Баға шарықтаған шақта, дауыс жинаудың бір тәсілі – арзан көкөніс

2445

Түрік үкіметі "аспандаған" инфляциямен күрес мақсатында ірі қалаларда ауыл шаруашылығы өнімдерін жарты құнына сататын сауда сөрелерін ашып жатыр. Бұл шараның әлеуметтік қана емес, саяси мақсаты да бар.

Баға шарықтаған шақта, дауыс жинаудың бір тәсілі – арзан көкөніс

Мұндай сауда сөрелері Ыстанбұл мен Анкарада көптеп ашылып жатыр. Оларда күнде ұзынсонар кезек. Бұл экономикалық науқанның басты ұраны – "инфляцияға жаппай тойтарыс беру". Оның негізгі қарулары – шпинат, қызанақ және тағы басқа толып жатқан көкөніс түрлері. Түрік үкіметінің бұйрығы бойынша, мұндай шатырларда ауылшаруашылығы өнімдері нарықтағы бағаның жартысына сатылуы керек.

"Минимальдық жалақымен күнелтіп жатқан адамдар кәдімгі базарға барудан қалды. Осы сауда шатырлары бізге өте жақсы болды. Басқа не істеуіміз керек? Үйде отырып, ажалымызды күтпейміз ғой", - дейді Ыстанбұлдың 38 жастағы тұрғыны Рейхан Келледжи жақында "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Түркияда азық-түлік пен тұтынушылық тауарлардың бағасы кейінгі кездері шарықтап барады. Сондықтан, жаңа ашылған сауда сөрелерінде күн өткен сайын кезек көбеймесе, азаяр емес. 

Президент Реджеп Тайып Ердоғанның үкіметі қымбатшылықтың ауыртпашылығын тартып отырған отбасыларға жәрдемдесу үшін елдің кемінде алты қаласында осындай ондаған киоск ашқан екен. Өйткені, былтырғы қаржылық тұрақсыздық салдарынан Түркияда азық-түлік бағасы шамамен отыз пайызға өсті. Оған ұлттық валюта – лираның құнсыздануы себепші. Айта кету керек, биыл наурыздың 31-де Түркияда жергілікті басқару органдарына сайлау өтеді. Ал, Ердоғанның сайлаушылары - табысы төмен адамдар. Қымбатшылықтың да зардабын шегіп отырған сол тап. Егер бағаның шарықтауымен, экономиканың құлдырауымен күрес жүргізілмесе, Әділет және даму партиясы алдағы муниципиалдық сайлауда мандат жоғалтуы мүмкін.

Таяуда өткен сайлауалды митингтердің бірінде Ердоған сөз сөз сөйлеп, экономиканың әлсіреуіне шет мемлекеттердің елге жасап жатқан қастандығы себепші деп мәлімдеді. Және де ол азық-түлік бағасының өсуімен лаңкестік топтармен күрескендей күресуге уәде берді.

"Біз азық-түлік  бағасын қару етіп, елімізге сес көрсетіп жүргенде сабақ болатындай ұқтырамыз, ұқтыра береміз" - деді Түрік Республикасының басшысы мемлекет басқаруындағы дисконттық базарлар санын көбейтуге сөз бере отырып.

Бірқатар сарапшылардың ойынша, үкімет трейдерлер мен сыртқы күштерді қымбатшылық үшін айыптап отырса да, инфляцияның шарықтауына түрік лирасының жылдам құнсыздануы кінәлі. Мысалы, Анкара мен Құрама Штаттар арасындағы дипломатиялық жанжалдың салдарынан былтыр тамызда бұл мемлекеттің ұлттық ақшасы доллардың қасында 33 пайызға әлсіреген. Инфляция деңгейі болса, биыл қаңтарда 20 пайызға дейін көтеріліп, азық-түлік пен алкогольдік емес ішімдіктердің нарқы бір жылда 31 пайызға қымбаттапты. Бұл – соңғы 15 жылдағы максимум. Салыстырып көрсек, АҚШ пен Еуропада дәл осы тауарлардың құны әрі барса 2 пайызға ғана өскен.  

Валютаның әлсіреуі импорттық өнімдерді қымбаттатыны белгілі. Тіпті Түркияның өзінде өсетін көкөністердің де бағасы жоғарылап барады. Өйткені, оларға қажетті тұқымдар мен тыңайтқыштар сырттан әкелінеді.

Ыстанбұлдың Коч университетінің экономика профессоры Селва Деміралыптың сөзінше, Түркиядағы экономикалық жағдайды ауа райының қолайсыздығы да қиындатып отыр. Мәселен, елдің оңтүстігінде су тасқындары болып, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге үлкен кедергі жасаған.

Осы айда билік органдары көтерме сауда орындарында рейд жүргізді. Елдің сауда министрі Рухсар Пекканның мәлімдеуінше, делдалдар бағаны жөн-жосықсыз қойып, кейбір тауарлардың құнын 800 пайызға дейін көтерген. Сол үшін 88 компанияға айыппұл салынды. Ал, мемлекет бақылауындағы сауда сөрелері ауылшаруашылығы өнімдерін фермерлерден делдалсыз тікелей сатып алып отыр.  Дегенмен, мұндай киоскілерде ұсынылатын көкөніс түрлері шектеулі және олар әр адамға үш келіден артық сатылмайды.

Кәдімгі дүкендермен салыстырғанда, мемлекеттіқ базарлар аз шығындалуы мүмкін. Ресми өкілдердің сөзінше, мұндай сауда сөрелері келешекте жуғыш заттармен, дәрі-дәрмектермен де толығуы ықтимал.  Ал, Ердоғанның мәлімдеуінше, мемлекеттік базарлар муниципиалдық сайлауларға дейін жұмыс істеп, баға өсе беретін болса, одан кейін де қызметін жалғастыруы ғажап емес.

Дегенмен, сауда мамандарының пікірінше, делдалдар азық-түлік бағасына өз комиссиясын қосқанымен, олар фермерлерді қаржыландыруда, өнім қоймаларын ұсынуда, сол өнімді көтерме саудагерлерге сатуды ұйымдастыруда орасан рөл ойнап отыр. Ал, Деміралыптың сөзінше, мемлекеттік базарлар бағаны түсіруге мәжбүрлей беретін болса, тәуелсіз бизнеске зиян тигізуі мүмкін. Профессордың айтуынша, онсызда қазір Түркияда банкроттық жариялаған компаниялар саны өсіп келеді.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу