Елорданың қоғамдық көлік нарығындағы ойыншылар әкімдік қолдауынсыз күн көре алмайды. "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте осындай мәлімет айтты. Компания басшысының айтуынша, сараланған тариф енгізудің арқасында жолаушы тасымалдаушылардың табысы 40 %-ға артқан. Алайда іріс шығынды жаба алмай тұр.
Тариф дауы тыншымай тұр
"Өйткені бұрын штаттан тыс жұмыс істеп келген қызметкерлердің бәрі штатқа енгізіліп, тұрақты еңбекақы алатын болды. Қызмет сапасына деген талаптың күшейгенін ескеру керек. Жазда ауа баптағыш, қыста пеш қосу да қосымша шығындар әкелуде. Мезгіл ауысқан сайын, автобустарды жөндеу қажет. Табыс пен шығынның айырмашылығы қала бюджетінен жабылуы керек болған. Егер бюджеттің шамасы келмесе, тарифті көтеруге тура келеді. Жыл аяғына дейін тариф көтерілмейді деп сеніммен айта аламын.Қазіргі жағдайды талдап, нәтижесін тарифтік комиссияға ұсындық. Комиссия қарап болғаннан кейін, қоғамдық кеңесте және қалалық мәслихатта талқыланады. Осыдан кейін ғана тарифтің қандай болатыны анықталады. Қазіргі таңда 90 теңгелік тарифті өзгерту туралы әңгіме жоқ. Барлық келіссөздер субсидия бойынша жүріп жатыр. Жыл сайын 15,7 млрд теңгенің субсидиясы қажет", – дейді Бекмырза Игенбердинов.
Дегенмен "Астана LRT" басшысы келер жылы таифтің өсуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
"Не тариф өседі, не бюджет қайта қаралады. Өйткені қаладағы барлық маршруттар әлеуметтік маңызы бар деп саналады. Қала тұрғындарының тең жартысынан астамы қоғамдық көлікпен жүреді. Осының бәрін ескерсек, әкімдікпен бірге ақылға қонымды шешім қабылдаймыз деп ойлаймын. Автобус қызметін көп пайдаланатын тұрғындарды ынталандыру үшін тарифтік саясатқа өзгеріс енгіземіз. Қазір кімдердің күніне бірнеше рет автобуспен қатынайтыны белгілі болып қалды. Ондай адамдарға белгілі бір аралықта ақысыз автобус ауыстыру шараларын қарастырып жатырмыз. Оның нұсқалары да көпшілік назарына ұсынылып, талқылауға түседі. Жыл соңына дейін елорда тасымалдаушыларынан бюджетке 2,5 млрд теңгенің салығы түседі деген болжам бар", – деді ол.
Шығын шынымен шаш етектен бе?
Автобус парктерінің шығынға шаш етектен батып жатқаны туралы шағымдарының қаншалықты негізді екені де тексеріліп жатса керек.
"Жыл басынан бері тасымалдаушы операторлардың тиімді жұмыс істеуін бақылауға алып келеміз. Муниципалды парктер де, жекеменшік парктер де назарымызда. Менеджмент жүйесі қаншалықты тиімді құрылған, шығындары қандай, қосалқы бөлшектерді қайдан және қалай сатып алады деген сауалдарға үнемі жауап алып отырамыз. Сол бойынша үнемдеу жолдарын нұсқаймыз. Автобус парктері бұрынғыдай резервтік қорды бір жылға деп жинақтамайтын болған. Өйткені ақша қазіргі мәселелерді уақтылы шешуге жұмсалуы керек", – дейді Бекмырза Игенбердинов.
Бұл әрекеттен нәтиже бар ма? "Астана LRT" басшысының сөзіне қарағанда қазір болмаса да, уақыт өте келе нәтиже шығуға тиіс.
"Астана LRT" қанша комиссия алады?
"Тасымалдаушылармен апта сайын жиналыс өткіземіз. Олар біз көрсеткен шығындарды қысқарту бойынша атқарған жұмыстарының есебін баяндайды. Біздің міндет – автобус парктерінің шығынын 15%-ке азайту. Бұған біртіндеп келе жатырмыз. "Астана LRT" автобус пакртерінің кірісі есебінен 12% комиссия алып отыр. Сол қаржыға билеттендіру жүйесіне бақылау жүргіземіз", – дейді ол.
"Астана LRT" елорда әкімдігіне өздері сұрап отырған субсидияны үш жылдық бюджетке енгізуді ұсынып отыр.
"Оның үш жылдық көлемі 47 млрд теңгеге шығады. Бұған дейінгі бюджетке енгізілмеген болатын. Қазір қоғамдық көлік қатынасындағы барлық ахуалды, шығындар мен кірістердің нақты көрсеткішін нақты айқындадық. Енді нақты соманы сенімді түрде жоспарға енгізе аламыз. Ал ескіріп, есептен шығарылған автобустар аукцион арқылы сатылымға шығады. Оны жаппай өзге өңірлердің автобус парктері пайдаланады екен деген түсінік қалыптаспауы керек. Аукционда кімнің бағы жанады, солар алады. Ол жеке тұлға болуы да мүмкін", – дейді компания басшысы.
Бекмырза Игенбердинов сұралып отырған субсидияның бір бөлігі әкімдіктің тасымалдаушыларға берген уәдесін орындауға кететінін айтады.
"Кезінде автобус парктеріне техникалық мүмкіндіктерін жақсарту үшін тариф көтеріліп, субсидия төленеді деген уәде берілген. Соған сүйенген тасымалдаушылар лизингке техника алып, парктерін жаңартты. Көріп отырғанымыздай, тариф көтерілген жоқ. Субсидия да төленбеген. Енді сол парктердің экономикасын "тазарту" керек", – дейді "Астана LRT" басшысы.
Компанияның Еуропа қайта құру және даму банкінің алдындағы берешегін әкімдік төлеп жатқаны да айтылды.
"Еуропа қайта құру және даму банкінің алдындағы қарыз кестеге сай өтеліп жатыр. Екі миллион еуро және бір миллиард теңге көлеміндегі бөлігін жауып тастадық. Өйткені қарыздың бір бөлігі еуромен, бір бөлігі теңгемен алынған болатын. 2025 жылға дейінгі қарызды жабу қала бюджетіне салынған", – деді Бекмырза Игенбердинов.
Есімжан Нақтыбайұлы