Үш күннен бері Ақтөбе жұртшылығы тасқын судан зардап шегіп жатыр. Қала маңындағы Елек, Жіңішке, Бұтақ өзендері мен Ақтөбе, Сазды, Қарғалы су қоймалары арнасынан асып, саяжайды су шайды. Осылайша алаңсыз отырған халық аяқ астынан әбігерге түсті. Құтқарушылар тұрғындарды қайықпен тасуға мәжбүр болды.
579 үй судың ортасында қалып, 5 үй қирады. 1174 адам эвакуацияланып, 873 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір су басқан аймақтан құтқарылған тұрғындар мектептердің спорт залдарын паналап отыр.
"Дәл осындай 7 жерде адамдар бас сауғалап, жан бағып отыр. Төрт мектепке 502 адам орналастырылды. Оның 159-ы балалар. 672 адам туған- туыстарының үйін жағалап жүр. Ал 523 адам көшуден бас тартты. Уақытша паналау орындарында күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріліп, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіліп жатыр", – деді Бауыржан Сыздықов.
Құтқарушылар қала іргесіндегі Кірпішті, Махамбет, Келешек, Қарғалы, Заречный-2 аудандарында жағдай әлі де күрделі екенін айтады.
"15 сәуір күні қалада төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті атқарушы органдар бірден іске кірісті. Қазір қала маңындағы Ақтөбе, Қарғалы, Сазды су қоймалары толып тұр, ал Ақтөбе су қоймасында секундына 540 текше метр су жіберіліп тұр. Тұрғындар арасында "қойманың барлық шандорын ашып тастаған" деген қауесет жүр. Бұл – қате ақпарат. Қазір тек қана бір шандор ашық тұр. Ал Қарғалы су қоймасы 96%-ға толды. Кешеден бастап бұл су қоймасынан секундна 200 текше метр су жіберіліп жатыр. Ағызылатын судың көлемі қосымша 200 текше метрге көбейтілді. Неге? Себебі өзендерде су деңгейінің түсуі байқалып жатыр. Қарғалыдан басталған су қалаға жеткенше екі тәулік уақыт керек. Осы кезде Ақтөбе су қоймасынан келген судың көлемі азаяды", – деді төтенше жағдайлар департаментінің басшысы.
Оның түсіндіруінше, наурыздың 30-31 күндеріндегі жауын-шашын су тасқынына бірден бір себеп болған.
"10-шы сәуірде мұз қатып, қалада қар жатты. Сол күндері күн күрт жылынып, қатқан қар ери бастады. Су жерге сіңбей, қоймаларға жиналды. Осының барлығы бүгінгі жағдайға алып келді. Атап көрсетерлігі, табиғи апат кезінде адам шығыны болған жоқ. Қала әкімінің шешімімен төтенше жағдайды анықтайтын комиссия құрылады. Барлық мәселені осы комиссия шешеді", – деді Бауыржан Сыздықов.
Алаяқтарға алданбас үшін...
Қала халқы тасқын кезінде зардап шеккендерге көмек қолын созып жатыр. Бұл үшін "Нұр ғасыр" мешітінің жанынан арнайы Зекет қоры құрылды. Қор өкілі Өмірбек Дәменнің айтуынша, қор мүшелері үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Қарапайым халық зардап шеккендерге тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік, киім-кешек тасуда. Апат орын алған кезде тұрғындардың көпшілігі құжаттарын ғана алып үлгерген. Басым бөлігі сыртқа үй киімімен шығып кеткен.
Кеше зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жергілікті әкімдік пен қоғамдық ұйымдар бірікті. Қала әкімдігінің жанынан әлеуметтік комиссия құрылды. Қала әкімінің орынбасарлары басқаратын комиссия жұмысына қоғамдық ұйымдар мен ардагерлер, блогерлер мен журналистер атсалыспақ.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева: "Қолқанат Ақтөбе" қоғамдық қоры құрылып, арнайы есеп шот ашылды. Зардап шеккендерге облыстағы іскер әйелдер қауымдастығы да көмек қолын созбақшы. Ал "Нұр Отан" партиясының мүшелері бір күндік еңбекақыларын аударатындарын айтып, үндеу жариялады. Комиссия негізгі жұмысын су тартылып, тұрғындар үйлеріне кірген кезде бастайды. Себебі қазір еріктілер мен қайырымды жандар әкелген заттарды тұрғындар алғанымен оны қоятын жер таба алмай жатыр. Қор алаяқтарға алданбас үшін құрылды. Оның жұмысы барынша ашық және таза болады", – деді.
Суда қалған үйлерді күзетіп жүр
Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қараусыз қалған үйлерді сұқ қолдан қорғау үшін жергілікті полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Оларға Елек өзенінің жағасындағы 57 саяжайды тәулік бойы күзету міндеті жүктелген. Ал зардап шеккен жандар паналап отырған төрт пунктті 248 полиция қызметкері бақылауға алған. Бұған қоса 16 жедел топ құрылған.
Әлия Рүстем