Ақша массасындағы доллардың көлемі көбеюі мүмкін

21687

Бұған Ұлттық банктің жаңа шешімі әсер етуі ықтимал.

Ақша массасындағы доллардың көлемі көбеюі мүмкін

1 шілдеден бастап Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен валюталық депозит аша алады. Мұндай депозиттердің мерзімі – 1 ай. Ал жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,5%. Ұлттық банктің түсіндіруінше, жаңадан енгізілген өзгеріс банк секторын ынталандыруға бағытталған. Алайда банктер жаңа қаржы тетігіне қызығушылық танытып отырмаған секілді.

Банктер де жылайды

Біздегі коммерциялық банктер активіндегі ақшаның бір бөлігін Ұлттық банктің депозитінде ұстайды. Нақтырақ айтқанда, корреспонденттік шотта. Алайда одан банктер еш табыс таппайды, тіпті кейде мұның өзі шығын болып кетеді. Өйткені қаражат жұмыс істеп, табыс таппайды.

"Біз ақшамызды Ұлттық банкке 0 пайызбен саламыз, сондықтан ақшасын шетел валютасымен сақтайтын корпоративтік тұтунышыларымызға 0 пайыз  ұсынамыз. Салдарынан олар бізден ақшаларын алып кетеді. Сөйтеді де шетел банктеріне салады. Сондықтан мәселені Ұлттық банк шешпесе, жағдай жақсармайды", – деген еді бір ай бұрын арнайы баспасөз мәслихатында Халық банк басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова.

Расында, Ұлттық банктің статистикасына сүйенсек, жыл басынан бастап сәуір айының аяғына дейін шетел валютасындағы депозит көлемі 20,4пайызға қысқарған. Мәселен корпоративтік салымдардың көлемі 30, жеке тұлғалардың салымы 9,1 пайызға қысқарған.

Міне, осы мәселелерді саралай келе, Ұлттық банк таяуда екінші деңгейлі банктердің өзінен шетел валютасында шот ашуына рұқсат беріп, оның сыйақы мөлшерлемесі 0,5 пайыз болатынын жариялады.

"Орталық банк ұсынған жылдық сыйақы мөлшерлемесі мардымсыз. Тіпті, 2,25-2,50 пайыз түріндегі Федеральдық резерв қызметінің базалық сыйақы мөлшерлемесін де қамтымайды. Ары бармай-ақ қояйық, көрші Ресейдің өзі бұл ретте 2 пайыз ұсынып отыр. Әрине корпоративтік тұтынушылар мұндай таңдау барда, отандық банктерге ағылып, жаппай депозит ашпайды. Сондықтан бастама банк секторына керемет серпін береді деп айта алмаймын. Дегенмен бұл банктер үшін жоқтан бар нәрсе. Әрине мұндай жағдайда теңгеге қысым күшейеді", – дейді қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы директорының орынбасары Олжас Төлеуов өзінің телеграмдағы болжам жазбасында.

Ал қаржыгер сарапшы Ілияс Исаев бұл Ұлттық банктің қауқарсыздығын танытатынын, елдің емес, банктердің жеке мүддесі тұрғысында қабылданған шешім екенін алға тартады. Оның айтуынша, бұл тетіктің пайда болуы Ұлттық банктің осыған дейінгі экономиканы доллардан арылту саясатын белгілі бір деңгейде жоққа шығаруы мүмкін.

Ұлттық банк өзінің саясатына қарсы ма?

"Осыған дейін Ұлттық банк доллардан арылу саясатын жүргізіп, қаншама тер төкті. Жеке тұлғалар үшін шетел валютасындағы депозиттің жылдық сыйақы мөлшерлемесін 1 пайызға, заңды тұлғалардікін 0 пайызға дейін түсірді. Соның арқасында экономика айналымындағы ақша массасының 60-70 пайызын құраған доллардың көлемін 44-45 пайызға төмендетті. Енді оны ары қарай төмендету үшін Ұлттық банк бастаған саясатын жалғастыруға тиіс болған. Алайда олар банктердің, түсімі шетел валютасында болатын ат төбеліндей компаниялардың мүддесімен санасып, орта жолдан тайды, – дейді Ілияс Исаев.

Қаржыгердің пайымынша, 1 шілдеде қолданысқа енетін жаңа тетіктің кесірінен елдегі ақша массасындағы доллардың көлемі қайтадан көбейіп, ол ақша ұсынысы инфляциясына әкеп соғуы ықтимал. Ал бұл Қазақстан экономикасы өсіміне еш қатысы жоқ макроэкономикалық бұзық құбылыс.

"Валюталық эмиссия кредиттік және бюджеттік эмиссиядан асып түскен жағдайда Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу ұстанымдары өз күшін жоя бастайды. Мұндай жағдайда экономиканы монетарлық реттеу саясаты да тоқырауға ұшырайды. Еліміздің жалпы ішкі өнімінің көрсеткіші тек номинальды мағынаға ие болады, өзінің нақты көрінісін таныта алмайды. Сондықтан Ұлттық банк жақын арада өзі енгізген бұл тетіктен бас тартады деп үміттенемін, – дейді Ілияс Исаев.

Маманның мәлімдеуінше, ақшаның сыртқа ағылуын бұл тетік тоқтата алмайды. Керісінше, ол ел экономикасы көрсеткіштеріне теріс әсер етеді.

"0,5 пайызға қызығып, шетелдің банктерінен ақшасын корпоративтік сектордағы компаниялар алып келеді дейсіз бе? Жоқ, әрине. Олардың ақшасы бұрын да шетел банктерінде жатқан. Алда да солай бола береді. Мұның жолын басқа елдер қарастырып жатыр ғой. Өзара ұлттық валюта есебімен есеп-айырысу арқылы. Мұндай тәжірибе бізде де бар. Міне, сырттан табыс табатын компанияларды осындайға мәжбүрлеу керек деп ойлаймын. Жаңадан құрылған сауда және интеграция министрлігі осы мәселені назардан тыс қалдырмауға тиіс. Бұл жерге ақшамен жұмыс істеген басшы барды ғой. Мәселенің шешімін, міне сол жақтан іздеу керек", – деп түйді ойын Ілияс Исаев.

Кәмшат Сатиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу