Банктер Sunqar мезеттік төлем жүйесін қолдаған жоқ

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14539

Ұлттық төлем жүйесі қалай жетілдіріліп, қалай дамитыны белгісіз.

Банктер Sunqar мезеттік төлем жүйесін қолдаған жоқ

Үкімет пен Ұлттық банк қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, 1 қазанға дейін ұлттық төлем жүйесін жетілдіру бағдарламасын іске қосады. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың түсіндіруінше, жаңа жүйе көлеңкелі экономикамен күресу және нарықтағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесін арттыру үшін қажет.

Қаржы реттеушісінің есебінше, 2016-2020 жылдар аралығында төлем картасын пайдаланушылар саны екі есе өскен. Төлем карталары 15,7 млн-нан 32 млн-ға, ал қолданушылар 14,2 млн-нан 29,8 млн-ға жеткен.  

Адамдар төлем картасымен емес, сол картаға тіркелген телефон нөмірі  арқылы төлем жасауды әдетке айналдыра бастаған. Осыны назарға алған  үкіметтің қаржы блогы телефон нөмірі арқылы жасалған төлем қазынашылық органдардың назарына алынбайтынын айтып, мәселені күн тәртібіне қойды. Өз кезегінде қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов: "Телефон нөмірі арқылы төлем жасауға жол беріп отырған кәсіпкерлерді салық төлеуге міндеттеу керек" деп мәлімдеме жасады. Оның ойын Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қолдап: "Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесі ұлғайғанда бюджеттің түсімі артуы керек. Бұл – қалыпты жағдай", – деді.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қаржы технологиясы мен инновацияны дамыту орталығының директоры Константин Пактың пікірінше, нарық ойыншылары заңсыз транзакциялардың алдын алғанда ғана көлеңкелі экономикамен күрестің көрсеткішін жақсартады. Алайда кәсіпкерлер салықтан "жақсы өмір" сүргендіктен жалтармайтынын ескеру керек.

"Тұрақты бизнес-моделі мен табысы бар компания салық төлемеуді тәуекел санайды. Сондықтан бизнесін жоғалтып алмау үшін міндетті төлемдерін дер кезінде аударып отырады. Ал кәсібінен түскен табысы отбасын асырудан аспай отырған кәсіпкерлер салық көлемін қысқарту үшін кірісін көрсетпеуге тырысады. Олар үшін кез келген төлемді телефон нөмірі арқылы қабылдаған тиімді. Салық органдары бизнестің барлық сегментін бірыңғай талапқа бағындырмайынша, кейбір кәсіпкерлер олардың назарынан тыс ақша айналдыруды жалғастыра береді", – деді орталық директоры.

Былтыр Ұлттық банк телефон нөмірі арқылы бір мезетте төлем жасайтын Sunqar жүйесін іске қосты. Халықаралық төлем жүйелеріне балама ретінде дүниеге келген отандық төлем жүйесі еліміздегі ақша айналымына сыртқы төлем жүйелерінің бақылау жүргізуін қысқартуға және төлемдер мен аударымдардан алынатын алымдарды азайтуға ықпал етуге тиіс болды.

Sunqar жүйесіне жеке тұлғалар арасындағы ақша айналымын реттеу және  бөлшек саудадағы заңды тұлғалар мен кәсіпкерлердің QR-код арқылы есеп айырысуына мүмкіндік беру міндеті жүктелді.

Sunqar  барлық екінші деңгейлі банктерді жүйеге қосылуға шақырды. Үш банк ұсынысты қабыл алды. Басқа банктер мемлекеттік жобаға қолдау көрсетпеді.

"Sunqar – мезеттік төлем жүйесі арқылы жасалатын төлемдер мен аударымдарды тегін қылғанда жүйенің танымалдығы артатын еді. Клиенттердің базасын қалыптастырып, серіктестердің санын ұлғайтып алғаннан кейін де ақы алуға болатын еді. Алайда жағдай басқаша өрбіді, – деді Константин Пак.

Бүгінгі таңда еліміздің төлем жүйесі нарығында 20-дан астам отандық және шетелдік төлем жүйесі жұмыс істейді. Қазір олар Қазақстанның ұлттық төлем жүйесі нарыққа қандай ойын ережесін енгізеді деген сұраққа жауап  күтіп отыр. Себебі ұлттық төлем жүйесін енгізудің біртқатар халықаралық талабы бар. Бұл талаптар міндетті түрде сақталуға тиіс.

"Нарықта ойыншылардың барлығын бірдей қамтымайтын төлем төлеу мен аударым жасаудың бірнеше жабық жүйесі бар. Осы жүйелердің жұмысын реттеу керек. Бұған қоса жалпыға ортақ ереже мен төлемдердің бірыңғай идентификациясын сонымен қатар операциялардың стандартын қалыптастыру қажет. Төлем төлеушілердің биометриялық деректерін мемлекеттік деректер базасына енгізу мәселесі де шешілуге тиіс. Осының барлығы қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың үлесін арттырады. Сонымен қатар қолма-қол ақша беретін инфрақұрылымдарға жұмсалатын шығындарды азайтады", – деді Константин Пак.

Оның ойынша, нарықтағы ойыншыларды Sunqar мезеттік төлем жүйесіне интеграциялау үшін оларға тиімді коммерциялық ұсыныс жасау қажет.

"Ұлттық төлем жүйесі бірінше кезекте отандық компанияларды қамтиды. Себебі олардың қаржылық қызметін Ұлттық банк реттейді. Атап көрсетерлігі, ел аумағында жұмыс істесе де, қаржы реттеушісінің реттеуінен тыс ойыншылар бар. Бұл қалыпты жағдай. Мемлекеттік органдардың қаржы секторынан мейлінше мол мағлұмат, оның ішінде банк құпиясына жататын мәліметтерді де біліп отыруға деген ұмтылысы жыл сайын артып келеді. Орталықтандырылған жүйе қалыптасса, мемлекет нарық ойыншыларына сұрау салмастан, өзіне қажетті ақпаратты алып отырады. Соңғы уақытта "банк құпиясы" деген ұғым көмескіленіп, кейбір ақпарат сыртқа тарап кететін болып жүр. Бұлай жалғаса берсе Ұлттық банк халықаралық дәрежедегі тәуекелге тап болады. Себебі Еуроодақ азаматтарының жеке деректерінің құпиялығын қорғайтын заң бар. Өздеріңіз білетіндей, Еуроодақ азаматтары Қазақстан банктерінің желісі арқылы транзакция жасайды. Егер олардың жеке деректері үшінші жақтың, қазіргі жағдайда мемлекеттің қолына түссе немесе талдау мен сараптау кезінде ашық ақпарат алаңына шығып кетсе, екінші деңгейлі банктерге айыппұл төлеуге мәжбүр болады, – деді сарапшы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу