Әзірбайжанның Каспийдегі кең ауқымды жаттығуларға Қазақстан мен Иранды шақырып, Ресейді қалыс қалдырғаны Мәскеуге ұнамады

1731

Inbusiness.kz бұған дейін, 2 қазанда Боюк Зире аралында Қазақстан мен Әзірбайжанның "Хазри-2023" әскери-теңіз жаттығулары басталғанын сараптап жазған болатын.

Әзірбайжанның Каспийдегі кең ауқымды жаттығуларға Қазақстан мен Иранды шақырып, Ресейді қалыс қалдырғаны Мәскеуге ұнамады Фото: bangkokbook.ru

Екі елдің әскери ынтымақтастығының жаңа бетін ашқан бұл жаттығулар аяқталды.

Бұл іс-шараға Қазақстаннан арнайы күштер бөлімшелері мен теңіз жаяу әскерлері қатысты. Жауынгерлерімізді Каспий арқылы Бакуге "Сарыарқа", "Орал" зымыранды-артиллериялық алып кемелері және "Жайық" гидрографиялық кемесі жеткізді.

Жаттығулардың өтіп жатқанына бір аптаға таяғанда, оның қорытынды кезеңіне өз көзімен куә болу үшін Әзірбайжанға Қазақстанның Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов аттанды. Ол әскери қойылымды әзербайжандық әріптесі, министр, генерал-полковник Зәкір Гасановпен бірге тамашалады.

Алдымен қос түркі елінің қорғанысына жауапты ведомстволарының басшылары сырт көзден таса, оңаша кездесіп, өзара ынтымақтастық мәселелерін талқыға салды. Біздің министрліктің хабарлауынша, жеке жүздесуде министрлер екі мемлекеттің қорғаныс саласындағы өзара қарым-қатынасының алдын ала қорытындыларын талқылады. Енді Қазақстан мен Әзірбайжан жауынгерлік даярлық, әскери білім беру, медицина және өзара мүдделі басқа салаларда ықпалдастығын күшейтетін болады. Мысалы, екі ел де Түркияның қолдауымен соғыс дрондарының өндірісін өрістетуге күш салуда. 

Кездесу қорытындысы бойынша қос басшы 2024 жылға арналған екіжақты Әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды. Сапардың екінші күні қазақстандық әскери делегация "Хазри-2023" әскери-теңіз оқу-жаттығуының практикалық іс-қимылын бақылауға қатысты.

Хазри (Xəzri) сөзі бір жағынан, Баку жақта соғатын, кейде арты қуатты дауылға ұласатын солтүстіккаспийлік адуынды желді білдіреді. Екінші жағынан, бұл әзірбайжан тілінде "күш, билік" дегенді білдіреді. Яғни, атауының өзі Каспийде болашақтағы билік кімнің қолында болатынын білдірсе керек.

Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, "Хазри-2023" қазақ-әзербайжан аралас әскери-теңіз оқу-жаттығуының белсенді кезеңінде екі елдің бөлімшелері теңіз жаяу әскерлерінің бірлескен іс-қимылдарын пысықтап, кемелерді жауынгерлік үйлестіруді жүргізді.

Қазақстан мен Әзірбайжанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері мен әскери теңізшілері қоянқолтық қимылдап, Каспий арқылы шапқыншылық жасаған қас дұшпанның әуе және құрлық нысандарын жою, олар кепілге алған азаматтық кеме мен оның экипажын босату, зардап шеккен кемені портқа сүйреп апаруда бір біріне жәрдем көрсету, экипажды құтқару және эвакуациялау бойынша оқу-жауынгерлік міндеттерді орындады.

Бұдан бөлек, Каспий теңізін жүзіп өтіп, қарсы жағалауға десанттық айдауыл жасау, жаудың террористік-диверсиялық топтары мен уақытша базаларын құртып, жою, екі ел арнайы бөлген теңіз жаяу әскерлері мен арнайы күштерінің аралды азат етуі сияқты түрлі сценарийдегі тапсырмалар пысықталды.

Мұның бәрінің артынан жаңа Әскери одақтың құлағы қылтияды.

Бір қызығы, Каспий арқылы басқыншылық жасаған жау елдің аты аталмады. Каспий жағалауын 5 мемлекет мекен еткені мәлім. Екеуі бірлесе қорғанып, шайқас салуға машықтанып, жаттығу өткізіп отыр. Әскери теңіз күштері небары 500 әскериден ғана тұратын, қуатты әскери флоты жоқ Түрікменстанды жағымсыз рөлге "кастингтеу" обал. Ол біздің түбі бір түркі бауырымыз.

Ғажабы сол, Әзірбайжан басшылығының арнайы шақыруымен қазақ пен әзербайжанның жаттығуларына Иран Ислам Республикасы Қарулы күштерінің делегациясы бақылаушы ретінде қатысты. Бұл ретте халықаралық сарапшылар Иранның қазіргі жоғарғы билеушісі Әли Хаменеидің этникалық әзербайжан екенін еске салады.

Оның үстіне Иранның делегациясын бастап келген осы елдің Әскери теңіз күштерінің әскери теңіз операцияларының қолбасшысы Мохаммед Реза Хазаимен Әзірбайжанның Әскери теңіз күштерінің қолбасшысы, вице-адмирал Субхан Бекиров жеке кездесіп, келіссөз жүргізді. Штабта өткен жүздесуде Әзербайжан мен Иран Каспийде болашақта бірлескен жаттығулар өткізу, оған Қазақстанды шақыру туралы алдын ала уағдаласқан көрінеді. 

Сонда кім қалды?

Каспийде өзінің қатысуынсыз ірі іс-шаралардың өтіп жатқанын білген Мәскеу бұлқан-талқан ашуланды. Мұны пропаганданың байбаламынан байқауға болады.

Содан онсыз да аз қалған айбыны мен абыройы қатарынан айрандай төгіліп жатқанын түсінген Мәскеу Әзірбайжанға әскер аттандырды. 10 қазан күні РФ Каспий флотилиясының кемелері Баку жағалауына кірді. Әзірбайжан тарапы көршісіне дікіңдемей, шығысқа тән қонақжайлылықпен қарсы алды.

Ресми Баку шақырусыз келген қонақтың сапарын қалай атауға болатынын арнайы ойластырыпты. Әрине, Мәскеу мұны "бақылау үшін инспекциямен келді" деп атаса, бір масайрап қалар еді. Алайда Ресей жоғарыдан қадағалайтын держава мәртебесін біраз жоғалтып алды. Сондықтан Әзірбайжан РФ флотилиясының бұл келісін "достық сапар" ("Корабли России прибыли с неофициальным дружественным визитом в Баку") деп атай салды.

Әзірбайжан Қорғаныс министрінің хабарлауынша, Ресей төл Әскери теңіз флотының 2 алып әскери кемесін аттандырыпты. Әрине, ұзаққа созылған жаттығу күндері ресейлік спутниктер сол аумақты бақылаумен болды. Дегенмен, олар Баку мен Астана жабық есік жағдайында не туралы уағдаласқанын анықтай алмайды. Ол туралы Баку Мәскеуге есеп бермеді.

Айтқандай, ресейлік делегацияны қарсы алуға Үкіметтегі биік лауазымды тұлғалар шықпады. Ресми деңгейде келіссөздер де жүргізілмеген.

Содан телеграм-арналарда бейресми жазылғандай, Әзірбайжан тарапы айтпай келген қадірсіз қонаққа ас беріп, қаланы аралатып, сол тойғанымен шығарып салыпты.

Ал бұл туралы ресми былай деп хабарланды.

"Бакуге бейресми достық сапармен келген Ресей Каспий флотилиясының екі кемесінің делегациясын Әзербайжан республикасының Әскери теңіз күштерінің өкілдері қарсы алды. Сапар барысында олар үшін Баку қаласында экскурсия ұйымдастырылды, мәдени, тарихи ескерткіштер таныстырылды. Әскери теңізшілер арасында арқан тарту және футбол бойынша достастық сайыс өткізілді. 12 қазанда Ресей әскери теңіз флотының Каспий флотилиясының қос әскери кемесі де Баку портын тастап шықты", – деп мәлімдеді Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі.

Мәскеу Баку мен Астанаға әскери одақтасуға тыйым сала алмайды. Екеуінің де басшысын Кремльге шақыртып алып, ақыратындай бұрынғы қауқар, қуаты жоқ.

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов "Хазри-2023" Қазақстан-Әзірбайжан аралас әскери-теңіз оқу-жаттығуына жоғары баға берді. Оның айтуынша, тараптар алға қойылған міндеттерді толығымен әрі жоғары сапада орындап шықты. Ең бастысы, министр Қазақстан мен Әзірбайжанның халықаралық әскери ынтымақтастығы мұнымен аяқталмайтынын, алда практикалық өзара іс-қимыл жалғасатынын білдірді.

Атап өтер маңызды жайт, дәл сол күндері құрлықта Әзірбайжанның, Түркияның және Грузияның бірлескен әскери жаттығулары өтті. "Eternity-2023" аталған командалық-штабтық жаттығуларда көрші үш елдің әскерилері, сардарлары компьютерлік бағдарламаны да қолдана отырып, ортақ жауға бірге тойтарыс беру тәсілдерін пысықтаған.

Онда да үш елдің ортақ жауы кім екені аталмады. Әдетте баспасөз релиздерінде "әлдебір лаңкестік топтармен күрес" жүргені баяндалатын. Бірақ мұнда бұл термин қолданылмады. Әңгіме кең ауқымды шапқыншылық туралы болса керек. Себебі, ресми мәліметте айтылғандай, бұл жаттығуларға әскерилер ғана емес, сонымен қатар "үш елдің тиісті мемлекеттік органдары да жұмылдырылды".

"Шаралар барысында Әзербайжанның, Түркияның және Грузияның қарулы күштерінің ісін үйлестіруге, өзара іс-қимылды нығайтуға баса көңіл бөлінді. Осылайша, үш ел жаудың басқыншылығына тап болған мемлекеттің стратегиялық маңызды және өңірлік экономикалық нысандарын бірлесе қорғау міндеттерін орындады", – деп хабарлады Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі.

Бұдан да жақсы бір жаңа одақтастықты байқауға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу