Азаматтығынан айырылған адамдар зейнетақы жинағын ала алмайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14986

Келесі жылдан бастап зейнетақы қорына ай сайын 35 млрд теңге түседі.

Азаматтығынан айырылған адамдар зейнетақы жинағын ала алмайды

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) ақша аударудың қолданыстағы тәртібі мен талабы өзгереді. Көрсетілген кезеңнен ары қарай жұмыс беруші әрбір қызметкері үшін оның айлық жалақысының 5%-ын зейнетақы қорына міндетті жарна ретінде аударады. Бұл жарнаның қазіргі 10% көлеміндегі міндетті төлемге қатысы болмайды және жарнаның жаңа түрі жұмыс берушінің есебінен төленеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, келесі жылдан бастап БЖЗҚ-ға ай сайын 35 млрд теңге түсіп отырады.

Айта кетейік, бұған қатысты заң 2015 жылы қабылданды. Ол 2018 жылы орындалуға тиіс болды. Алайда салалық министрлік жаңашылдықты қолданысқа 2020 жылы енгізген дұрыс деп тапты.

"Ынтымақты зейнетақы республикалық бюджет есебінен өмір бойына төленеді. Оны 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар азаматтар ала алады. 1980 жылдан кейін өмірге келген адамдарға ынтымақты зейнетақы берілмейді. Себебі оларда  1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің өмір бойы төленетін төлемдерін қамтамасыз ету үшін оны қосымша шартты-жинақтаушы компоненттермен толықтыру туралы шешім қабылданды", – деді журналистерге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры Виктория Шегай.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 2,1 миллионнан астам зейнеткер бар. Оларға өткен жылдан бастап базалық зейнетақы төлемі еңбек өтіліне байланысты тағайындалуда.

"Қазір 6 миллиондай азамат немесе жұмыспен қамтылғандардың 70%-ы ғана зейнетақы жарнасын аударып жатыр. Олардың 85%-ға жуығы жарналарды 85 мың теңгеге дейінгі табыстан аударады", – деп хабарлады  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Біле жүріңіз, бүгінгі таңда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат зейнет жасына шыққан адамға бұрынғыдай бірден берілмейді. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға 2015 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан кесте бойынша зейнетақы төлемдері ай сайынғы негізде жүзеге асырылады. Егер алушы өтініш берген күні, оның жинақтарының сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Бүгінгі уақытта оның мөлшері - 404 940 теңге. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді.

Ай сайынғы төлемнің мөлшері "Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне" сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде белгіленеді. Бұл ретте ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан төмен болмайды.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда қор қажеттілікке қарай марқұмның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда сол жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді.

Зейнетақы жинағы салымшы өз ақшасын тұрақты тұратын жерін ауыстырып, өзге елге қоныс аударған жағдайда ғана мерзімінен бұрын тұтас ұсынылады. Ал Қазақстан азаматтығынан айырылған азаматтар зейнетақы жинағын ала алмайды. Жоғарыдағы талап 2017 жылдың қаңтарынан бері қолданылып келеді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу