Баспананың бағасы арзандайды-ау, шамасы

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
12031

Құрылыс компаниялары теңге-доллар қатынасына қарап отыр.

Баспананың бағасы арзандайды-ау, шамасы

2017 жылдың басында республика бойынша баспана бағасы сәл төмендеді. Сарапшылардың сөзінше, мамыр айының алғашқы аптасында Астанадағы қайталама нарықтағы үй бағасы болмашы ғана өзгерген. 2017 жылдың 1-7 мамыр аралығындағы елордалық қайталама нарық үйлерінің бағасы орта есеппен шаршы метріне 347,5 мың теңгені құрады.

Ал жыл басынан бері теңгемен есептегенде қайталама нарықтағы үй бағасы 5,2%-ға арзандап, шаршы метріне 19 мың теңгеге дейін жоғалтты. Қазір сатылымға шыққан пәтерлердің орташа бағасы 25 млн теңге. Ал бір бөлмелі үйлер 13,5 млн теңге болса, екі бөлмелі үйлердің бағасы 20,7 млн теңге.

Жалпы, Қазақстанның барлық өңірлерінде қайталама нарықтағы үй бағасы арзандап жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, 2016 жылдың наурызынан бері Қазақстанның ірі қалалары мен облыс орталықтарындағы қайталама нарықтағы үй бағасы әрқилы бағытта өзгерді. Мәселен, Астанада 3,1 %  арзандаса, Шымкентте 1,2 % төмендеген. Ал Қарағанды да бұл көрсеткіш 8 %-ға дейін жеткен. Алматыда керісінше, 1,5 %-ға өскен.

"Алматыдағы үй бағасының болмашы көтерілуі қысқа мерзімді үрдіс болса керек. Мамыр мерекелерінің алдында бағаның қымбаттауы заңды. Өйткені сатып алушылар тезірек сауданы аяқтап тастағысы келеді. Сол үшін кей агенттіктер әдейі көтереді. Өйткені мамыр айы жаздағы сауданың бәсеңдеуінің басы екені белгілі", – дейді homesters сараптама орталығының басқарушы серіктесі Мария Рен.

Ал жаңа үйлердегі баға Алматыда сәуір айында өзгеріссіз қалған. Мамыр айында сарапшылар бағаның тұрақты болатынын айтады.  Дегенмен арзандап келе жатқан ұзақмерзімді тренд сақталатындығы болжануда.  Нәтижесінде жыл соңына дейін қаладағы қайталама нарық үйлері 7-10 % арзандауы тиіс.

Жалпы, әр өңірде бағаның әрқилы құбылуы сол аймақтағы сұраныс пен ұсынысқа тікелей байланысты. Мәселен, Астанада сұраныс жоғары болғандықтан, мұндағы баға да айтарлықтай арзандаған жоқ.

Бұған халықтың ақшалай табысының өзгеріссіз қалуы да тікелей әсер етті.

"Жаңадан салынған үйлердегі баға өзгеріссіз қалды. Өйткені, қазіргі таңда халық арасында жаңа үйлерге деген сұраныс жақсы. Екінші фактор, құрылыс компаниялары кішігірім өзгерістерге бола  табыстарын жоғалтқылары  келмейді. Сәйкесінше, бағаны бірқалыпты ұстап тұрды", – дейді сарапшылар.

Қайталама нарықтағы үйлер нақты ахуалға байланысты сұраныс пен ұсыныстың теңгерімі негізінде нарықтың икеміне ыңғайланатын болса, жаңадан салынған үйлердің бағасы оңтайлана алмай жатыр.

Теңгенің девальвациясына байланысты құрылыс материалдарының тез өзгеруінен зардап шеккен құрылысшылар енді салған қаржысын өндіріп алу үшін бір бағаны ұстап тұруға мүдделі. Ал бағаның уақыт өте келе арзандай беруі олар үшін тиімсіз.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлердің көбеюі де құрылыста бәсекелестікті күшейте түскен. Алайда бұл құрылыс компанияларының нарықтан шығып қалатынын білдірмейді.  

Биыл тұрғын үй құрылысына мемлекеттен 173,4 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шамамен 14%-ға жоғары. "Осы жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 125,3% - ды құрайды", – деді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Тұрғын үйдің жалпы ауданының 93,2%-ын жеке құрылыс салушылар мен халық тұрғызған. Мемлекеттік сектор республикадағы тұрғын үйді пайдалануға берудің жалпы көлемінің бар болғаны 5%-ын қамтиды. Барлығы республика бойынша 25 230 тұрғын үй пайдалануға берілген, оның 7 701-і – жеке үйлер.

Қорыта айтар болсақ, тұрғын үй құрылысы әлі дағдарыстан арыла алмай отыр. Құрылыс компаниялары мұнай бағасының өзгеруіне қатысты белгіленетін теңге-доллар қатынасының дағдарыс аяқталғанда қайда беттейтінін бақылап отырса, алыпсатарлар мен риэлторлық агенттіктер ЭКСПО-ның бітуін күтіп отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу