Банк жүйесіне деген сенімді арттыру қажет

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3768

Президент Ұлттық банкке қатысты өткір сын айтты.  

Банк жүйесіне деген сенімді арттыру қажет

Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев abctv.kz-ке президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты биылғы жолдауына қатысты пікір білдірді.

"Мемлекет басшысы он міндеттің бірі ретінде қаржы секторын атады. Шынымен, бұл саланы қайта жаңғырту бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Президент банк иелерінің де, жеке тұлғалардың да жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударды. Ұлттық банкке қатысты айтылған сыны да дұрыс деп ойлаймын. Президент жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажеттігін ескертті. Иә, ел тұрғындарының банктерден несие алып, көп жағдайда оны қайтара алмауы кейінгі кезде күрделі мәселеге айналды. Сондықтан бұл жағдайды реттеу үшін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қажет. Бұл әлемнің өркениетті елдерінде бар тәжірибе. Демек ол үрдіс біздің қоғамға да енуі қажет", – деді Сапарбай Жобаев.

Сарапшының сөзінше, президенттің жолдауындағы банк секторына қатысты міндет отандық банк жүйесіндегі келеңсіздіктерді жоюға бағытталған қарышты қадам.

"Ел тұрғындарының, инвесторлардың банк жүйесіне деген сенімін арттыру маңызды мәселе. Негізінен банктердің меншікті капиталы 10-15%-ды ғана құрайтыны белгілі. Олар көбінесе жеке кәсіпорындар мен мекемелердің есебінен жұмыс істейді. Сол себепті банктердің жұмысы мейлінше ашық болуға тиіс. Әрбір тұрғын банктегі қаржысын онсыз да үнемі бақылауда ұстайды. Банктерге қатысты келеңсіз оқиға орын алса, инвестициялық табыстары үшін алаңдайтыны да сондықтан. Ал банк жүйесіндегі келеңсіз жағдайлар ел экономикасына ғана емес, Қазақстанның инвестициялық климатына да қатты әсер етеді. Себебі шетел инвестициясы біздің елге банк арқылы келеді", – деді экономист.

Сапарбай Жобаевтың пікірінше, елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайды бірқалыпты ұстауда қаржы секторының алар орны ерекше.

"Қаржы секторы экономиканың негізгі құрамдас бөлігі. Елбасы атап өткендей, инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруы және қор нарығының дамуы маңызды болып саналады. Бұл ретте 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын бастаған "Астана" халықаралық қаржы орталығының көмегі көп болмақ. Біршама уақыт бұрын Алматыда құрылған өңірлік қаржы орталығы, биылдан бастап қатарға қосылған "Астана" халықаралық қаржы орталығы Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы экономикалық жағдайға, қаржы саласына тың серпін береді. Әрине ең алдымен химия өнеркәсібі, металлургия, ауыл шаруашылығы секілді негізгі бағыттарға көңіл бөліп, экономиканың дамуын қамтамасыз еткен дұрыс. Тек осыдан соң әлеуметтік бағдарламаларды орындау мүмкіндігі еселенеді.

Әлеуметтік салаға мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінуде. Бірақ бұл мақсатқа Ұлттық қордан бағытталатын қаржы әлі де болса көптеу. Ендігі міндет – Ұлттық қордан бөлінетін қаржыны азайту. Бұл міндетті орындау экономиканың табысты салаларының салығы арқылы жүзеге асырылмақ. Осы мәселелер реттелсе, елдің экономикалық өсімін едәуір арттыруға мүмкіндік бар", – деп түйді ойын сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу