Көктемгі тасқын ақпанның соңғы күндері басталып, наурыздың ортасына қарай қаһарына мінеді. Төтенше жағдай қызметі мен "Қазгидромет" мекемесі осындай болжам айтып отыр. Бұл жолы 600-ден астам елдімекен қар суы мен тасыған өзендердің құрсауында қалуы мүмкін. Мұндай деректі Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Үкіметтің баспасөз орталығында айтты.
2017 жылы тасқын салдарын жойып, оның қайталануын болдырмау үшін арнайы жол картасы жасалған болатын. Юрий Ильин сол карта аясында бюджеттен 3 жылда 128 млрд теңге бөлінгенін айтады.
"2017 жылдан бері жол картасы аясында республикалық бюджеттен 78 млрд теңгеден астам қаржы, жергілікті бюджеттерден 50 млрд теңге қарастырылған. Жол картасын жалғастыру қажет деп тапса, жалғасын дайындауға әзірміз. Бұл картаның тиімділігі көзге көрініп тұр. Бұрын елімізде 1000-нан астам мекенге тасқын қаупі төніп тұр деп келген едік. Оның санын айтарлықтай азайттық", –деді вице-министр.
Осы айдың соңғы күндері, әсіресе, ел астанасын әбігерге түсіруі мүмкін. "Қазгидромет" алдағы екі күнге болжанып отырған екпінді борандардың демі жылып, тіпті соңы жауынға ұласатынын ескертіп отыр. Юрий Ильиннің айтуынша, бұл жылымық кейін тұтас Арқа даласына ойысатын түрі бар.
"26-27 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында желдің қарқыны күшейіп, жауын түсуі қарды мезгілінен бұрын ерітейін деп тұр. Негізгі салмақ наурыз айының ортасына келуі мүмкін. Яғни, тасқын былтырғыдан 2-3 апта бұрын келеді. Қарағанды облысының Нұра өзенінің аңғарында тасқын қаупі жоғары. Өйткені қар қалың түскен, ал тоң өте тереңге кеткен. Қардың шамадан тыс түсуі Вячеслав су бөгеніне қауіп төндіріп тұр. Сондықтан қарымта реттеушіні іске қосу қажеттігі туындайды. Сол арқылы Нұр-Сұлтанды қарғын судан қорғаймыз. Ақмола облысының Жабай, Платон өзендері де арнасынан тасып, Атбасар, Платон елдімекендерін басуы мүмкін. Ақмола облысындағы өзендердің суының молдығы негізгі салмақты Солтүстік Қазақстанға түсірейін деп отыр. Әсіресе, Сергеев су қоймасына қиын болайын деп тұр. Бұл қойманың суы реттелмейді. Қазірдің өзінде онда 1,3 млрд текше метр су бар десек, тасқын маусымында 3-3,5 млрд текше метр су өтеді деген есеп айтылып отыр. Бұл су Ресей аумағына өтетіндікте, ондағы әріптестерімізді алдын ала ескертіп жатырмыз", – деді ол.
Мамандардың болжауынша, биылғы көктем Арқа өңіріне оңай болмайды. Тіпті зардабы 2017 жылғы тасқыннан да ауыр болатын түрі бар. Өйткені күзгі жаңбыр мен түскен қардың мөлшері сол бір апатты жылдағыдан да асып түскен. Атап айтсақ, Қарағанды облысындағы Сарысу өзенінің бассейнінде, Ақмола облысындағы Есіл, Сілеті, Шағалы, Қалдытам өзендерінің бассейнінде, Қостанай облысында Қараторғай өзенінің бассейнінде, Ақтөбе облысындағы Қосестек өзенінің бассейнінде қар көлемі 2017 жылғы мөлшерден 20-40%-ға артық. Сондай-ақ, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында топырақтың күзгі ылғалдануы 2017 жылдан 40-60% жоғары. Тіпті кей өзендердің сағасында ылғалдану көрсеткіші 2 есе жоғары. Тек тоңның тереңдігі 2017 жылғыдан 35-45%-ға төмен. Мамандардың көңіліне бұл да медеу. Егер қар баяу ерісе, тасқын елеусіз болуы мүмкін деп үміттенеді.
Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тасқын қаупі бар аумақтарда 170 700 құрылыс пен тұрғын үй орналасқанын мәлімдеген болатын. Юрий Ильин айтып отырған жол картасында аталмыш нысандарды қауіпсіз жерге көшіру шаралары да қарастырылған. 3 жылда жол картасында 128 млрд теңге бөлінгенімен, топан судың жолында тұрған ғимараттардың қауіпсіз жерге көшірілгені шамалы көрінеді. Бұл тұрғыда тек Ақмола облысында ғана нақты қимыл бар. Алматы қаласында 81 148 нысанды, Шығыс Қазақстанда 47 823, Батыс Қазақстанда 21 008, Ақмола облысында 5693, Қызылорда өңірінде 4 929 нысанды көшіру қажет. Бюджеттен бөлінген 128 млрд теңге бұл мәселені шеше алмағанын ескерсек, қыруар қаржы қар суымен бірге жерге сіңген-ау деп топшыламасқа лаж жоқ.
Юрий Ильин аталмыш үйлерді көшіру өзекті болғанымен, өңірлерде одан да маңызды шаруалар бар екенін, бюджет қаржысы әуелі сол маңызды істерге жұмсалуы керек деген ой айтты. "Осы жауабыңыз арқылы ертең аталмыш үйлер су астында қалса, жауапкершілікті мойныңызға аласыз ба" деген сауалға: "Біздің міндет – апат кезінде адамдарды құтқару. Ал апаттың алдын алу –жергілікті әкімдіктердің міндеті", – деп құтылды.
Есжан Ботақара