Арыстан тағы шу шықты

33380

Наразы азаматтар көшеге шықпақшы. 

Арыстан тағы шу шықты

Өткен жылы жарылыстан зардап шеккен Арысты қалпына келтіру науқанының у-дуы басылды. Қарбаласта елеусіз қалған қаншама былық пен түйткіл енді әшкере болып жатыр. Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, құқық қорғаушы Айгүл Орынбек Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа жүгінді.

"Арыстағы жарылыста зардап шеккен 80-ге жуық кәсіпкерге келтірілген шығынның өтемақысы сол бойы төленбеген. Арыс тұрғындарының айтуынша, "Менің атамекенім" қоры тиісті қаражатты аудармай отыр. Егер мәселені шешіп, алдын алмасақ, олар көтеріліске шығатынын маған жеткізді. Олардың арыздары менде бар", – дейді Айгүл Орынбек.

Өртенген қойма, бейбіт күнде қаланы бомбалаған снаряд-миналар Қарулы күштерге тиесілі болғанымен, Қорғаныс ведомствосының басшысы бизнесмендерге еш көмектесе алмайтынын жеткізді.

"Қорғаныс министрлігінің қызметі жоспарлы кезеңге бөлінген республикалық бюджет қаражатын мақсатты жұмсау есебінен іске асырылады. Осыған орай, министрлік Арыстағы жарылыстан келтірілген шығынды өтеу талаптарын қанағаттандыра алмайды. Бұл ретте шағымда көрсетілген жайт азаматтық-құқықтық қатынастарға жатады, демек оларды қарау Қорғаныс министрлігінің құзыретіне кірмейді және сот шешімімен шешіледі", – дейді өз жауабында Нұрлан Ермекбаев.

Сегіз айдан бері сергелдеңге түскен экс-кәсіпкердің бірі Мұхамеджан Сапарханов. Оның кезінде өркендеген, төрі қонақтан арылмайтын дәмханасы қазіргі кезде толық тоқыраған, терезелері шағылып, төбесі ортасына түскен. Ғимарат күрделі жөндеуге зәру. Журналистермен әңгімеде бизнесмен өзіне келген шығынды 50 млн теңгеге бағалайтынын жеткізді. Бағалау комиссиясы бұл құнды екі есе төмендетіпті. Алайда сол 25 млн теңгенің өзі қолына тимеген. Егер өтемақы алса, өз ісін бастауына сеп болар еді. Әзірге мойнындағы үш несиесін қалай жабарын білмей, торығып жүр.

Кәсіпкерлер жергілікті шенеуніктер кеңсесінің табалдырығын тоздырған. Одан қалды, өткен-кеткендер білсін деп қираған ғимараттарға плакаттар ілген. Көмек қолын созар ешкім табылмапты. Бизнесмендер төлем төлеумен айналысқан "Менің Атамекенім" қорына өкпелі. 

Бірақ қордағылар өздеріне айып жуытпайды.

"Біз бар болғаны қаржылық оператормыз. 3 млрд 97 млн теңге тегіс 403 нысан өтемақысына кетті. 62 нысанға жетпей қалды. Қалай төлемақы төлейміз, есепшотта қаржы жоқ. Кімге және қайда ақша аударылғаны туралы Премьер-министр кеңсесіне, қайырымдылық жасаған компанияларға есебімізде көрсеттік", – деп ақталады "КТК"-ға берген сұхбатында "Менің Атамекенім" қоғамдық қорының директоры Ләззат Шыңғысбаева.

Кәсіпкерлер бұған күмән келтіреді. Өтемақысыз қалған кәсіпкердің бірі Анатолий Рунков тізімдегі мекенжайларды аралап қайтқанын айтады.

"Байтұрсынов көшесіндегі дәмханаға өтемақы төленді дейді. Мен өзім сол көшеде тұрамын. Қайдағы дәмхана екенін білмеймін. Ол жерде барлығы жеке үйлер", – дейді Анатолий Рунков.  

Жергілікті кәсіпкерлер палатасының есебінше, қалған кәсіпкерлердің мемлекет күйреткен нысандарына өтемақы жасау үшін 400 миллиондай қаражат қажет. Бірақ қыруар қаржыны қайдан алатынын білмейді. Сондықтан сазға отырған бизнесмендер "өмірде жоқ" нысандарға өтемақы кетіп қалса, прокуратура органдары анықтап, құстыртып, зардап шеккендерге тартып әпереді деп үміттенеді.

Айтқандай, қираған бірқатар жеке үй де сол бойы қалпына келтірілмеген екен. "Адам құқықтарын қорғау" ұйымының директоры Ершат Искандаров өздеріне Арыс қаласының Байжанов көшесіндегі жеке үйде тұратын Қалыболат Қыдырбекұлы шағымданғанын жеткізді.

"Ол өз шағымында былтырғы 24 маусымда болған жарылыстан кейін оның үйін ешкім дұрыстап тексермегенін мәлім етті. Ол жарылыс кезінде қалай болған болса, əлі күнге дейін сол күйдегі үйде тұрып жатыр. Ешкім бармаған, ешкім хабарласпаған. Ешкім жөндеу жұмыстарын бастамаған", – дейді  Ершат Искандаров.

Бірақ облыс басшылығы бұл күйіне үй иесінің өзін кінәлайды.

"Батыс Қазақстан облысының арнайы сарапшылары әзірлеген ақау актісіне сәйкес Байжанов көшесіндегі сол тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс болатын. Алайда тұрғын иесі жай ғана жөндеу жұмыстарымен келіспей, құрылысшыларды тұрғын үйіне кіргізбей, олардан жаңа үй соғып беруді талап етті. Осыған байланысты тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі болмаған", – дейді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өз блогында.

Жергілікті шенеуніктер Арыстағы "Жұлдыз" көшесіндегі үйде тұратын А.Мамырбаеваның үйін "толық жөндедік" деп есеп беріпті. Шынында үй иесі баспанасының дұрыс жөнделмегенін, жөндеуші "Қуаныш-2030" ЖШС өкілдері де осыны растап отырғанын жеткізді. Себебі бөлінген ақша құрылысты аяқтауға аздық етіпті.

"Құрылысшылар да "ол үй дұрыс жөнделмеді, онда әлі істеу керек жұмыстар көп, бірақ әкім бізге ақша аудармай отыр" деп өз жауаптарын берді. Мұны компания мойындап отырса, неге сіздер "барлығы жөнделді" деп тексермей, жоғарыға жалған ақпарат бересіздер. Тез арада шешпейтін болсаңыздар, біз Президент әкімшілігіне шағымданатын боламыз", – дейді Ершат Искандаров.

Өз кезегінде, экономикалық тергеу қызметі тағы бір былықтың бетін ашты. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша экономикалық тергеулер департаментінің бірінші тергеу басқармасының басшысы Болат Қамитов Арыс пен Отар әскери бөлімдеріндегі қару-жарақты утилизациялау барысында металл сынықтарын сатудан түскен 1,7 млрд теңге ұрланғанын хабарлады.

"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің "Қазтехнология" АҚ-ында 1 млрд 700 млн теңгеден астам қаржы ұрлау фактісі әшкереленді. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл ең резонансты істердің бірі", – деді Болат Қамитов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу