"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің ахуалын билікке жеткізумен ғана айналыспайды. Ел ішіндегі шетін мәселелердің барлығын назарда ұстауға және оның оң шешілуіне ықпал етуге тырысады.
Жасыратыны жоқ, билік пен халық арасында түсініспеушілік туып жатады. Сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамда тұрмысы төмен адамдардың, отбасын асырауға шамалары жетпей, белшелерінен тұтынушылық кредитке батып отырған азаматтардың бар екені рас. Олардың биліктен өмір сүру сапасын жақсартуды талап етуі де заңдылық. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ашық айтты.
Өздеріңіз көріп, біліп отырғандай, еліміздегі кейбір атқарушы билік пен халық арасында алшақтық бар. Мысалға ауылдарды алайық. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті әкімдік қызметкерлері жер туралы ешқандай ақпарат бермейді. Салдарынан жер өңделмей, игерілмей жатады. Қазір субсидия алуға ауылдан онлайн өтініш беруге болады. Өте ыңғайлы, тіпті тамаша. Бірақ ауылдардың басым бөлігінде интернет жоқ немесе өте нашар. Сонда ауыл шаруашылығы министрлігі мен ақпарат және коммуникация министрлігінің арасында байланыс жоқ па? Бір үкіметте отырып, бір-бірімен елдің жағдайын бөлісе алмай ма? Шаруалар интернет жоқ ауылдан қалай онлайын өтініш береді? Мен осыны түсінбеймін. Бұл жүйенің қолданысқа енгізілгеніне 6 ай уақыт өтті. Алайда ауылдағы ағайын әлі күнге дейін субсидия алған жоқ. Біз осыны айтып, сәуір айынан бастап дабыл қақтық. Бірақ күні бүгінге дейін ештеңе шешілген жоқ.
Соңғы кезде мені "Болашақ" бағдарламасымен шет мемлекеттерден білім алып келген жастардың жайы ойландырады. Олар ауылға, ауданға барғылары келмейді. Неге "Болашақтың" түлегі мансаптық жолын аудан әкімінің орынбасары қызметінен бастамайды, неге елдің арасында жүріп, ауылдың иісін сезінбейді? Мұны Елбасы бір емес, бірнеше рет айтты. Бізге ел түсінбейтін, жүзеге аспайтын реформалардың қажеті қанша?
Елімізде соңғы 5-6 жылда "ботанизм" көбейіп кетті. Яғни қоғамға бейімделмеген тұлғалар түрлі бастамаларға жетекші болып отыр.
Қазір атқарушы билік өкілдері әлеуметтік желіге әуес болып алды. Атқарған істерінің барлығын әлеуметтік желі арқылы көрсетіп отыруға тырысады. Бұл халықпен кері байланыс үшін таптырмас тәсіл. Бірақ мұнда жүйе жоқ. Мысалы әлеуметтік желі қолданушысы нашар жолдың суретін салса, барады да бірден сол жерді жөндейді. Осы екі аралықта бұған дейін атқарылып жатқан іс назардан тыс қалады.
Мысалы Нұр-Сұлтан қаласының қазіргі әкімі Алтай Көлгінов. Ол кісіні Орал қаласының әкімі болып жүрген кезде білдім. Сауатты, халыққа жақын жігіт. Нұр-Сұлтан қаласына әкім болып келгенде бір күнде жиырма ма, әлде қанша, әйтеуір бірнеше нысанға барды деп айтты. Мен сонда бір күнде осыншама нысанды араласа, қандай жүйелі шешім қабылдады екен деп ойладым. Жақсы, жылу электр станциясын көріп қайтты. Содан тариф төмендеді ме, ондағы жұмысшылардың айлығы өсті ме, көмірдің бағасын төмендеттік пе? Бұл істі алдын ала ақпарат жинап, сараптап алғаннан кейін де атқаруға болады ғой. БАҚ өкілдері әкім бір күнде 20 нысанды аралады деп ақпарат таратты. Бұдан кімге, қандай пайда келді? Ойлану керек. Меніңше, асықпаған жөн. Әуелі мәселені зерттеп алған абзал. Мәселенің түбіне жетуге тырысу керек. Бетін қалқып, көбігін алғаннан, оны әлеуметтік желіге салғаннан мәселе шешілмейді.
Мысалы қазір үкіметте мал терісін өңдеу мәселесі қаралып жатыр. Іс барысында бір жарым мыңнан астам мал бордақылау орны бар екені анықталды. Бұдан олардың сапасы стандартқа сай ма деген сауал туды. Терінің қайда, қалай кетіп жатқаны, оның тиісінше игерілмейтіні, шикізат күйінде арзан бағамен экспортталатыны белгілі болды. Бұған дейін теріні экспорттауға тыйым салынды. Енді отандастарымыз мал терісін қайда өткізерлерін білмей жүр. Себебі бізде тері алатын жер жоқтың қасы. Міне, біздегі реформа осындай.
Жеке өз басым билік басындағы азаматтардың сауаты төмен, жауапкершілігі жоқ деген әңгімеден аулақпын. Мықты мамандар көп және олар жұмыс істеп жатыр. Әр реформаны жеке-жеке талдайтын болсақ, пікір таусылмайды. Сондықтан мен әңгіме ауанын сөз басындағы тақырыпқа бұрғым келеді.
Тұтынушылық кредитке көбінесе тұрмысы төмен адамдар жүгінеді. Олар несиені ала салуды әдетке айналдырған. Бұл екінші деңгейлі банктердің оң жамбасына келеді. Себебі олар кәсіпкер, оларға табыс табу керек. Дегенмен Ұлттық банк барлығын жүйелеп, қадағалап отыруы керек.
Бұған дейін алаңға шыққандардың дені әлеуметтік жағдайларына разы емес адамдар. Біз 100 мың теңгеден төмен табыс табатын адамдарды есепке алып, табысын өсіруіміз керек. Келесі аптадан бастап "Атамекен" осы іске кіріседі. Біз 100 мың теңгеден төмен табыс табатын әр адамның әлеуметтік жағдайына ортақтасамыз. Отбасында қанша адам бар, ай сайын қанша кредит төлейді, бір үйде неше адам жұмыс істейді осының барлығын сараптаймыз. Көпбалалы аналарға тұрақты жұмысы жоқ адамдарға қол ұшын созудың тиімді тетіктерін қарастырамыз.
Жыл сайын колледждерге 107-108 млрд теңге шамасында мемлекеттік тапсырыс беріледі. Ал түлектердің 50%-ы ғана жұмысқа орналасып жатыр. Қалғанына мемлекет бекерден-бекер ақша шығындап отыр. Себебі жұмыс берушімен байланыс жоқ. Мысалы Ақтөбе облысында 5 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Механизатор, бақташы, шаштараз тапшы. Бірақ бұдан колледж бейхабар. Біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін үкіметке қаржының барлығын колледждерге бере бермей, кәсіпорындарға ұсынайық дедік. Бұл бастамамыз үкімет тарапынан қолдау тапты. Бұдан былай маман даярлаған кәсіпорынға әр адам үшін 45 мың теңге төленеді. Мамандар 1-6 ай аралығында қалаған мамандығын колледжден емес, тікелей кәсіпорынның өзінен меңгеріп шығады. Жыл соңына дейін біз 1 мың кәсіпорынды қамтуды көздеп отырмыз.
Таяуда Атырауда орын алған жағдайға келетін болсақ, біз өз құқығымызды қорғай алатын, еңбегіміздің тиісінше бағаланғанын талап ете алатын жағдайға жеттік. Шетелдік компаниялардың барлығы қадағалануы және жергілікті халыққа тиісінше жағдай жасауы керек. Шетелдіктер біздің халықпен санасуға тиіс.
Жазып алған Қанат Махамбет
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Абылай Мырзахметов