Өңірлер су тасқынымен күресуде

2530

Су тасқынының ең қауіпті кезеңі аяқталды.  

Өңірлер су тасқынымен күресуде

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин еліміз биылғы су тасқыны қаупін артта қалдырғанын айтып, су басуға қарсы қабылданған шараларға тоқталды.

"Бүгінгі күні Қостанай облысында су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталды. Ақмола облысында су басу уақыты қиын болғанымен, қазір жағдай тұрақталды. Су тасқынының қарбалас кезеңі артта қалды. Облыс аймағында Нұрадан басқа барлық өзендегі су шектік деңгейіне жетті. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысындағы "Сергеев" су қоймасына құятын барлық өзеннің суы азайды. Дегенмен су қоймасынан тасып аққан су Петропавл қаласы маңында қиындық тудыруда. Ол жерде арнайы шаралар қолға алынды. Петропавл өңіріндегі республикалық маңызы бар автомобиль жолының екі жерін және Заречный елдімекенінің жолын су алды. Есіл өзенінің жағасындағы саяжайларды жыл сайын су басады. Ал Шығыс Қазақстанда жағдай тұрақты", – деп Юрий Ильин су қоймаларынан ағатын су елдімекендерді баспайтынына сендірді.

Министр орынбасарының айтуынша, су тасқыны қаупімен күрес шараларына қосымша қаржы бөлінбеген.

"Осы өткен су тасқыны кезеңі туралы жалпы айтар болсам, соңғы үш жылда жүзеге асып жатқан жол картасы бағдарламасының арқасында республикалық немесе жергілікті бюджеттен қосымша қаржы талап етпей, айтарлықтай шығын шығармай аяқтадық. Егер көктемгі жауын-шашыннан су тасыса, апаттық жағдай бола қалса, әріптестеріміз ондай жағдайдың алдын алады", – деген ол еліміздің солтүстігі еріген қардың салдарымен күресіп жатқанда, оңтүстікке ерте келген көктем өрт қаупін туғызып жатқанына тоқталды.

Оның сөзінше, бүгінгі күні өртке қарсы шараларды жүзеге асыру жұмыстары басталып кеткен. 

"Қазір өртке қарсы шараларды бастадық. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл көктем екі аптаға ерте келді. Түркістан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарында өрт қаупі жоғары. Орманда 70 рет өртену жағдайы болса, далада 513 жерде өрт шыққан. Қазір күзету, рейд жүргізу тәрізді шаралар атқарылуда. От жағып, орман мен даланың өртенуіне ұластырған 156 адам қолға түсті. Оларға айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұндай жұмыстар жалғаса береді", – деді Юрий Ильин.

Су тасқыны қаупі сейілгенімен, ауа райының өзгеруіне қатысты басқа да қауіп-қатер бар екен. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнбекұлы мәлім етті. Оның айтуынша, ауа температурасының жылуынан таулы аймақтарында қар еріп, сел жүруі мүмкін

"Ел аумағында сәуір айының 25-не дейін ауа температурасы жоғарылайды. Одан кейін, елдің солтүстік және орталық аймағында түнде -5 градусқа дейін суытады. Артынша күн райы қайта жылиды", – деп "Қазгидромет" өкілі мамыр айының ауа райы болжамына тоқталды.

"Ауа температурасының жылуынан таулы аймақтарында қар ериді. Соның салдарынан Алматы облысында қар көшкіні жүреді деп күтілуде. Мамыр айында ауа температурасы нормадан жоғары болып, сел жүру қаупі туындайды. Жалпы мамыр айында елдің оңтүстігі мен батысында жауын-шашын аз, күн жылы болады. Ал солтүстік пен шығыста керісінше салқын, жауын-шашын мол, тіпті нормадан артық. Бұл аймақта сондай-ақ, секундына 10-15 метр ұйытқыған жел соғады", – деп түсіндірді ол. 

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу