Байыған сайын қалтыраған ұлттық компанияны халық неге қолдауы керек?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3347

Мәжіліс депутаттары үкіметке квазимемлекеттік секторға бюджеттен бір тиын да қаржы бермеу керек деп батыл ұсыныс тастады.

Байыған сайын қалтыраған ұлттық компанияны халық неге қолдауы керек?

Қалаулылардың байламынша, жеке бизнестен айырмашылығы сол, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың көбі елдің байлығын арттырып, экономиканы ілгері сүйреудің орнына, мемлекеттің мойнында масыл болып отыр.

Өзге тілдерде теңдесін таппай, қазақ тіліне де дендей енген "квази" деген сөз латынның quasi – "жалған, ұқсас, тәрізді" деген ұғымдарынан шығады екен. Депутаттардың айтуынша, біздің квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың біразының тірлігі көзбояушылыққа көп ұқсайды.

Кезінде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мемлекет атынан бизнес жүргізу үшін құрылып, ел қазынасын аста-төк табыстың астында қалдыруға тиіс болған. Шынында не істеп, не тындырып жатыр?

Осыны білу үшін мәжіліс "Самұрық-Қазына" АҚ-ның және оған қарасты ұлттық компаниялардың басшыларын жеке шақырып, олардың мемлекеттік ресурстарды пайдалануының тиімділігін егжей-тегжейлі қарады. Парламенттегі шараға "мемлекеттік бизнесмендер" "топ құрып, топар сайлап" келді. Яғни, "Самұрық-Қазынаның" топ-менеджерлері, қордың қоржындық компанияларының басшылары, "Самұрық-Қазына" сараптамалық-консультативтік кеңесінің өкілдері жиылды.

Олардың арасынан әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның аға вице-президенті Глеб Люксембург, "Қазпошта" АҚ-ның басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов және басқалары сөз сөйледі.

Оларды тыңдасақ, бәрі керемет.

Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, қор 2016 жылды жағымды қаржылық нәтижемен аяқтапты. Атап айтқанда, акционер үлесіндегі шоғырланған таза пайда өткен жылдың қорытындысы бойынша 455 миллиард теңгені құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 292 миллиард теңгеге немесе 1,8 есеге артық.

"Мұндай нәтижеге қол жеткізу табыстарды ұлғайту мен шығындарды жүйелі түрде азайту есебінен мүмкін болды. Ал қордың стратегиялық көрсеткіші болып табылатын таза активтердің құны 6,8 триллион теңгеден асып, 2015 жылдағыдан 7%-ға өсті. Меншікті капиталдың тиімділігі 2015 жылы 3,3%-ды құраса, 2016 жылдың соңында 5,5%-ға жетті, – деді "Самұрық-Қазына" басшысы.

Сонымен қатар 2016 жылдың қорытындысы бойынша қор салық төлеу мен өзге төлемдер есебінен мемлекеттік бюджеттің табысын 610 млрд теңгеге ұлғайтты. Қор компанияларының тобы республикалық бюджеттен алған қаражатты 99,5%-ға игерді.

Ол сондай-ақ парламентшілерді "Самұрық-Қазына" активтерін жекешелендіру бағдарламасының жүзеге асу барысы туралы ақпараттандырды.

"Бұл бағдарлама аясында қор тобының 215 нысаны бәсекелестік ортаға тапсырылады. Бүгінде экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 151 активті сату тәсілдерін бекітті, оның ішінде 132-і қор құрамынан шығарылды. Қазіргі таңда қор жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында сатылуға тиіс өзге активтер бойынша даярлық жүмыстарын жүргізуде", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Оның мәліметінше, "Самұрық-Қазына" корпоративтік орталығын трансформациялау үрдісі аяқталуға жақын.

"Қор өз активтерін директорлар кеңестері арқылы және қызметтің негізгі көрсеткіштеріне сүйеніп басқаратын" стратегиялық холдинг-белсенді инвестор" ретінде жұмыс істейді. Жалпы 2014 жылы бастау алған трансформация бағдарламасының нәтижесінде бүгінде 6 ұлттық компания, атап айтқанда "Қазақстан темір жолы", "ҚазМұнайГаз", "Қазатомөнеркәсіп", "Самұрық-Энерго", "KEGOC" және "Қазпошта" 130-дан аса трансформация жобасын жүзеге асырып жатыр. Жалпы қордың компаниялар тобында трансформация жобаларынан түсетін экономикалық пайданың жиынтық көлемі 1 триллион теңгеден асады деп күтілуде" деді ұлттық әл-ауқат қорының басшысы.

Алайда мәжіліс атынан сөз сөйлеген палатаның экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов квазимемлекеттік секторды аяусыз сынап, бұл "көркем көрсеткіштер" шынында көркем еместігіне өз дәлелдерін келтірді.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры 2015 жылы 304 миллиард теңге пайда көрді, бірақ оның негізгісі – 683 миллиарды девальвация арқасында валютаның айырбас бағамындағы айырмасы арқылы келді. Сол сияқты 2016 жылы қордың пайдасы 575 миллиард теңге болды. Сонымен қатар, соңғы бес жылда квазимемлекеттік сектордың жеке субъектілерінің активтерді басқару тиімділігінің төмендеп бара жатқандығы байқалады. Мәселен, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ активтерінің тиімділік коэффициенті 2012 жылғы 7%-дан 2016 жылы 2,6%-ға немесе 2,7 есе азайды. Меншікті капиталдың тиімділік коэффициенті 2016 жылы 2,8 есеге азайды", – деді депутат.

Оның мәліметінше, 2016 жылы қордың қарыздары алдыңғы жылмен салыстырғанда, 1 трлн 352 млрд теңгеге азайғанына қарамастан, қарыз сомасы 2016 жылы 9 триллион 938 миллиард теңгені немесе 29,8 миллиард долларды құрап отыр. Яғни, жалпы квазимемлекеттік сектордың барлық қарыздарының шамамен 70%-ы "Самұрық-Қазынаның" еншісінде.

"Ал, 2016 жылы "Самұрық-Қазына" тобының қарыздар мен шығарылған борышқорлық бағалы қағаздар пайыздарына 320 миллиард теңге жұмсалды. Бұл қор үшін өте үлкен салмақ. Сонымен қатар, "Самұрық-Қазына" тобының кредит мекемелеріндегі қаражаттары 2017 жылғы 1 қаңтарда 2 триллион 354 миллиард теңгені құраған немесе тура бір жыл бұрынғыға қарағанда 195 миллиард теңгеге артқан. Кредит мекемелеріндегі қаражаттар және олардың баламасы бойынша сыйақылар 2016 жылы 124 миллиард теңгені құрады. Қор өз қарыздарын өтеуге және сол қарыздарға қызмет көрсетуге үлкен ақша сомасын жұмсайды. Егер қор компаниялары сол қарыздарын төлеуге қабілетсіз болып қалса, сол орасан зор қарызды төлеу бюджет есебінен жүзеге асырылады. Себебі, қордың бірден-бір акционері ел үкіметі болып табылады", – деп дабыл қақты Нұртай Сабильянов.

Осыған орай, парламентшілер "Самұрық-Қазынаның" тапқан табыстарын, бос қаражаттары мен пайдасын босқаға шашпай, осы қаптаған қарыздарын жабуға жұмсауды ұсынды.

Сонымен қатар, депутаттар 4 триллион 450 миллион теңгені құрайтын 5 жылға дейінгі қарызына да назар аудартты. "Бұл үлкен сома және шешілуді талап ететін үлкен мәселе" деп бағалады олар.

Тағы бір түйткіл бар. 2016 жылы "Самұрық-Қазына" қоры тобына мемлекеттік бюджеттен 143,44 миллиард теңге бөлінген. Бұл деректі қор басшысы Өмірзақ Шөкеев растады. Оның түсіндіруінше, соның ішіндегі 130,6 миллиарды қордың жарғылық капиталын ұлғайту жолымен бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінген.

"Нақтылап айтсақ, республикалық бюджеттің қаржысы "Астана" стансасының темір жол торабын дамыту, "Жезқазған-Бейнеу" темір жолының құрылысы, "Алматы-Шу" учаскесінде екінші темір жолдарды салу, Құрық портында паром кешенінің құрылысы, "Ұлттық индустриялық мұнай-химия паркі" арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық нысандары, "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ы жолаушылар вагондарының жылжымалы құрамын жаңарту секілді жобаларға бағытталды", – деді "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы.

Ал мәжілістің мәліметінше, соңғы үш жылда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын толтыруға 1 триллионға жуық қаражат – 948,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен шығындалған.

Депутаттардың айтуынша, олардың көп бөлігі уақтылы игерілмейді және қолма-қол ақшаның бақылау шоттарында орналасқан. Яғни, есеп комитеті анықтағандай, ұлттық компаниялар бюджет қаржыларын банктердегі депозиттерге салып қояды да, олардан алынған миллиардтаған сыйақыны әртүрлі бонустарға, әкімшілік шығыстарға жұмсайтын көрінеді.

Егер жиында айтылған дерекке жүгінсек, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша квазимемлекеттік сектордың субъектілеріндегі қалдықтар 113 миллиард теңгені құрады.

Сондықтан мәжіліс депутаттары үкіметтен "квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын бюджеттік қаражаттар есебінен толтыруды тоқтатуды" талап етті.

Бұл ретте бірнеше жылдан бері бюджеттен қаржыландырылмайтын және қаражаттарды облигациялар шығару арқылы тартатын Малайзиядағы "Темасек Холдинг" компаниясы үлгі етілді. "Самұрық-Қазына" онсыз да бизнесті қолдауға және халықты әлеуметтік қамтамасыз етуге жетпей жатқан бюджет қаржысына қол сала бермей, әлемдегі осындай озық тәжірибелерді қабылдауы қажет.

"Самұрық-Қазына" басшылығының дерегінше, қордың жалғыз акционері – ел үкіметі үлесіне аударған "дивидендтері мен өзге төлемдері 57 млрд теңгеге жетіпті". 

Алайда есеп комитеті квазимемлекеттік сектордың мемлекетке қайтарымы, яғни дивидендтері жыл өткен сайын азайып барады деп отыр.

2016 жылы есеп комитеті квазимемлекеттік сектордың 87 объектісіне "ревизорлық сапарлар" ұйымдастырып, аудиторлық іс-шаралар өткізді. Олардың нәтижелері бойынша таза пайданы төлеуден кейін квазимемлекеттік сектор субъектілерінде бірнеше жылдар бойы депозиттік шоттарда орналасқан және экономиканың жетекші салаларына бөлінбей, уақытша бос ақшалай қаражаттардың едәуір көлемі қалатыны анықталды.

Тағы бір белгілі болғаны сол, егер 2015 жылы олар мемлекетке 34 миллиард теңге дивидент төленсе, 2016 жылы бұл сома еселеп азайып, небары 10 миллиард теңгені құрады. Сондықтан талқылау қорытындысында парламент депутаттары кезекті рет квазимемлекеттік сектордан мемлекеттік акциялар пакетіне дивиденттер сомасын арттыру талабын қойды.

Негізі, сарапшылар ұлттық компаниялар бюджет қаржысынсыз-ақ өз беттерімен күн көріп, инфрақұрылымдық жобалар үшін де қаржы таба алатындарын айтады.

Мәлім болғанындай, "ҚазМұнайГаздың" таза пайдасы 2016 жылы 306 миллиард теңгеге жетті. "ҚМГ" ҰК" АҚ атқарушы вице-президенті – қаржы директоры Дәурен Қарабаевтың айтуынша, компания былтыр 22,6 млн тонна мұнай және 7,4 млрд текше метр газ өндірген.

"Қазақстан темір жолы" 41 млрд теңге көлемінде таза пайда тапты. "ҚТЖ" ҰК" АҚ қаржы жөніндегі вице-президенті Жасұлан Мәдиев мәліметінше, өткен жылы жүк және жолаушылар тасымалының көлемі 6,5%-ға, ал Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша контейнерлердің тасымалы 120%-ға өсті.

"Самұрық-Энерго" ұлттық компаниясының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Қайрат Мақсұтовтың сөзіне қарағанда, 2016 жылдың нәтижесінде компанияның шоғырланған пайдасы 6,5 млрд теңге деңгейінде жоспарланғанымен, ол бірден 18 млрд теңгеге дейін өсіпті. Өткен жылы "Самұрық-Энерго" компаниясы 22,5 млрд кВт/с электр энергиясын, немесе елдегі барлық қуат көлемінің 24%-ын өндірді. Көмір өндірісінің көлемі 35 млн тоннаны құрады, бұл Қазақстанда шығарылған көмірдің 36%-ы.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу