Есіл мен Ертістен қауіп төніп тұр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3351

Еліміздің үш өңіріндегі елдімекендерді су басуы мүмкін.

Есіл мен Ертістен қауіп төніп тұр

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, 25 сәуірдегі жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы Есіл өзені айырықша назар аудартып отыр.

"Бүгінде Сергеев су қоймасына екінші мәрте су келіп жатыр. Жиналған судың биіктігі 1 метр 32 сантиметрге жетті", – деді Юрий Ильин "Үкімет үйінде" өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Ақмола облысындағы Жабай және Колутон өзендерінің суы келіп құйылғандықтан, Сергеев қоймасындағы судың деңгейі көтеріліп отыр.

"Петропавлдағы жағдайды бақылап отырмыз. Қазіргі уақытта Челябі-Новосібір республикалық маңызы бар автокөлік жолының үстінен су өтіп жатыр. Осыған байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылды. Көліктер айналма жол арқылы өтіп жатыр. Сонымен қатар, бау-бақшалар орналасқан аумақтың бір бөлігі де су астында қалып отыр. Өзен алқабындағы бау-бақшаларды жыл сайын су басады. Елдімекендерге, атап айтқанда Петропавл қаласының Заречный және басқа да аудандарына қауіп төніп тұрған жоқ", – деді ішкі істер министрінің орынбасары.

Сонымен қатар, Павлодар облысындағы Ертіс өзені де тосын мінез көрсетуі мүмкін. Шүлбі су-электр станциясынан Ертіс өзеніне су жіберілетіндіктен, өңірдегі жағдайға жіті назар аударылып отыр. Облысқа қарасты 9 елдімекен қатаң бақылауда.

Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданындағы жағдай да назарға алынған.

Юрий Ильиннің айтуынша, әзірше су тасқынынан анау айтқандай қомақты шығын шыққан жоқ. Бұл ретте, бірде-бір әкімдік республикалық бюджеттен қаржы сұратпаған.

"Осы уақытқа дейін жарияланған төтенше жағдайлар жергілікті сипатқа ие. Атап айтқанда, су жүріп өткен автокөлік жолдарын қалпына келтірумен байланысты. Мәселен, Павлодар-Баянауыл жолынан су жүріп өтті. Оны бірден қалпына келтірді", – деді Юрий Ильин.

Ішкі істер министрінің орынбасары биыл әзірше Көкшетау қаласының тұрғындарына ғана 400 мың теңге көлемінде өтемақы төленгенін айтты. Оның өзінде, қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылған.

Жалпы, биыл су тасқынынан Қарағанды мен Ақмола облыстары көп зардап шеккен. Аталған облыстардың жекелеген елдімекендерінде судың деңгейі 30 сантиметрден 60 сантиметрге дейін көтерілген. Көп жағдайда жеке территорияларға су кірген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу