Әзербайжан VS Армения: Бжезинскидің болжамы дәл келді

"Ұлы шахмат тақтасындағы" орнымыз қандай? 

Әзербайжан VS Армения: Бжезинскидің болжамы дәл келді

Кейінгі бес жылда Әзербайжан мен Украинада болған оқиғалар әйгілі саясаткер Збигнев Бжезинскидің "Ұлы шахмат тақтасы" атты кітабында жазып кеткен болжамдар мен гипотезалар асқан көрегендікпен жасалғанын дәлелдеп келе жатыр. Еуразия материгін саясат сахнасындағы ұлы шахмат тақтасы ретінде талдаған еңбек 1997 жылы жазылса да, саясаткерлер мен саясаттанушылар  әлі күнге дейін қолынан тастамай келеді. Бүгінгі Әзербайжан-Армения соғысына Ресейдің ең бір ұрымтал тұста килігуінің себептерін де осыдан 23 жыл бұрын жазылған кітаптан табуға болады. Әрине, поляк текті З.Бжезинскидің бұл еңбегінде америкалық мүдде мен еуропацентристік көзқарас басым. Соған қарамастан КСРО құрамында болған елдерді "советсіздендіру" туралы ойлары бүгін әр қазақ айтып жүрген ұлтшыл ұрандармен үндесе кететіні бар. Inbusiness.kz қазақтілді оқырман қауымға осы атышулы еңбектің Әзербайжан мен Орталық Азияға, Қазақстанға қатысты тұстарын ықшамдап аударып, үзінділер ұсынып отыр.

КСРО-ның күйреуі

Совет одағының күйреуі әлемдік геосаясатты шиеленістіріп кетті. Айналасы 14 күннің ішінде ресейліктер өздерінің бұдан былай трансқұрлықтық алып империяның иесі бола алмайтындарын ұқты. Өйткені іштегі халық Одақтың құлауға таяп тұрғанынан хабарсыз еді. Керісінше сырттағы жұртқа бұл айқынырақ сезілді.  Осылайша Ресейдің Кавказ бен Орта Азия арасындағы шекарасы 1800 жылдардағы қалыпқа түсті.  Ал батыс тарапта жоғалтқандары тіптен орасан еді. 1600 жылдарда Иван Грозный тақтан кеткен тұстағы деңгейге дейін "шегінді". Кавказды жоғалту Түркияның стратегиялық ықпалын арттырса, Орта Азиядан айырылу энергетикалық және минералдық ен байлықтан алшақтатты. Оның үстіне бұл елдерде мұсылмандық рухтың оянуы – Ресейдің өзін іштен  ірітетін қауіпті фактор. Бәрінен де Украинаның тәуелсіздік алуы – Ресейді қанатынан қайырып кетті. Ендігі жерде Ресей славян әлемінің туұстар тұтқасы болудан қалды. Мәскеу Украинаны өз дәргейінде сақтап қала алса, Польша мен Балтық жағалауы елдерінсіз-ақ еуразиялық империясын қайта құрудан үмітін үзбеуіне болар еді. 

"Еуразия Балқаны"   

Еуропада "Балқан" деген сөз аймақтағы державалардың бәсекесі мен этникалық қақтығыс алаңы ретінде қабылданады. Ондай түсінік Еуразияда да бар. Бірақ "Еуразия Балқаны"  әлдеқайда ауқымды кеңістікті қамтиды әрі этникалық тұрғыда өте әртекті.  Алып жатқан аумағы үлкен, жаһандық тұрақсыздық нүктелеріне айналған аумақтармен шектесіп жатыр: Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Орта Азия, Оңтүстік Азия, Парсы шығанағы және Таяу Шығыс.

Әдетте Балқан ұғымы – Еуропадағы үстемдікке ұмтылыс пен таластың нысаны саналады. Ал "Еуразия Балқаны" құрлықтың ең батысындағы бай аудандарды Шығыстың қиырындағы геосаяси тұрғыда аса маңызды нүктелермен төте жалғайтындай аумақта жатыр. Оның үстіне "Еуразия Балқаны" Ресей, Түркия, Иран сияқты алып көршілердің тарихи және қауіпсіздік амбицияларымен тығыз байланысты. Қытай да аталмыш аумаққа өз ықпалын нығайтуға ыңғай таныта бастады. Бәрінен бұрын "Еуразия Балқанының" экономикалық ұтыс ретіндегі әлеуеті зор. Мұнда пайдалы қазбалар мен алтыннан өзге табиғи газ бен мұнайдың орасан қоры бар. Ал осы ұтысқа бастайтын жолды Ресей Армения арқылы баяғыда-ақ бітеп тастаған.  

КСРО ыдыраған тұста халқының саны 4 млн. болатын Армения мен 8 млн халқы бар Әзербайжан Таулы Қарабақтың мәртебесі үшін ашық соғысқа түсті. Бұл нысан Әзербайжан аумағында жатқанымен, армяндар молынан қоныстандырылған болатын. Армяндардың христиан дінін, әзербайжандардың мұсылман дінін ұстанатынын алға тартып, бұл соғысқа діни сипат таңуға да болады. Жаңадан бостандық алған елдердің экономикасына бұл соғыс ауыр тиді. Армения Ресейге арқа сүйеу арқылы Таулы Қарабақты Мәскеудің ықпалына беруге мәжбүр болады. Ал Әзербайжанның әлсіреуі бүкіл өңірдің жағдайына әсер етеді. Орта Азия мен Каспиді табиғи байлық толы "құты" деп елестетсек, Әзербайжан – соның "тығыны" деуге болады. Түркітілдес тәуелсіз Әзербайжанның аумағынан бауырлас Түркияға мұнай құбырлары өтіп жатыр. Сондықтан бұл елдің территориялық тұтастығы Ресейдің әлгі "құтыға" монополия жүргізуіне кедергі келтіреді. Бұл оның Орта Азия елдеріне саяси ықпалын да әлсіретеді. Әзербайжан Түркияға арқа сүйегенімен, солтүстікте Ресей, оңтүстікте Иран тықсырып тұр. Иранның солтүстік-батысында Әзербайжанның өзіндегіден екі есе көп "диаспорасы" өмір сүреді. (Тіпті, кейбір деректер бойынша Иран аумағында 20 млн. әзербайжандық бар). Иран сыртта тәуелсіз Әзербайжан күш алса, іште сепаратизм өршиді деп қауіптенеді. Сондықтан ресми Теһран жеме-жемге келгенде Ресеймен қанаттаса кетуге бейіл.

Көшбасшы Қазақстан ба, әлде Өзбекстан ба?

Орта Азиядағы бес тәуелсіз мемлекеттің ішінде Қазақстан мен Өзбекстанның рөлі ерекше. Қазақстан – бүкіл аумақты Ресейден қорғап тұрған қалқан болса, Өзбекстан ұлттық оянудың орталығы іспеттес. Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстан ғана Ресеймен тікелей шекара бөсіліп жатыр. Мұндағы 18 миллионға жуық халықтың 35%-ын орыстар, 20%-ын өзге ұлттар құрайды. Бұл биліктегілердің елді басқаруын қиындатады. Негізінен билік басындағылардың да ұлттық саясатқа бүйрегі бұрыңқы. Бірақ ондай бағытты елдің тең жартысы ұнатпай отыр. Жергілікті орыстар мен колониалдық саясатқа қызмет ету арқылы қоғамда үстем орынға жайғасып алған топтар "ұлттық тіл" басымдыққа ие болса, қолдағы игіліктерден айырылып қаламыз деп қорқады. Ал Өзбекстан бұл жағынан алғанда айтарлықтай біртекті. Мұндағы тұрақсыздыққа ел ішіндегі қырғыз, тәжік, түркімен диаспоралары түрткі болуы мүмкін. Бұл елдің Ресейден алшақ жатуы бұрынғы отарлаушыдан анағұрлым тәуелсіз саясат жүргізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан Орта Азияға батыс өркениетін сіңіргісі келетіндер Қазақстаннан гөрі Өзбекстанға көп үміт артады.

ТМД  туының астында

"Еуразия Балқанындағы" тұрақсыздықты Түркия мен Иранның геосаяси бағдарын айқын ұстанбауы және ішкі проблемалары шиеленістіре түсуі мүмкін. Бұл екі елде тұрақсыздық бұрқ ете қалса, жалыны тұтас Орта Азияны шарпуы оңай.

Түркиядағы 65 млн халықтың  негізін түріктер құрайды. Қалған ұлттардың 80%-ы – түркі тілдес этностар. Қалған 20%-ы –күрдтер.  Негізінен елдің шығысын мекендейтін күрдтер Ирак пен Ирандағы қандастарының ұмтылысына үн қосып, талай рет Түркиядан бөлініп шығуға әрекеттеніп көрген.

Бұл тұрғыда Иранның келешегі одан да бұлыңғыр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары фундаменталды шейіттік революция жеңіске жеткен кезден бері АҚШ-тан алшақтап, Мәскеуге қолайлы саясат ұстануға мәжбүр.

Жалпы Түркия мен Иран халқының саны бір-біріне шамалас. Алайда Түркияда халықтың негізі түрік ұлтының өзі болса, Иранда парсылар тең жарымнан әрең асады. Мұндағы әзербайжандар ирандықтардың  ширегін құрайды. Егер тәуелсіз Әзербайжан қуатты мемлекетке айналса, Ирандағы қандастары "Үлкен Әзербайжан" арманын іске асыруға ұмтылатынын Теһран жақсы біледі.

Украина үшін ТМД-ға мүше елдердің бәрінің мейлінше Мәскеуден тәуелсіз болғаны керек. Киевті Ресей газы мен мұнайына тәуелділіктен осы елдер ғана құтқара алады. Әсіресе, Әзербайжанмен, Өзбекстанмен, Түркіменстанмен ынтымақты нығайтудың маңызы зор. Киев өз тәуелсіздігін нығайта түсу үшін ТМД-дағы елдердің тәуелсіздігіне дем беруге мүдделі. Сол себепті Украина Грузияның Әзербайжан мұнайын өз аумағы арқылы өткізу талпынысын қолдап, Түркиямен экономикалық байланысты күшейтіп отыр. Бұл Ресейдің Қара теңіздегі ықпалын әлсіретіп, Орта Азия мұнайының Түркия терминалдарына еркін жетуіне мүмкіндік туғызады. Егер негізгі мұнай құбырлары бұрынғыдай Ресей аумағы арқылы Қара теңіздегі Новороссия терминалына түсе берсе, Мәскеу өз ықпалын одан әрі нығайтып, бұрын отарында болған елдерді тырп еткізбей ұстап отыра береді.

Ал егер Каспий арқылы тағы бір құбыр тартылып, Әзербайжаннан Жерорта теңізіне жетсе, Ауғанстан арқылы Араб теңізіне жол ашылса, Ресейдің жеке дара үстемдігі келмеске кетеді. Ресей осы ойындардың бәріне ТМД ұйымын құрал етіп ұстауға тырысады. Бұл бір жағынан тұтас өңірге "бөліп ал да, билей бер" принципімен үстемдік етуге жақсы. Кезінде Орта Азия елдерінің Ресей туының астында Үлкен Түркістан альянсын құру идеясын да жөргегінде тұншықтыруында осындай астар жатыр. Ресей маңайындағы жас мемлекеттердің саясаты "достастық" прициптеріне мейлінше сәйкес болуына күш сала береді. Тіпті, ТМД аясында шекаралардың сыртқы қауіпсіздігін Мәскеуден басқаратындай жүйе құра алды. Әскери ынтымақ аясын совет кезеңіндегідей деңгейге жеткізу арқылы Ресейді айналып өтетін мұнай құбырларының салынуына тосқауыл қоюға болады.

Стратегиялық талдаулар Мәскеу өз шеңгелінен шығып кеткен елдерге әлі де болса өзінің геосаяси кеңістігі ретінде қарайды. Сондықтан да көрші елдердің аумағында әскер ұстауға ерекше мүдделі. Абхазиядағы сепаратистік қозғалысты сәтті пайдаланып, Грузияда әскери база ұстауға қол жеткізді. Ал Баку мен Ереван арасындағы Таулы Қарабақ дауының біржола шешілмеуі Ресейге Армения аумағында әскер ұстауына теңдессіз мүмкіндік береді.

Қазақстанда әскери база ұстау үшін Ресей саяси қысым мен қаржылық кедергіні қатар қолданады. Тәжікстандағы азаматтық соғыс та Мәскеудің пайдасына шешілді. Ресейдің түпкі мақсаты – өңірдегі экономикалық, саяси ықпалын қайта қалпына келтіру болса, ТМД – (қазір Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ деп қабылдауға болады (ред.)) соны іске асырудың құралы болып тұр. Бұл тұрғыда Мәскеудің негізгі нысаны Әзербайжан мен Қазақстан болатыны түсінікті. Әзербайжан – Ресей үшін ең басым мақсат болуы заңдылық. Бұл елді айтқанына көндіріп, айдауымен жүргізе алса, Орта Азияны Батыстан, әсіресе, Түркиядан бөліп тастайды. Бұл Ресейге иілмеуге бет алған Өзбекстан мен Түркіменстанды қайта тізеге салуына таптырмас орай болады. Осылардың бәрін ескерсек, Ресей Иранмен ымыраласуға мүдделі. Сол үшін, тіпті, Каспидің мұнайын бұрғылау жөніндегі мүдде қайшылықтарын да қайта қарауға дайын.

Түркияның әскери тәрбиесі

Әзербайжанды шеңгелінде ұстау арқылы Ресей Грузия мен Арменияны  Батысқа қарап бой түзеуден шектейді. Қазақстан – Мәскеу үшін қай тұрғыдан алсақ та тартымды. Бұл елдің этникалық тұрғыдағы осалдығы Мәскеуден ашық түрде ірге ажыратуына жол бермейді. Мәскеу Қазақстанның іргедегі Қытайдың қарқынды дамуынан сақтануын да өз мүддесіне пайдаланып, Шыңжандағы қытайлану процесін үрейлі етіп көрсете алады. Қазақстанды біртіндеп бағындыру арқылы Қырғызстан мен Өзбекстанды, Тәжікстанды тырп еткізбей ұстауға болады. Бірақ Ресейдің мұндай ұстанымы "Еуразия Балқанындағы" қалған ойыншылардың барлығының стратегиясына қайшы. Өз елдерін Мәскеудің тікелей нұсқауынсыз басқарудың игіліктерін сезіп үлгерген жергілікті элиталар қазіргі мәртебелерінен айырылғысы жоқ. Оның үстіне бұған дейін саяси тұрғыда пассивті болып келген халық та ояна бастады. Ұлттық мүддеге деген талап күн сайын арта бермек. Ал Грузия мен Армения Еуропаға қарап бой түзегісі келеді. Әзербайжан  мен Орта Азия елдері де өз жерінде америкалық, еуропалық, жапониялық, кореялық капиталдың болғанын қалайды. Экономиканы дамытудың ең төте жолы осы екенін олар түсініп болған. Сондықтан да Ресеймен бірге Түркия мен Иранның да өңірдегі оқиғаларға белсенді араласуына қарсы емес. Мысалы, Түркия арқылы АҚШ-тың қолдауына ие болған Әзербайжан Ресейдің әскери базасынан бас тартып, мұнай құбырын өткізсек деген ұсынысын жауапсыз қалдырды. Есесіне Грузия арқылы Түркияға құбыр жеткізді. Америкалық компанияның қаражатымен Иран арқылы оңтүстікке құбыр тарту жоспарланған болатын. АҚШ Иранға қаржылық эмбарго жарияламаса,  бұл жоба да сәтті аяқталар еді.

1995 жылы Түркіменстан мен Иран арасында теміржол желісінің салынуы Ұлы Жібек жолын Ресейдің қатысуынсыз жандандыруға мүмкіндік ашты. Өзбекстан да Ресей ұсынған ынтымақтан алшақтығын экономикалық тұрғыда мығымдап келеді. 1996 жылы осы елдің сыртқы істер министрі ресми Ташкенттің ТМД аясында үкіметтердің үстінен қарайтын институттар құруға қарсы екенін мәлімдеген болатын. Кейін бұл қарсылық Кедендік одақ идеясынан бас тартуға ұласты. Ресейдің Азиядағы ықпалын әлсіреткісі келетін АҚШ үшін мұндай ахуал аса тартымды. Тіпті, Қазақстан да, реті келсе, Ресейден дербес экономика құруға ынталы. Мәскеудің қысымына жауап ретінде Ресейді айналып өтетін бірыңғай мұнай құбырын тарту идеясын қолдауы осыған дәлел. "Қазақстанның балама құбырлар іздеуіне Ресейдің өзі түрткі болып отыр. Ресей қазақстандық мұнайды Новороссияға, Түмен мұнайын Павлодарға тасымалдауға тыйым салды. Түркіменстанның Иранға газ құбырын тартудағы ұмтылысы орынды. Өйткені ТМД елдері өнім үшін әлемдік бағаның 60 пайызын да төлеп отырған жоқ. Тіпті мүлде төлегісі келмейтіндер бар", – деген болатын Президенттің кеңесшісі Өмірсерік Қасенов.

Мұндай жайттың бәрі Орта Азияны Иран мен Ресейден алшақтатып, Түркияға жақындата түседі. Анкараның түркітілдес елдерге жаңа офицерлер корпусын жасақтап, 10 мың студентті оқыту туралы ұсынысы қызу қолдау тапты.

Украина – Ресей эволюциясының қайнары

Түркия да, Иран да Орта Азия елдерін Ресейдің ықпалынан толықтай айыра алмайтыны түсінікті. Бірақ Теһран да Анкара сияқты батыл қимылдай білсе, мұсылман мемлекеттердің солтүстіктегі көршілеріне деген тәуелділігі азая беретін еді. Бұл – өңірдің геосаяси келешегін айқын ете түсетін фактор. "Еуразия Балқанында" Американың қолдауына лайық үш мемлекет болса, олар – Әзербайжан, Өзбекстан және Украина. Үшеуін де өз өңірлеріндегі саяси орталық деп қарауға болады. Украинадағы өзгерістер түбінде Ресейдің өз эволюциясында шешуші рөл ойнауы мүмкін. Қазақстан да халықаралық қолдау мен ұзақ мерзімді экономикалық көмекке лайық. Өйткені оның экономикалық әлеуеті өте үлкен, ал географиялық орны өте маңызды. Қазақстан осы бетімен дами берсе, Ресейдің көзір ретінде ұстап отырған этникалық сынасын еңсеріп, Орта Азияны Мәскеу қысымынан сақтайтын қалқанға айналады. Әсіресе, Қытай мен Қазақстанның ортасында жатқан Қырғызстанның  тәуелсіздігін сақтап қалуы – Қазақстандағы ахуалға тікелей тәуелді.

Осының бәрін ескерсек, Америка Түркиямен де, Иранмен де, Қытаймен де мүдде бөлісуге дайын. Иран мен АҚШ-тың арасы жақсарса, Әзербайжанның аяқтан нық тұруы мүмкін бола түспек. 

Түркияның өз эволюциясы  Кавказ  мемлекеттерінің келешегін айқындайды. Егер Түркия Еуропаға біржақты бет бұрып, Еуропа ол талпынысын тойтармаса, бұл орбитаға Кавказ елдері де кірігіп тынады. Ал Түркияның еуропалануы сәтсіз аяқталса, Грузия мен Арменияға Ресейдің мүддесіне икемделуден басқа жол қалмайды. Мұндай жағдайда бұл елдердің келешегі Ресейдің эволюциялануына тәуелді болмақ. Иранның әзірге батыс құндылықтарын сіңіруі қиындау. АҚШ осыған ықпал етсе, өңірде толықтай тұрақтылық орнаушы еді. Бірақ АҚШ тарапынан да, Иран тарапынан да ондай қадам байқалмайды. Әзербайжанның келешегіне келгенде Иран кедергі тосудан тайынбайды. Ал Түркіменстанның өзге әлемге ашылуына барынша ықпал ете бермек.

Әзірлеген – Есімжан Нақтыбайұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу