Барлаушылардың бағыты – солтүстік

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
3203

Елімізде алтынның – 1,5 мың, мыстың – 28,2 миллион және полиметалдың 22,6 миллион тонна болжамды ресурстары белгілі болып отыр.

Барлаушылардың бағыты – солтүстік

Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР инвестициялар және даму министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаев мәлімдеді.

"2017 жылы барлық бағыттар бойынша, соның ішінде, жаңа технологияларды қолдана отырып, моноқалалар маңында геологиялық зерттеулер, өңірлік геологиялық-түсірілім жұмыстары, іздеу-бағалау және іздеу-барлау жұмыстары жүргізілді. Өңіраралық геологиялық зерттеулер қорытындысы бойынша 1:200000 масштабты кешендік заманауи карта құрастырылды, жаңа перспективалық алаңдар, учаскелер анықталып, одан әрі геологиялық зерттеулер жүргізуге ұсыныстар берілді" деді ведомство өкілі.

Оның айтуынша, Қарағанды көмір бассейнінің метандылығына жүргізілген геологиялық зерттеу нәтижесінде 7 перспективалы  учаскеде  көмір қабаттарындағы метанды іздеу жұмыстарын жүргізу ұсынылыпты. Метанның 14 миллиард текше метр мөлшерінде болжамды ресурсы есептелген.

"Соңғы уақытта, сирек кездесетін және сирек-жерлік металдарға, әсіресе, литийге деген сұраныс артып келеді. Сол себепті аталмыш шикізатты барлауға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, соңғы екі жылда республикалық бюджет қаражаты есебінен, Шығыс Қазақстан облысындағы Ахмир учаскесінде сирек кездесетін металдарды іздеу-бағалау жұмыстары жүргізілді және оның нәтижесі бойынша қалайы мен литийдің болжамды ресурстары бағаланды. Бұл күнде Жаңа Ахмир ең перспективалы кен көрінісі болып табылады" дейді Ақбатыр Надырбаев.

Қазіргі таңда "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясындағы іс-шаралардың бірі – "Қазақстан Республикасы минеральдық ресурстарының ұлттық деректер банкі" жобасын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның мақсаты, жер қойнауын пайдалану саласына инвестициялар тарту үшін жер қойнау туралы ақпаратты қолжетімді етуге және сақтауға, сондай-ақ, ел аумағының геологиялық зерттелуін арттыруға арналған ақпараттық жүйені құру екен.

Баспасөз мәслихатына қатысқан "Қазгеология" АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов биылдан бастап, геологиялық барлау жұмыстарының географиясы кеңейтіліп, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарында геологиялық барлау жұмыстарының басталғанынан хабардар етті.

"Біздің жұмысымыз – аймақтағы минералды-шикізат базасына тәуелді моноқалаларды іздеуге бағытталған. Сондықтан біз Үшшоқы, Сегізбай көл, Терісаққан, Қайыңды сияқты төрт аудандарға қатысты төрт жоба бойынша алтын-мыс-полиметал іздеу жұмыстарын бастадық. Биыл "Қазгеология" жалпы сомасы 1 миллиард 104 миллион теңгені құрайтын 14 нысанда мемлекеттік тапсырма бойынша  геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Геологиялық барлау жұмыстары 4 учаскеде жалғасады" дейді компания басшысы.

"Қазгеология" компаниясы австриялық "Air Core"  құрғақ бұрғылау технологиясын пайдаланып,  "Iluka Rersources"  компаниясымен әріптестігін жалғастыруда екен. "Air Core" бұрғылауының өнімділігі жоғары әрі шығындары төмен және қоршаған ортаға қауіп төндірмейтінін айтады Ғалым Нұржанов.  Бұл технология өткен жылы Солтүстік Қазақстандағы титан-цирконий кен орындарын іздестіру үшін қолданылған. Бұл елдегі жаңа бағыт болып отыр. Келешекте  Iluka Rersources жобасының инвесторы Қазақстанда 400 миллион долларға жуық сомаға ірі зауыт салуды жоспарлап отыр. Оның өнімдері Қытай мен Еуропаның нарықтарына бағытталмақ.

"Еліміз егемендік алғаннан бері Қазгеология 16 ірі кен өңірлерінде сирек кездесетін металдарды геологиялық зерттеуге кірісті. Барлық өндірістік жұмыстарды компания жүргізді. Сондай-ақ, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақс ұлттық зерттеу  университетінің геологтары далалық және камералдық жұмыстарға тартылды. Сирек жер-металдарының болжамды орындарының табылуы,  біздің елде жоғары технологиялы елдердің инвесторлар мен нанотехнологияларына жол ашады. Бүгінде Оңтүстік Корея, Жапония және Қытай жетекші елдерімен келіссөздер жүргізілуде.Биыл барлық далалық жұмыстар аяқталып, Қазақстандағы 16 негізгі сирек-жер кен орындарына геологиялық барлау салалары бойынша болжамдық ресурстар мен ұсыныстарды анықтау жөнінде есеп жасалады" дейді Қазгеология басшысы.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу