Ұлттық банктің мәліметінше, мемлекеттік "7-20-25" бағдарламасы бойынша қарызы мақұлданған Алматы тұрғындарының үлесі 43%-ға жетті. 2018 жылдың 10 қыркүйегіне дейін бағдарлама аясында баспана алуға ипотекалық несие сұрап республика бойынша 2 555 өтініш берілген. Олардың ішінде 1 514 өтініш мақұлданып, 18 млрд теңге көлемінде несие берілген.
Бағдарлама іске асырылған кезеңнен бастап "Алматы мен Астана халқы белсенділік танытады" деп болжанған болатын. Қазіргі таңда Алматы қаласында 186 өтініш мақұлданып, 3,5 млрд теңгеге ипотекалық несие берілген. Ал Астана қаласы бойынша 92 баспана қарызы мақұлданып 1,5 млрд теңгеге ипотекалық несие алуға рұқсат берілген.
Бағдарламаның қаржылық операторы "Баспана" ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбековтың айтуынша, "7-20-25" Қазақстан үшін ұтымды.
"Тұрғындарды баспанамен қамту көлемі соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 21,6 шаршы метрді құрады. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті республика бойынша әр тұрғынға 30 шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Халықтың негізгі сұранысы баспана екенін ескергендіктен, 7 пайызбен, 25 жылға иоптекаға баспана беру тиімді. Бағдарламаның негізгі мақсаты халыққа оңтайлы қызмет көрсету", – дейді Қайрат Алтынбеков.
Аталмыш ұйым басшысының мәліметінше, бағдарлама жүзеге асырылғалы оған қызығушылық артып келеді. Осыған орай "7-20-25" бағдарламасы бойынша бюджет қызметкерлері үшін бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін төмендету жайы да қарастырылып отыр.
"Бағдарламаға жас отбасылар мен бюджет қызметкерлерін қатыстыру мақсатында ипотеканың алғашқы жарнасын азайтуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін жергілікті әкімдіктер облигациялар шығарып, бюджет қызметкерлерінің алғашқы жарнасының 10%-ін субсидиялауы керек", – деді Қайрат Алтынбеков.
Осы мақсатта "Баспана" ипотекалық ұйымы бірінші болып Шымкент қаласында "Жас арман", "Қамқор баспана" пилоттық жобаларын қолға алмақ. Қазірде Шымкент қаласы әкімдігімен келісімге қол қойылып, әкімдік 2 мыңға жуық жас отбасы мен бюджет қызметкерлерінің ипотекалық несиесінің алғашқы жарнасын қаржыландыруды жоспарлап та қойған.
Бұған қоса "7-20-25" бағдарламасына штаттан тыс өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұлғаларға да қатысуға рұқсат беріледі. Тек аталған тұлғалардың зейнетақы қорына жиналған жарнасы талапқа сай және ай сайынғы кірісі тұрақты болуы тиіс.
Экономика ғылымының докторы, профессор Мырзахан Белгібев "бұл бағдарлама ипотека нарығына реңк беруі тиіс" дейді.
"Соңғы 10 жылда ішкі жалпы өнімге шаққанда банк секторының ипотекалық үлесі 5,3%-дан 2,3%-ға төмендеген. 2007 жылы елде 418 млрд теңгеге ипотекалық несие берілсе, 2017 жылы 317 млрд теңгеге несие рәсімделген. Бұдан жыл сайын ипотекалық несие рәсімдеудің төмендеп отырғанын аңғарамыз. Бізде сұранысты толық қамту жетіспей жатыр. Әсіресе Алматы, Астана қалалары үшін баспанаға зәрулік анық байқалады. Сондықтан мұндай бағдарламалар ипотека нарығына серпін беруі тиіс", – дейді Мырзахан Белгібаев.
Экономист-ғалымның пайымдауынша, 25 жылдық ұзақ мерзімге баспана беру әлемдік тәжірибеде көптеп кездеседі. Тіптен, ипотекалық несиені ұзақ мерзімге беретін елдердің қайсыбірі төлем пайызын 4-4,5%-ға дейін түсіреді екен.
Бұған қатысты деректерді біз арнайы сызбаға салып көрсеттік. Сызбада көрсетілген ААА, А+ және BB, BBB деңгейі көп жылға берілген несие деген мағына береді.
"Дамыған елдер тәрізді 4-4,5%-бен несие беру біздің банктерге тиімсіз. Ондай арзан пайызбен қарыз берсе банктер өздері шығынға батып қалады. Қазір олар үшін 7%-бен несие беру де оңайға соғып отырған жоқ. Елдегі екінші деңгейлі банктердің тек тоғызы ғана "7-20-25" бағдарламасына қатысуға ниеттеніп отыр. Жалпы, мұндай мемлекеттік бағдарламалардың қолданысқа енуі кезінде 14-18%-бен ипотекалық несие берген банктердің "гүлдену дәуренін" көздерінен бұл-бұл ұшырды. Білесіздер, ірі қалаларда 2004-2006 жылдары ипотека нарығында 18%-бен несие берген екінші деңгейлі банктер де болды. Мұның арты халықтың алған несиені төлей алмауына апарды. Осыдан барып проблемалы несие қоры көбейіп, банктердің жағымсыз портфелдерінің саны артты. Ал 2017 жылдан бері мерзімі кешіккен ипотекалық қарыздардың көлемі 3,2%-ға азайған. Мұның себебі "Нұрлы жер", "Қолжетімді баспана – 2020" тәрізді мемлекеттік бағдарламалар нәтиже көрсете бастады. Енді "7-20-25" бағдарламасы іске қосылды. Ипотека қолжетімді болған соң халық оны төлеуге де қабілетті болады. Сондықтан арзан ипотекалық бағдарламалар халық үшін керек", – дейді Мырзахан Белгібаев.
Ал "Аналитик" сараптау орталығының қаржыгері Таңат Әділбековтың айтуынша, бұл бағдарлама халыққа тиімді болғанмен, ипотекалық несие нарығында "жуырда оңды қозғалыс болады" деуге әлі ерте.
"Қазір әлемдік банктер біздің банктерге арзан ресурс беріп отырған жоқ. Осыдан барып екінші деңгейлі банктер ипотекалық несие ставкасын өте жоғары қояды. Тіпті екінші деңгейлі банктердің біразы ипотекалық несие беруді тоқтатып та қойды. Ал ипотека нарығы дамымаса, елдегі құрылыс саласы да тоқырайды. Бұдан барып тұрғын үй нарығында дағдарыс орнап, жаңадан тұрғын үй құрылысын салу проблема бола бастайды. Осыдан кейін нарықта екінші мәрте қайталама сатылатын баспаналардың бағасы қымбаттай түседі. Бұл үрдіс тағы да сол халықтың қалтасына салмақ салады. Сондықтан келешекте Үкімет екінші деңгейлі банктерді ынталандыру мақсатында оларға ұзақ мерзімде қолдау қаржы беруі тиіс. Мысалы, Бірыңғай зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін бизнесті қаржыландыруға емес, осы ипотека нарығын қолдауға берсе дұрыс болар еді. Банктер оны несие ресурсына пайдаланып, артынша Үкіметке қаржыны қайтарып отыруы керек. Үкімет осылай етсе, екінші деңгейлі банктерге ипотеканың пайыздық ставкасын 7%-ға дейін төмендету туралы ұсынысты төтесінен қоя алады. Ал бұл тіптен мүмкін болмаса, "Нұрлы жер", "Қолжетімді баспана – 2020", "7-20-25" тәрізді арзан ипотекалық несие беретін бағдарламаларды екі есе көбейткені жөн. Ипотека нарығына оңды қозғалысты осылай енгізуге болады. Бұл бір жағынан халыққа да, банкке де тиімді. Мұндай шешімдер әсіресе Алматы, Астана тұрғындары үшін тиімді. Өйткені екі қаладан баспаналы болудың қиындығы жылдан-жылға артып келеді", – дейді Таңат Әділбеков.
Қарлығаш Зарыққанқызы