Саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев жыл сайынғы Президент жолдауында айтылатын мәселелердің кейбірі орындалмай, сөз күйінде қалып қоятынын әлеуметік желіде жариялады.
"Бұған дейінгі қабылданған бағдарламалардың тиімділігіне қоғам алдында талдау жасалып, баға берілмейді. Жолдаудағы жаңа тапсырмалар жүзеге аспай қалған ескі шешімдердің қатарына қосылып жатыр. Іс-әрекет жасалғанымен, нәтиже бермеуде. Жыл сайын халқына Жолдау жолдамайтын елдердің де, дамуына еш кедергі жоқ. Бұның қарапайым ғана себебі бар. Мысалы, ол елдерде экономика мен саясатта сәтсіздікке ұшыратқан адамдардан әділ әрі бәсекелі сайлау арқылы жауап беруі талап етіледі", – деп айтып өтті саясаттанушы.
Досым Сәтпаевтың сөзінше, мемлекет дамуының негізгі стратегиялық мақсаттары бірнеше жылда бір рет жарияланса да жеткілікті.
"Біздің жыл сайынғы жолдауымыз билік пен халықтың арасындағы байланыстың ескірген үлгісі. Менің ойымша, тек бірнеше жылда бір рет қана мемлекет дамуының негізгі стратегиялық мақсаттарын жариялап, содан кейін уақыт пен ақша босқа кетпес үшін мемлекеттік аппараттың жұмысын қатаң бақылауға алса да жеткілікті. Сондай-ақ, болашақта осы бағдарламаларды іске асыруға кедергі болатын түрлі ықтимал қауіп-қатерлерді, форс-мажорлық жағдайларды ескеретін тәуекелдерді басқарудың жоғары сапасына баса назар аудара отырып, елдің дамуының стратегиялық бағдарламаларын әзірлеудің тиімсіз механизміне өзгерістер енгізу қажет", – деді Тәуекелдерді бағалау тобының басшысы.
Досым Сәтпаев мұның барлығы орталықтағы және жергілікті жерлердегі жағдайды басқара алатын, тиімді жұмыс істейтін әрі демократиялық қалыптасқан саяси институттарсыз мүмкін емес екенін айтты.
"Бұл Ақорда алдында емес, сайлаушылары алдында жауапкершілік арқалайтын әкімдерді сайлауды қолға алмайынша мүмкін емес. Бұл тиімсіз мәслихаттарды аластататын жергілікті өзін-өзі басқару туралы жаңа заң әзірленіп, қабылданбайынша мүмкін емес. Бұл парламенттік реформасыз, яғни партиялық және бір мандатты тізімдермен сайланатын бір палаталы парламентсіз мүмкін емес. Бұл бюрократиялық аппаратты 25%-ға ғана емес, 50%-ға немесе одан да көпке мөлшерде қысқартпай әрі еңбекақысы көп, қиын жұмысы жоқ көп шенеуніктің жайлы орындарын жоймай мүмкін емес. Бұл сот пен құқық қорғау жүйесін жаңарту аясында сот және құқық қорғау органдары қызметкерлерін қоғамдық және жаппай кәсіби аттестаттаусыз мүмкін емес", – деген саясаттанушы тек нәтиже болған кезде ғана саяси жүйеге деген сенім молаятынын сөз ете отырып, үкімет пен қоғам арасында жаңа әлеуметтік келісім қажет екенін айтты.
"Мұндай келісім болмаса, мемлекет биліктің барлық деңгейіндегі құзыреттілік дағдарысы мен ұжымдық жауапсыздықтың құрсауында қала береді. Мұндай келісім болмаса, кез келген мемлекет өз қызметінің маңызды элементі – азаматтарының билік органдарының айтқанына және істегеніне деген сенімнің жоғары деңгейіне ие болмайды. Өйткені осындай сенім ғана азаматтардың ынтымақтастыққа деген ықыласын оятып, ұжымдық әлеуметтік жауапкершілігін арттырады. Ел азаматтарының басым бөлігі әдемі уәде беріп, түймедейді түйедей етіп көрсететін реформашылдықты жіті қабылдауды қойғанына көп уақыт болды. Оның үстіне еліміз жұмыссыздық пен кедейліктің өсіп, инфляцияның үдеуі орта және шағын бизнеске қатты соққы болып тиген ауыр дағдарыс кезеңіне кірді. Бұл орта таптың азаюына әкеп соғады", – дейді Досым Сәтпаев.
Тәуекелдерді бағалау тобы директорының айтуынша, ел азаматтарының табыстың күрт азаюы, білім беру сапасының нашарлауы, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықтың артуы және адами капитал сапасының төмендеуі – халықтың несие алуын көбейте түскен.
"Осылардың бәрі жиналып келіп, наразылықтың өсуіне негіз болады. Сол себепті, әлеуметтік-экономикалық салада тұтынушылар сұранысын ынталандырып, кедейлікті азайтып, өмір сүру сапасын жақсарту үшін негізгі шартсыз (базалық) кірісті енгізу арқылы, барлық табысы төмен азаматтарға жұмыс тапқаны, таппағанына қарамастан 42 500 теңгені 1 немесе 2 жыл бойы ай сайын төлеп тұру керек. Халықтың несиесінің көп болуына байланысты, әлеуметтік шиеленісті ішінара жою үшін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау қажет. Сондай-ақ, азаматтарға жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін созылмалы және өмірге қауіп төндіретін ауруларды емдеуге пайдалануға мүмкіндік беру керек", – деп атап айтты саясаттанушы.
Сондай-ақ, ол елде ШОБ үшін салық жеңілдіктері мен демалысын 2021 жылдың соңына дейін қалдыру қажеттігін әрі қаржылық-экономикалық дағдарыс кезінде ҚҚС пен КТС-ті арттыруға мораторий енгізу керек екенін де сөз етті.
Нұржан Көшкін