Арзан ипотека нарыққа қауіп төндіруі мүмкін

7296

Назарбаев қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшылары президенттің "7-20-25" бастамасы елімізде баспана бағасын шарықтатып жіберуі мүмкін деп отыр.

Арзан ипотека нарыққа қауіп төндіруі мүмкін

Қазақстанда "7-20-25" жаңа мемлекеттік бағдарламасы іске қосылысымен жаңа тұрғызылған баспана бағасы қымбаттап кетуі мүмкін. Ипотекаға қолжетімділік күрт артып, әрі бүгінгі жағдайда баспанаға деген зәрулік пен жүргізіліп жатқан құрылыс көлемінің азайып отырғанын қоса алғанда, бұл жылжымайтын мүлік нарығында инфляциялық тәуекелдер тудырмақ.

Осынау кең ауқымды әлеуметтік жоба іске қосылған жағдайда баспана құнын қалай өсірмей ұстап тұруға болатындығын ҚР ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде талқыланды.

"7-20-25" жаңа бағдарламасы бойынша баспақы жарна 20%-дан аспауға тиіс. Осылайша, бұл жеңілдік тек ірі қалалардың немесе мұнай өндірілетін аймақтардың ғана емес, табысы төмен өзге өңір тұрғындарына да ипотекамен баспана сатып алуға мүмкіндік тудырмақ. Сонымен қатар, мөлшерлемелердің өте төмен болуы, нарық заңына сәйкес, тұрғын үйге деген сұранысты арттырып, ол өз кезегінде пәтер құнының қымбаттауына әкеп соғады", – дейді тәуекелдерді сөз еткен ҚР Тұңғыш Президенті жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы Айжан Мұқышбаева.

Бұған Германияның тәжірибесін айқын мысал етуге болады, дейді сарапшы. Бұл елде соңғы он жылда (2007 жылдан 2017 жылға дейін) ипотека бойынша мөлшерлемелер 5,2%-дан 1,5%-ға дейін төмендеген. Мөлшерлеменің айтарлықтай төмендеуі жылжымайтын мүлікке сұранысты арттырып, бағаның өсуіне себепкер болған. Мәселен, Еуростаттың мәліметтері бойынша, 2013 жылдан 2016 жылға дейін ГФР-да баспана 20%-ға қымбаттапты.

Айжан Мұқышбаева жаңа ипотекалық мемлекеттік бағдарлама іске қосылған кезде туындауы мүмкін осынау қауіпті жоятын шаралардың бірі ретінде дифференциалды тәсілдемені қарастыруды, сондай-ақ оны аймақтардағы қайталама саудадағы жылжымайтын мүлік периметріне енгізуді ұсынып отыр.

"Бұл жағдайда бағдарламаны заңдық тұрғыдан бекіткен кезде баспана берудің критерийлерін қарастыру қажет. "7-20-25" бағдарламасы тек жаңадан салынған үйлерге қатысты әрекет етуге тиіс деген пікір бар. Дегенмен, Астана мен Алматыдағыдай емес, өзге өңірлерде пайдалануға берілетін баспананың көлемі шектеулі екенін ескерген жөн. Осыған байланысты критерийлер әзірлеу барысында сұраныстың төлем қабілетінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрғысынан аймақтарға қатысты дифферциалды тұрғын үй саясатын пайдалану тиімді болар еді", – деп түсіндірді сарапшы.

Бағаны ұстап тұру мақсатында, бағдарлама аясында әр аймақ, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар бойынша шаршы метрдің шекті құны айқын жазылуы мүмкін. Алайда бағдарламаның ауқымы (1 трлн теңгеден астам) және қаржыландыру көзінің, оған қоса осынау ақшаны реттеу механизмінің нақтыланбағандығын ескерсек, орташамерзімдік уақыттағы инфляциялық процесстерге оның әсер етуін бағамдау қиын.

Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 5 наурызда парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа жылдық мөлшерлемесі 7%, бастапқы жарнасы 20% және 25 жыл мерзімге қолжетімді тұрғын үйге кредит беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бағдарлама қысқаша "7-20-25" деген атауға ие болды. Ипотекалық жаңа бағдарламаны іске асыруға 1,3 трлн теңге құю жоспарланған. Бұл қаржы қазақстандық банктердің бүгінгі таңда 1 трлн теңгеден сәл асатын ипотекалық қоржынын екі еселемек.

"7-20-25" биылғы жылдың жазында іске қосылады деп болжанған. Үкімет пен Ұлттық банк жобаны мамырға дейін әзірлеуге уәде етті. Сол уақытқа дейін бүгінгі жұмыс істеп тұрған "Нұрлы жер" тұрғын үй-құрылым бағдарламасының, атап айтқанда оның бір бағыты – ипотекалық кредиттерді субсидиялау жайы айқындалуға тиіс.

Әзірше бағдарламаның тек сұлбасы ғана бар. "7-20-25"-ті іске асыру үшін қаржы реттеушісі жаңадан компания құратыны мәлім. Бұл құрылым "Қазақстанның ипотекалық компаниясы" АҚ-ның (ҚИК) жұмыс тәсілінің кейбірін жалғастыратыны анық. Аталмыш компания бүгінгі таңда "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында қор биржасында қаржы тарта отырып, банктерден ипотекалық пулдар сатып алумен айналысады.

Ипотекалық жаңа бағдарлама іске қосылған соң ҚИК-тің немен шұғылданатыны әзірше белгісіз. Ұлттық компания өкілдерінің бізге берген мәліметі бойынша, қазір "Нұрлы жер" бойынша 22,7 млрд теңгеге 2 178 қарыз алушы жеңілдікті ипотека рәсімдеген. Оның 40% (9,5 млрд теңгенің 789 займы) 2018 жылы рәсімделіпті.

Халықтан субсидияланатын ипотекаға сұраныс бар, ал берілетін займдардың көлемі, ҚИК-тен банктерге аударылған субсидиялар динамикасынан ұққанымыздай, жоспарлы көрсеткіштен асып түсіп отыр. 2017 жылы 1336 адам (жоспар бойынша 1 мың адам) сомасы 15 млрд теңгенің жеңілдікті тұрғын үй займдарын алған. Биыл тағы 105 млрд теңгеге 7 мың адамды субсидиялау көзделуде.

Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу