"Қазақстан Ұлттық Банкі екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып қаржылық қызметтерді цифрландыру бойынша бірқатар жаңа бастамаларды іске асыруда", деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов.
Оның айтуынша, келесі жылдың басында өнеркәсіптік пайдалануға түрлі банктердің клиенттері арасында мобильді телефон нөмірі бойынша мезеттік режимде онлайн-төлемдерді жүргізуге арналған "Мезеттік төлемдер жүйесін" іске қосу жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұл жергілікті төлем жүйесі 2018 жылғы қыркүйекте әзірленген еді.
"Бұл – банкаралық технологиялық платформа, ол банкішілік төлемдер сияқты қарапайым, мезеттік режимде төлемдерді өзара жүргізуге мүмкіндік береді. Пайдаланушылар үшін қаржылық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету және банкаралық кедергілерді жою аталған жүйенің мақсаты болып табылады", – деді Жанат Құрманов.
Сондай-ақ 2019 жылы бас банк онлайн-сақтандыру жүргізуді жоспарлап отыр, – деді Қазақстан Ұлттық банкі басшысының орынбасары. Оның айтуынша, аталған жобаны енгізу сақтандыру қызметтерінің құнын төмендетуге, сондай-ақ сақтандыру компаниясының кеңсесі немесе агенті жоқ шалғай аймақтардың тұрғындары үшін сақтандыру қызметтерінің географиялық қолжетімділігін арттыруға алып келеді.
"Онлайн-сақтандыру қағазбен ресімделетін сақтандыру полисінің толық күшін жоюды болжайды. Халық міндетті сақтандыру шарттарын делдалдардың қатысуынсыз сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы электрондық нысанда жасай алады", - деп атап өтті Құрманов.
Сонымен қатар ол қаржылық қызметтердің клиенттерін қашықтан сәйкестендіру бойынша пилоттық жобаны олардың биометрикалық өлшемдері арқылы іске қосу 2019 жылғы 1-тоқсанға жоспарланғанын айтып берді.
"Клиентті қашықтан сәйкестендірудің осы тетігін енгізу азаматтарға, оның ішінде алыс өңірлерде тұратын азаматтарға географиялық орналасуына байланысты емес кез келген жабдықты – смартфондарды, планшеттерді, компьютерлерді пайдалана отырып, қашықтан алу тәсілімен қаржылық қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Бұл шешім банктік шот, төлем карточкасын ашу, кредитті Интернет арқылы алу сияқты қажетті қаржылық қызметтерді қашықтан алу үшін қажет", – деп түсіндірді Жанат Құрманов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ішкі істер, әділет, ақпарат және коммуникациялар министрліктерімен бірлесіп биометриялық көрсеткіштерді (бет әлпетін, даусын анықтау) және мемлекеттік дерекқордан алынатын мәліметтерді пайдалана отырып, клиенттерді онлайн сәйкестендіру мәселелері пысықталуда.
Құрманов өз сөзінде, сонымен қатар, ақпарат пен қаржылық инфрақұрылымды кибер қауіп-қатерден қорғау мәселелерін қозғады.
"Қазақстан Ұлттық банкі цифрлық ортада кибершабуылдарға және алаяқтық ісәрекеттерге қарсы тиімді іс-қимыл жүргізу үшін жүйелі шаралар әзірлеуде. Бұл – Ұлттық Банктің жанында құзырет орталығын, қаржы секторында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жедел орталықты, киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметін құру шаралары. Сондай-ақ, банктермен ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы; осалдығын және қауіп-қатерді анықтау өлшемшарттары мен ақпараттық қауіпсіздіктің болуы туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы деректермен алмасу жүйесін қалыптастыру жұмысы жүргізілуде", – деп хабарлады Жанат Құрманов.
Бауыржан Мұқан