"Асқар Ұзақбайұлы, заңсыз кесілген өз шыршамыз сатылып жатқан жоқ па?"

3093

"Бұл сауалымызға, жаңа жыл мерекесі қарсаңында көптеген сауда алаңында үйіліп жатқан жасыл шыршалардың сатылуы негіз болып отыр", – деп бастады сөзін сенатор Ақылбек Күрішбаев.

"Асқар Ұзақбайұлы, заңсыз кесілген өз шыршамыз сатылып жатқан жоқ па?"

Ол Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, ормандардың жойылуы, "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасындағы кемшіліктер, инспекторлар санының аздығы мәселесін қозғады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитарлық қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, Ресейден әкелініп, ресми тіркелген шыршалардың саны 78 мың. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің берген ақпаратында – 106 мың дана. Осыдан орынды сұрақ туындайды: "импорттық өнім" деп ақпараттандырып, заңсыз кесілген өзіміздің шыршалар сатылып жатқан жоқ па?", – деді сенатор.

Тәуелсіздік алғалы жойылған ормандар

Оның сөзінше кең байтақ Қазақстанның жерін көгалдандыру, көріктендіру, жасыл желекпен қамту – әрбір қазақстандықтың міндеті. 

"Бірақ бірнеше күндік қызыққа бола, ормандарымызға зиян келтіріп, өсіп тұрған ағаштарды қырқу ата дәстүрімізде болмаған. "Бір тал кессең, он тал ек" деген бабаларымыздың өсиетін ту етіп, жасыл желектерімізді сақтау және оны көбейту жолында нақты шараларды қолға алатын кез келді", – деді ол.

Оның мәліметіне сүйенсек, бір ағашты кесу арқылы біз жылына 100-ден 700 кг-ға дейін (оның түріне байланысты) оттегін жоғалтамыз. Орманның 1 гектары 10 тоннадан астам көмір қышқылын жинап отырады. Осы факторды ескерсек, бүкіл әлемдегі ормандар экономиканы декарбонизациялауға айтарлықтай үлес қосып, жасыл технологиялардың дамуына ықпал етеді. Сондықтан мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың биологиялық әртүрлілікті сақтау мен ұтымды пайдаланудың ұзақ мерзімді жоспарын бекіту және бес жыл ішінде орман қорында 2 миллиардтан астам және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу туралы тапсырмасы – бүгінгі уақыттың талабы.

"Статистика деректері бойынша, Қазақстандағы орман көшеттері 13,2 млн га-ны ғана алып жатыр. Бұл біздің еліміздің аумағының 4,8%-ын ғана құрайды. Тәуелсіздік жылдары елімізде орман қорын кеңейту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде орман алқабы 900 мың гектар өсті. Дегенмен орманды алқаптарды ұдайы кеңейту және орман өсіру жөніндегі жұмыстардың көлемі әлі де жақсартуды қажет етеді", – деді Күрішбаев. 

Оның сөзіне қарағанда, 90-жылдары ірі орман өрттерінің салдарынан Ертіс өңірінің реликті тоғайлы ормандарында, Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы қарағайлы және аралас ормандарда шамамен 350 мың гектар орман жойылып кетті. Сонымен қатар ірі өзендер арнасының тартылуы салдарынан біз жайылмалы орман алқаптарының едәуір бөлігін жоғалттық. Әкімшілік және қылмыстық заңнаманың қатаңдатылуына қарамастан, елде ағаштарды заңсыз кесуге байланысты заң бұзушылықтар жалғаса берді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сүйеніп нақты айтсақ, осы жылдың басынан бері 10 мың текше метр көлемінде заңсыз ағаш кесудің 224 жағдайы анықталған, оның шығыны – 153 млн теңге.

Инспекторлар жеткіліксіз

"Орман шаруашылығында екі негізгі міндет бар: орманды сақтау және қорғау, сондай-ақ орман көшеттерін көбейту арқылы орманды алқаптарды дамыту", – деген ол ұсыныстарын айтты.

Біріншіден, бүгінде бұл саладағы ең қиын мәселе – кадрлармен қамтамасыз ету. Егер 30 миллион гектарға жуық аумақта орман қорын бақылауды тек 147 инспектор жүзеге асырса, орман ресурстарының сақталуы туралы не айтуға болады? Олардың санын бұрынғыдай кемінде екі есе көбейту ұсынылады.

Екіншіден, орман өсіруде орман көшеттерін сапалы отырғызу ғана емес, оларға ұзақ мерзімді күтім жасау да маңызды. Әйтпесе, бұл мақсатта жұмсалған бюджет қаражатын ысырап етуге болады. Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін айтарлықтай нығайту қажет. Қазіргі уақытта олардың техникамен қамтамасыз етілуі нормативтің 66%-нан аспайды, оның өзінде қолданыстағы техниканың 60%-ының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Орманшылардың орташа жалақысы небәрі 70 мың теңгені құрайды. Жалпы орман шаруашылығы Қазақстандағы ең төменгі жалақы алатын сала болып табылады.

Үшіншіден, мамандар "орманды сапалы дамыту тұқымнан басталады" дейді. Осыған байланысты заманауи селекциялық орталықтар құрып, еліміздің барлық өңірлерінде орман тұқымы кешендерін ұйымдастыру қажет.

Төртіншіден, жоғарыда айтылғандай, біз өрттің салдарынан орман алқаптарын көп жоғалтамыз, сондықтан әр орман шаруашылығында оны ерте анықтау үшін өртпен күресудің заманауи технологиялық жүйесін қалыптастыру өте маңызды.

Ұлттық жобада дамыту тетіктері нақты емес

"Ең бастысы, азаматтарымыздың (әсіресе, өскелең ұрпақтың) экологиялық мәдениетін көтеріп, қоршаған ортаның ажырамас бөлшегі ретіндегі сезімін және табиғатымызды сақтауға қамқорлық көрсетуді қалыптастыруымыз керек. Егер жас ұрпақтың бойында қоршаған ортаға деген жанашырлықты қалыптастыра алсақ, біздің көптеген азаматтарымыз жаңа жыл мерекесі қарсаңында табиғи қылқан жапырақты ағаштар емес, оған балама болатын жасанды шыршаларға таңдау жасар еді. Сол себепті экологиялық мәдениетке баулуды бала кезден насихаттау керек. Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі экология бойынша оқу бағдарламаларына маңызды өзгерістер енгізіп жатыр. Бірақ мұғалімдердің айтуынша, бұл білім фрагменттік емес, жүйелі негізде бүкіл оқу кезеңінде берілуі керек. Сонымен қатар жеке білім беру бағдарламаларын, экологиялық тәрбие жөніндегі жаңа оқулықтарды әзірлеу талап етіледі. Бұл бағытта оқушыларды практикамен ұштастыра оқытуды қолға алу маңызды. Жоғары оқу орындарында осы сала бойынша педагогтарды даярлауды күшейту қажет", – деді сенатор. 

Депутат пікірінше, жақында бекітілген "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасында экологиялық білім беруді дамыту тетіктері нақтыланбаған, елдің бүкіл халқын экологиялық ағарту үшін жыл сайын бар болғаны 39 млн теңге бөлінеді. 

"Осы мақсатта аталған көпқырлы жұмыстың барлық аспектілерін қамтитын арнайы ведомствоаралық бағдарламаны әзірлеу және іске асыру талап етіледі", – деп түйіндеді сөзін Күрішбаев.

Айта кетейік, бұған дейін OLX.kz онлайн-хабарландыру сервисінің зерттеушілері жасанды шыршадан гөрі тірі шыршаға сұраныс көп екенін мәлімдеген.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу