Өткен жылдың тамызында басталған активтер сапасын бағалу (Asset Quality Review-AQR) желтоқсан айында аяқталды. Алайда оның нәтижелері әлі көпшілік назарына ұсынылған жоқ. Осы орайда Moody's халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның банк секторын сауықтыруға қосымша қаржы тартылатынын айтуда. Сонымен қатар агенттік Ұлттық банк қаржы институттарын қолдау бағдарламасын әзірлеуі мүмкін дейді.
"Бұған дейін Ұлттық банк AQR нәтижелері бойынша проблемалық банктерді қолдау бағдарламасын әзірлеуі мүмкін деп хабарлаған. Ол Қазақстан банктері активтерінің сапасын жақсартып, қаржы секторы үшін жағымды әсер етеді", – делінген Moody's таратқан хабарламада.
Бұған дейін агенттік AQR-дан кейін еліміздің қаржы институттарына 400-600 млрд теңге қажет болуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған еді. Бұл ретте Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басқарушы директоры Ләззат Үсенбекова кешенді тексеруден кейін Ұлттық банк AQR әдістемесін қаржы институттарына қойылатын негізгі талаптар ретінде алуы мүмкін дейді. Сарапшының сөзінше, бұл қаржы секторының дамуына жағымсыз әсер етіп, несие беру көрсеткішінің төмендеуіне алып келеді.
"Кешенді тексеріске қатысқан 14 банктің активтерінің үлесі Қазақстандағы жалпы банк секторы активтерінің 87%-ын құрайды. Сондықтан Ұлттық банк AQR әдістемесін кейін банктерге қойылатын негізгі талап ретінде алуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде қаржы секторының дамуына жағымсыз әсер етіп, несие берудің төмендеуіне алып келеді. Мұндай тәжірибелерді енгізу жан-жақты сараптама мен жалпы экономиканың дамуына әсерін зерттеуді талап етеді",– деді Ләззат Үсенбекова.
Сарапшы Расул Рысмамбетов активтер сапасын бағалу қосымша қаржы тарту қажет екенін көрсеткенімен, банктердің жабылуына алып келмейтінін айтады.
"Меніңше AQR көптеген банктерге қосымша капитал қажет екенін көрсетеді. Оны акционерлер құяды. Егер акционерлерде қаржы болмаса, олар реттеушінің кеңестері бойынша бұл соманы қайдан алуға болатынын қарастырады. Соған сәйкес AQR-дан кейін қандай да бір банк жабылып қалады деп ойламаймын. Активтер сапасын бағалаудан кейін несие портфелі бойынша ұсыныстар айтылады. Кейін банктерге қаржылық тұрақтылықты сақтап қалу үшін тиісті шаралар қолдануға уақыт беріледі",– дейді Расул Рысмамбетов.
Ал қаржы сарапшысы Мұрат Қастаев банк активтерінің сапасына байланысты мәселелердің барлығын жаңадан құрылған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шешетінін айтады. Сарапшының сөзінше 2021 жылы әлемдік экономиканың даму қарқыны төмендеп, рецессия болуы мүмкін. Сондықтан биылғы жыл банк активтері сапасын қалыпқа келтіруге ең қолайлы кезең.
"2020 жыл еліміздің банктеріне тиесілі сапасыз активтерді есептейтін қолайлы уақыт. Себебі 2021 жылы әлемдік экономиканың даму қарқыны бәсеңдеп, тіпті рецессия болуы мүмкін. Сондықтан дағдарысқа жақсы нәтижелермен, дайын келген жөн. Жалпыхалықаралық агенттіктердің бағалауынша банктердегі "сапасыз несиелері" 20-25%-ға артуы ықтимал. Бұл 2,5-3 трлн теңге деген сөз. Егер салыстырмалы түрде алар болсақ өткен жылғы қаржы институттарының жалпы табысы 0,5 трлн теңгені құраған. Сондықтан "сапасыз несиелердің" жалпы сомасы жылдық табыстан да көп болуы мүмкін",– дейді Мұрат Қастаев.
2019 жылдың қараша айының соңындағы мәліметтер бойынша еліміздің банктік активтері 4,8%-ға өскен, жалпы капиталы 10,2%-ға жоғарылаған. Ал "сапасыз несиелердің" ресми көрсеткіші 9%-ды құрады. Осы орайда Мұрат Қаставе AQR-дан кейін ресми деректер 1,5 есеге артатынын айтады.
"Бұл көрсеткіштер әлі де өседі. Шамамен 13-14%-ға жетуі мүмкін. Нәтижесінде қосымша қаржының қажеттілігі салдарынан акционерлерге жасалатын қысым күшейе түседі. Сондықтан 2020 жылы кейбір банктер өз бетімен лицензиядан бас тартып, бірнеше банк бірігуі ықтимал",– деді сарапшы.
Қазіргі кезде елімізде 28 банк жұмыс істеуде. Оның 14-і активтер сапасын бағалауға қатысты. Бұған дейін Ұлттық банк AQR нәтижелері бойынша ақпан айында қаржы институттарына ұсыныстар айтылатынын хабарлаған.
Құралай Құдайберген