Егер бюджеттен қаржы бөлінсе, оған да біздің қатысымыз болмайды, себебі біз мемлекеттік ұйым емеспіз.

"Менің Атамекенім" ірі, орта және шағын бизнес жинап берген қайырымдылық қаражаты аясында өз миссиясын атқарды, жұмыс қорытындысы бойынша есеп берді.   

Жақында Арыс қаласына барғанда, қаражат тимеген кәсіпкерлермен сөйлестім. Жиналған қаржы төленіп болғанын түсіндірдім. Шет қалғандар мәселесін шешудің басқа жолын ұсындық. "Келіңіздер, арнайы хат жазайық, 62 нысанның өтемақы ала алмай қалғанын және үміттенетінін баяндайық, мәселенің шешілуін жылдамдату мүмкіндігін қарастыруды сұрайық" дедім. Ол хат ұшақпен бүгін елордаға жетеді. Мен сол хатпен "Атамекен" ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке кіремін. Кейін хат Үкіметке жіберілетін болар.

Босқа дүрбелең туғызудың қажеті жоқ. Қайырымдылыққа ризашылық білдіре білетін халықпыз. Ең бастысы, қарапайым азаматтар да, бизнес те Арыс қаласын қалпына келтіруге бір кісідей жұмылды. Бірліктің шапағаты тиді. Ескі қала орнына жаңа шаһар бой көтерді. Саман үйлер мен ескі ғимараттар орнын жаңалары басты. Қазақстандықтар қиындықта ынтымағын ырысқа айналдыра алатынын паш етті. Оның нәтижесі көз қуантады. Арысқа барған сайын сүйсіне қараймын. Менің ойымша, дәл Арысқа көрсетілгендей көмек ел тарихында болған емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу