Сан-Марино Республикасының негізін тас жонушы Марино 301 жылы салды. Ол 61 шаршы шақырымға созылып жатқан шағын аймақта бірнеше христиан қоғамдастығын құрды. Биіктігі 750 метрге жететін Монте-Титано тауының маңайындағы ежелгі тарихи орталыққа жыл сайын туристер ағылып келеді. Елдің халқы 33 мың адамды құрайды. Бұл ел экономикасының маңызды саласы туризм болып табылады, ЖІӨ-нің 50%-дан артығын осы сала алып келеді.
Сан-Мариноның туризм және қоршаған орта министрі Аугусто Микелоттидің мәліметі бойынша, жыл сайын Еуропаның қақ ортасына орналасқан бұл шағын мемлекетке екі млн турист саяхат жасайды. Оның негізгі бөлігі – италиялықтар. Қазақстаннан осы елге қанша турист келеді, жалпы қазақстандықтар бұл елге сапар шеге ме деген сұраққа министр жауап беруге қиналды. Бірақ ЭКСПО-ның арқасында Сан-Марино Қазақстанның үкіметі мен туризм жөніндегі салалық министрлікпен екіжақты қарым-қатынас орнатылып, Қазақстанның туристерін ғана емес, инвесторларын да тартуға мүмкіндік туғанын айтты.
"Біздің міндетіміз – шетелдік инвесторларды табу. ЭКСПО секілді ауқымды іс-шараларды пайдалана отырып, өзіміздің туристік инфрақұрылымымыз үшін инвестор табуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні Қазақстанға береріміз жоқ шығар, бірақ біз қарым-қатынас жасауға дайынбыз. Қазіргі кезде біз мемлекет құрылысының барлық жүйесін қайта реттеп жатырмыз. Жалпы әлем бойынша бірқатар келісімшартқа қол қою жоспарланып отыр. Бізге барынша көп турист келсе екен дейміз, әсіресе үлкен және маңызды мемлекеттердің туристері елімізді өз көзімен көрсе екен дейміз, себебі біз жерімізді ғаламшарымыздың ең көрікті жерлерінің бірі деп есептейміз", – деп сөз сөйледі өңірін таныстыру барысында Аугусто Микелотти.
Сан-Маринода шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін жақсы бизнес-ахуал жасалған, яғни оларда рәсімдер қысқартылып, корпоративтік басқару мен салық салуға қатысты қолайлы заң жасалған. Министрдің айтуынша, нәтиже баршылық. Қазірдің өзінде экономиканың әр саласына – өндірістен бастап, ақпараттық технологияға дейін, бөлшектік саудадан алдыңғы қатарлы кәсіби қызмет көрсетуге дейін тікелей шетелдік инвестициялар ағылып келіп жатыр.
Қазір ЕО құрамына кіріп, туризм, сауда, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін Еуропалық одақпен келіссөз жүргізіліп жатыр.
"Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты 2014 жылы бастадық. Біз алғашқы сапар барысында премьер-министр және сыртқы істер министрімен кездесіп, ынытымақтастықты одан әрі жалғастыру туралы келісімге қол қойдық. Қазіргі уақытта ҚР сыртқы сауда палатасымен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Қазақстандық тарапқа туризм саласының инфрақұрылымына инвестиция салу мүмкіндігіне бірлескен баға беруді ұсындық", – деді Сан-Марино сыртқы сауда палатасының Қазақстандағы өкілі Джон Мацца.
Қазіргі таңда Сан-Маринодағы жеке тұлғалар мемлекетке 5%-дан 9%-ға дейін, ал заңды тұлғалар 17% салық төлеп отырғанын еске сала кетейік. Ал жаңа кәсіпорын ашқысы келетіндерге 50 пайыздық жеңілдік беріледі, яғни олар стандартты 17% корпоративтік салықтың орнына тек 8,5% ғана салық төлейді. Еуропалық елдердің сыртқы сауда палата өкілдері компанияның кез келген шығыны салықтарды қайтару есебінен орны толығатынын атап көрсетті.
Сан-Мариноның туризм министрінің айтуынша, әзірге қазақстандық инвесторлар бұл елге келмеген. Бірақ та ол қазақстандық инвесторлардың келетініне сенімді, өйткені олардағы салық көлемінің аздығы мен бюрократияның жоқтығы бұған басты себеп болмақ.
"Инвесторларға министрлер мен үкімет көмек көрсетуге дайын. Туроператорлармен ашық сөйлесіп, қазақстандық туристерді тартқымыз келіп отыр", – деді Аугусто Микелотти.
Шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлерге Сан-Марино әкімшілігі тіпті сол елде тұруға рұқсат береді.
Әйгерім Сүлейменова, Алина Альбекова