Банктер ипотекалық несие беруді ұлғайтты

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2893

Ипотекалық несиедегі үш теңгенің екеуі ТҚЖБ-ға тиесілі.  

Банктер ипотекалық несие беруді ұлғайтты

Өткен жылдың тамыз айы мен биылғы тамыз аралығында екінші деңгейлі банктер экономиканы 12,7 трлн теңгеге несиелендірді. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 24,5 пайызға артық.

Несиелендіру көлемінің күрт көбейгенінің өзінде де кейбір сегменттерде ерекше өрлеу байқалады. Мәселен, 2017-2018 тамыз айлары аралығында берілген ипотекалық несие, яғни үй құрылысы мен сатып алуға берілген қарыз рекордтық 44 пайызға артып, 470,1 млрд теңгеге жетті.

Өсім қарқыны жағынан екінші орында тұтынушылық несие тұр. Аталған уақыт аралығында халықтың рәсімдеген тұтыну несиесі 31,3 пайызға өсіп, 3 трлн 321,5 млрд теңгеге жетті.

Несие түрлері бойынша ең қарқынды өсіп келе жатқан үштікті айналым қаражатын рәсімдеген несие тұйықтайды. Бұл сегмент 12 айда 17,4 пайызға өсіп, 6 трлн 781,5 млрд теңгеге жетті.

Бұдан бөлек негізгі қорды сатып алуға берілген несие, жаңа құрылыс пен жөндеу және құнды қағаздарды сатып алуға берілген несие керісінше кеміп келе жатыр.

Мәселен, негізгі қорды сатып алуға берілген несие жоғарыда аталған уақыт аралығында 2,4 пайызға, 338,8 млрд теңгеге азайып қалса, жаңа құрылыс пен жөндеу жұмыстары үшін берілген несие 6,3 пайыз азайып, 171,6 млрд теңге болып қалды.

Өз кезегінде, құнды қағаздарды сатып алуға берілген несие көлемі тіпті 54,8 пайызға құлдырап, 28,4 млрд теңгеден 12,8 млрд теңгеге бір-ақ түсті.

Ал өзге мақсаттар үшін берілген несие көлемі 59,3 пайызға артып, 1 трлн 582,8 млрд теңгеге жетті.

Ипотекалық несиеге қайта оралар болсақ, былтырғы тамыздан бергі 12 ай ішінде берілген 470,1 млрд теңгелік ипотекалық қарыздың 63,6 пайызы, яғни 299 млрд теңге ТҚЖБ-ға (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) тиесілі.

Айта кетейік, жыл санап бұл банктің ипотека нарығындағы үлесі ұлғайып келеді. Былтыр банктің үлесі 62,3 пайыз болған. Ал 5 жыл бұрын тіпті ипотека нарығындағы ТҚЖБ-ның үлесі 20,4 пайыз ғана болған еді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу