Астана әуежайы әуе транзиттік жолаушы үшін бәсекелеседі

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
12160

Елорда әуежайы Еуропаға ұшатын азиялық саяхатшыларға қызмет көрсетуде өз мүмкіндігін мейлінше қолдана алмай отыр.

Астана әуежайы әуе транзиттік жолаушы үшін бәсекелеседі

Астана әуежайының халықаралық терминалын қайта жаңарту жұмысы 2017 жылдың мамырында аяқталады деп жоспарланып отыр. "Астана халықаралық әуежайы" АҚ басқарамасының төрағасы Паоло Ричиоттидің айтуынша, жаңа терминал алғашқы рейсті 1 маусымнан бастап қабылдайды. Ал 10 маусым күні Астанада ЕХРО халықаралық көрмесі ресми түрде ашылады, ол 10 қыркүйекке дейін созылады.

Көрме кезінде елорда әуежайында "ашық аспан" режимі жұмыс істейді. Ол экономикалық ынтымақтастық ұйымының 34 елінің азаматтары үшін қысқа мерзімді сапарға арналған визасыз режимімен бірлесіп, сонымен бірге Қазақстан Республикасындағы инвесторлардың 10 ірі елі негізінде, Астанаға жарты миллионға дейін шетелдік турист тартуы керек. Сонымен бірге Астанадан Азия мен Еуропаның жаңа қалаларына ашылған тұрақты халықаралық рейстер негізінде елорда әуежайының транзиттік шетел жолаушыларына қызмет көрсету әлеуеті артады. Паоло Ричиоттидің айтуынша, елорда әуежайы мен әуе компаниясының жұмысы нақ осыған бағытталуы керек.

"2016 жылы AirAstana 300 мың транзиттік жолаушыға қызмет көрсеткен, бірақ оның тек 30 мыңы ғана Астана арқылы ұшқан. Яғни біз трафикті қалай арттырмақпыз? Өзіңіз білесіз, "Нұрлы жер" бағдарламасында Астана Орталық Азияның орталығы және ең басты қаржы орталығы болуы керек деп көрсетілген. Астананың қазіргі күні толық қолданылмай отырған коммерциялық құқығы бар. Мысалы Қытайға – 25, Үндістанға – 10, Жапонияға – 14, Гонконгқа – 7 рейс жасалмай отыр, яғни бізде коммерциялық құқыққа байланысты қиындық жоқ. Біздегі қиындық әуе компаниялары мен жолаушыларға байланысты болып отыр", – дейді ол "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша жұмыс тобының көшпелі отырысында.

Біздің елдегі халық санына қызмет көрсету арқылы әуежай мен әуе компанияларына үлкен табыс әкеле алмаймыз. Бірақ Еуропа мен Азия арасында орналасқандықтан транзиттік жолаушылар есебінен ақша табуға болады. Оның мәліметі бойынша, 2016 жылы AirAstana 300 мың транзиттік жолаушыға қызмет көрсеткен, бірақ оның тек 30 мыңы ғана Астана арқылы ұшқан. Негізі шетелдіктерді қоса алғанда 12,5 млн жолаушыға қызмет көрсетілген. Ал елорда әуежайы 3,546 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Алайда бұл әуежайды дамыту үшін аз көрсеткіш. Орташа есеппен алатын болсақ, бір ел азаматы жылына шамамен 0,6 рет қана ұшады. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 0,7-ні, Үндістанда 0,1-ді құрайды. Бірақ сан миллиондаған адамның абсолюттік көрсеткіші осы елдердің әуежай мен әуе компанияларына көптеген жергілікті және транзиттік жолаушыларға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

"Осыдан он жыл бұрын Қазақстанды тек мұнай өндірумен айналысатын адамдар ғана білетін. Ал бүгінгі күні Қазақстан әлемдік деңгейге шығып отыр. Егер осы трендті жалғастыратын болсақ, онда бұл жерде қаржы орталығы болады. Бірақ үлкен көрсеткіш тек транзиттік жолаушылар легі арқылы ғана келетіні белгілі. Екі сағаттық жолға, Шығысқа, ұшатын 250 млн қытайлық жолаушымыздың Еуропаға, АҚШ және т.б жаққа ұшқысы келетінін естен шығармау керек. Оларға бір жерден ұшу керек қой. Бүгінгі күні олар Еуропа мен Азияға ұшу үшін Бейжің немесе Шанхайға кері қайтады. Ал Астана жол торабының дәл ортасында тұрғандықтан, жақсы мүмкіндікке ие", – дейді Паоло Ричиотти.

Оның айтуынша, Air Astana жолаушылар трафигін 2016 жылғы 300 мыңнан 2020 жылға қарай 1,2 млн жолаушыға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

"Осы жылдың маусым айынан бастап Air Astana Астана әуежайы арқылы ұшатын қосымша 20 рейсті іске қоспақ. Сонымен қатар SCAT компаниясымен де ақылдасып отырмыз, олар Астана әуежайын тірек етуді жоспарлап отыр. Олар әуежайдың барлық рейстің түйісетін әлеуеті бар екенін есепке алып отыр. Егер халықаралық әуе компаниялары жайын сөз ететін болсақ, онда польшалық LOT компаниясымен аптасына 4 рет, Finnair-мен Финляндиядан аптасына 2 рет ұшатын рейсті мамыр айынан бастап ашуды жоспаралап отырмыз. Бірақ бұлардың бәрі тек ЕХРО-ны өткізу кезінде ғана іске асады. Сонымен бірге Air China компаниясымен Бейжіңнен аптасына 3 рет ұшатын рейсті қабылдаймыз. Наурыз айында Жапония өкілдерімен олардың Астанаға ұшатын рейс санын арттыру мақсатында кездесу өткіземіз", – дейді елорда әуежайының басшысы.

Тіпті 250 млн қытайлық жолаушыға қызмет көрсету арқылы елдің әуе нарығы ойыншыларының бюджетін толтыруға болады. Ал әзірге елорда әуежайы қазіргі жолаушы легінің өзін әзер меңгеріп отыр. Алты халықаралық "гейтке" ие Астана әуежайы қарбалас уақыт, сағат 3:30-7:00 аралығында 8 халықаралық рейске қызмет көрсетеді. ЕХРО-ны өткізу және визасыз режимді енгізумен бірге келетін жолаушылар санының артатындығын есепке алатын болсақ, біздің әуежайға күрделі жаңғырту керек.

Халықаралық жолаушыларға жаңа терминал қызмет көрсетеді

Осы міндеттерді шешу үшін елорда әуежайының халықаралық терминалы құрылысы салынып жатыр. Ол жылына 8,2 млн адамды өткізеді. Терминалдың жалпы ауданы 47 мың шаршы метр. Жаңа терминал құрылысын салушы бас мердігер Mabetex Group холдингіне қарасты Mabco Constructions швейцар-албан компаниясы.

Жобаны іске асыру нәтижесінде елорда әуежайының өткізу мүмкіндігі 8,2 млн адамға дейін жетеді. Ал әуежай терминалының қазіргі өткізу мүмкіндігі жылына 3 млн жолаушы.

Жаңа терминалда бір мезгілде жұмыс істейтін 6 автоматты өткізу орны жұмыс істейді.

"Халықаралық сапарға шығатын әуе кемелерін ескі терминалға қондырып, жолаушыларды жаңа терминалға өткізіп, оларға сол жерде қызмет көрсету үшін терминалдар арасын қостық. Осының арқасында халықаралық 6 "гейт" және ішкі 6 "гейттің" орнына халықарылқ 12 "гейт" немесе ішкі 12 "гейтке" қол жеткізе аламыз. Яғни қолда бар мүмкіндікті мүмкіндігінше қолдана аламыз. Жергілікті терминалдың көмегімен өту жолын жасаймыз, соның арқасында жолаушылар халықаралық терминалға өтіп, төлқұжат, кедендік бақылаудан өтіп, жүгін ала алады", – дейді Паоло Ричиотти.

Жаңа терминалда жүк автоматты түрде беріледі. Әрбір жүк беру орны бір мезгілде үш рейске қызмет көрсете алады. Терминалда 18 тіркеу орны жұмыс істейді. Терминалдан шығатын жерде шекаралық тексерудің 14 тіркеу орны, ал кіретін жерде 18 төлқұжат тексеру орны жұмыс істейді. Жаңа терминалда кеңсесі, компьютері және Wi-Fi бар лаундж VIP-орын орналасады. Сонымен бірге шағын швед столы бар мейрамхана, жуынып-шайынатын орын, дәретхана және сауна болады.

"Яғни алыс жаққа ұшатын жолаушыларға барлық жағдай жасалып отыр", – дейді әуежай басшысы.

Қазір терминал ғимаратын әрлеу жұмысы, сонымен бірге компьютер жүйесін, жүк беру жүйесі мен кедендік тексеру жабдықтарын орнату басталады.

Жақын күндері жаңа терминалдың коммерциялық орнын пайдалану байқауының жеңімпаздарын анықтау жоспарланып отыр. Ол жерде 1330 шаршы метр орын, оның ішінде терминалдың бесінші деңгейінде орналасқан 1140 шаршы метрлік тамақтану орны бар.

Сонымен бірге әуежай басшысы Астанада орнатылып жатқан жаңа терминалдың қауіпсіздік жүйесі Rapiscan 3 tomographic x-ray 2020 жылдан бастап Еуроодақта қолданылатын қауіпсіздіктің барлық талабына сай дейді.

"Яғни біз Еуроодақтың стандарттарын төрт жыл бұрын енгізіп отырмыз", – дейді Паоло Ричиотти.

 DHL Астанада өз базасын аша ма?

Мұндай керемет жоспарлардың арасында кездесетін олқылықтар да жоқ емес. Жұмыс тобының айтуынша, Lufthansa Cargo-ның Астанадан кетуіне қосымша ұшып-қону жолағының болмауы себеп болған. Алайда Паоло Ричиотти елорда әуежайы жүк трафигін де қолға алуға тырысатынын айтып өтті. 2016 жылы Астана арқылы жасалған жүк айналымы 28%-ға 10 мың теңгеге дейін артқан, бұл үлкен әлеуеттің бар екенін көрсетеді.

"Жүк Алматыдағы тарихи әуежай арқылы тасымалданған болатын. Бұл жерде (Астанада – автор ескер.) жүк терминалының жанынан жаңа кеден бекетін құру жүк ағынының өсуіне негіз болып отыр. Сонымен бірге қазір жүк терминалына қосымша 11 мың шаршы метр қосып жатырмыз, соның жанында жүк жіберушілер үшін жүк ауылын салуды жоспарладық. DHL сияқты компаниялармен келіссөз жасап, олардың өз базаларын Астанада ашуға келісіп жатырмыз. Олармен келісім жасаймыз деп ойлаймын. Lufthansa-ға қатысты мәселе жанармайға байланысты болған-тын, өйткені Lufthansa ұшуды толығымен орындайды. Қазір жанармай шығынына қатысты мәселені шешіп жатырмыз. Сіздер өздеріңізде біліп отырған шығарсыздар, Астана әуежайында жанармай өте қымбат. Елдің мұнай өңдеу зауытына квота алдық. Қазір жанармайға дұрыс баға жасау үшін IАТА-мен келіссөз жасап жатырмыз. Бұл тасымалдаушының тартымдылығына да әсер етеді", – дейді Паоло Ричиотти.

Бұл жоспарларды орындауда елорда әуежайы үшін ең басты тәуекел ұшып-қону жолағына байланысты болып отыр. Терминалды қайта құрудың бастапқы техникалық-экономикалық негіздемесінде (ТЭН) ұшып-қону жолағын, магистралды жермен жүру жолы және перронды қайта құру (ҰҚЖ) қарастырылған еді.

"Халықаралық терминал құрылысының жалпы құны 60,3 млрд теңге болған-тын. Өкінішке қарай, теңгенің құнсыздануы салдарынан жобадан ұшып-қону жолағын алып тастауға тура келді. Қазір ТЭН-ге түзету енгізіліп жатыр, ұшып-қону жолағында қандайда бір жөндеу жұмысы жүргізілетін болса, ҰҚЖ-ды қайта құрудан бас тартатынымызды айттық. Мұндай жолақ 2003 жылы салынған болатын. Температура жағдайына байланысты жолақ 8 жылдан 10 жылға дейін жарамды, ал біздің жолақтың салынғанына 13 жыл болды. Біз жөндеу жұмысын жолақтардағы жарықты жауып тегістейтін материалды қолданып жасағымыз келіп отыр", – дейді әуежай басшысы.

Егер мұндай жөндеу жұмысын жүргізетін болсақ, ҰҚЖ жоқ дегенде тағы 2 жылға жарайды.

"Қазақстан темір жолы" АҚ-пен, азаматық авиация, "Қазаэронавигация", инвестиция және даму министрлігімен бірлесіп ұшып-қонатын жолақтарды жөндеуге қаражат бөлу мәселесін талқыладық. Бұл жұмысты жылдамырақ іске асыру керек, өйткені жолақтардағы жұмыс 2018 жылы ашылады. Қазіргі уақыттан жұмыс басталғанға дейін қайта жаңарту жұмысына қатысты кездесу өткізу керек. Менің ойымша, бізге әуежай үшін экономикалық және өндірістік тұрғыдан қандай шешім дұрыс болатынына баға беретін сарапшылар тобын жинау керек.

Содан кейін осының негізінде техникалық-экономикалық негіздеме жасап, қаржыландыруды ұйымдастыру керек. Яғни қаңтар айының соңынан бастап есептейтін болсақ, онда бізде небәрі 13 ай уақыт қана қалды. Өте қысқа уақыт. Егер 2018 жылдың жылы маусымынан бастап қайта жаңарту жұмысын бастамасақ, онда жұмысты 2018 жылы бітіре алмаймыз да, 2019 жылы да жалғастыру керек болады. Сонымен бірге сертификаттауға да уақыт керек. Бұл жай ғана әуежай емес, бұл елорда әуежайы, президент әуежайы, әскери әуежай, сондықтан өте тиімді болуымыз керек", – дейді Паоло Ричиотти.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу