Банктен биометриялық көрсеткішпен несие алуға болады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3032

Екінші деңгейлі 11 банк тест режимінде of-line жағдайда on-line қызмет көрсетіп жатыр.

Банктен биометриялық көрсеткішпен несие алуға болады

Былтыр Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, клиенттерге қашықтықтан сәйкестендіру арқылы қаржылық қызмет көрсететінін мәлімдеді. Осылайша қалың көпшілікке алдағы уақытта жеке тұлғаларға қаржылық мәселені банкке бармай, қашықта отырып шешу мүмкіндігі берілетінін сүйіншіледі.  

Сол кезде Ұлттық банктің төлем жүйелері департаменті директорының орынбасары Әсем Мадиярова болашақта жеке тұлғалар қаржы ұйымдарынан тыс жерде есепшоттарын басқарып, несие рәсімдей алатынын айтты. Ол қолданыстағы заң бойынша банктің қаржылық қызметіне жүгінгісі келген азаматтар міндетті түрде қаржы ұйымына бас сұғуы тиіс екенін, бұл клиенттер үшін қолайсыздық туғызатынын алға тартты.

"Біз жүзеге асыруды көздеп отырған жоба екі ұстанымға негізделген. Біріншісі, жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорына қолжетімділік, екіншісі, биометрия. Біз соңғы ұстанымның болашағы зор және алаяқтықтың алдын алудың бірден-бір жолы деп білеміз. Ұсынылып отырған механизм өте қарапайым және клиенттер үшін ыңғайлы болады. Қаржылық қызмет алғысы келген адам барлық операцияны ЖСН-нын (жеке сәйкестендіру нөмірі) енгізу арқылы жүзеге асырады. Банк бейне-конференция арқылы клиентпен байланыс орнатып, қашықтықтан сәйкестендіреді. Яғни клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттағы суретті мемлекеттік дерекқордағы мәліметпен салыстырады. Бұл ретте клиенттің тұрғылықты мекенжайы, туған күні мен жылы және басқа да деректер тексеріледі. Сәйкестік анықталған жағдайда клиентке of-line жағдайда қаржылық қызмет көрсетіледі. Жүйе нейрон желілерінен құралған. Сондықтан ол алаяқтықтың алдын алады. Мысалы әр адамда жасы ұлғайғанына қарамастан, көз арасы, маңдай биіктігі сияқты өмір бойы өзгермейтін көрсеткіштер болады. Компьютер осы көрсеткіштерді назарға алып, мемлекеттік дерекқордағы мәліметпен салыстырады", – деген еді Әсем Мадиярова.

Департамент директорының орынбасары қашықтықтан сәйкестендіруді клиенттердің дауысымен де жүзеге асыруға болатынын баяндаған.

"Мемлекеттік дерекқорда ел азаматтарының дауысы жазылып алынған болса, қашықтықтан сәйкестендіру дауыс арқылы да жасалады. Жаңа механизмнің қолданысқа енуіне екінші деңгейлі банктер де мүдделі болып отыр. Жоба жүзеге асса, қағазбастылықтан құтқарып, клиенттердің қатарын көбейтеді, – деген болатын Әсем Мадиярова.  
Бүгінгі таңда Ұлттық банк еліміздегі "ноу-хау" бастаманы қолданысқа енгізу үшін бар мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Мысалы қазірдің өзінде 11 банк

тест режимінде клиенттердің шектеулі тобына of-line жағдайда on-line қызмет көрсетуде.  

"Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің клиенттерінің шектеулі тобына

шынайы өмірдегі жағдайларға ұқсас тестік платформа әзірледі. Платформаға 11 банк қосылып, сынақтан сүрінбей өтті. Бұл тетікті енгізу клиенттерге банктердің бөлімшелеріне бармай, қағаз құжаттарға қол қоймай қаржылық қызмет алуға, оның ішінде банк шоты мен депозит ашуға, төлем карточкасын шығаруға және өзге де мәмілелерді жасауға мүмкіндік береді", – деп хабар таратты Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, жеке тұлғаны қашықтықтан сәйкестендіру жобасы қаржылық қызметтің қолжетімділігін арттырады, шалғайда тұратын және қозғалысы шектеулі азаматтардың мүмкіндігін арттырады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу