Батыс елдері Украинаны жарты жолдан тастап кетуі мүмкін

4021

Германияның Қорғаныс министрі Борис Писториус Еуропалық Одақ елдерінің 2024 жылғы наурызға дейін Украинаға уәде етілген 1 миллион артиллериялық снарядты жеткізе алмайтынын мәлімдеді. 

Батыс елдері Украинаны жарты жолдан тастап кетуі мүмкін Фото: aif.ru

Еуропалық өндірушілердің сонша көлемде шығарып үлгере алмайтыны әшкереленді.

Reuters хабарлауынша, Писториус бұл мәлімдемесін  Брюссельде, Еуропалық Одақ қорғаныс министрлерінің саммитінде жасады.

"Мен миллион снаряд туралы сөз берген емеспін және мұны әдейі жасадым. Бізді сақтандырған, ақыл айтқан дауыстар болды: "Абай болған дұрыс, миллион снаряд табыстаймыз деп айта салу ғана оңай. Ақша бар. Бірақ оларды жасау үшін өндіріс орындары болуға тиіс" деп ескертті. Өкінішке қарай, сол ескертулер дәл қазір расталып отыр", – деді ол.

Саммитке қатысушы басқа қорғаныс министрлері оның сөзін жоққа шығармады, келіспеушілік те білдірмеді.

Бұған дейін НАТО елдері тәуелсіздік пен демократия үшін жанқиярлықпен соғысып жатқан осы елге көмек қанша керек болса, сонша болатыны туралы жарқын мәлімдемелер жасап келген еді. Тек төмен деңгейдегі шенеуніктер мен дипломаттар журналистермен жеке әңгімеде Еуропаның қоймаларынан мол қару, оқ-дәрі табыла қоярына күмәнданды. Әрі бейбіт өмірден "денесін май басып", қорғанысты ойлауды қойып кеткен еуропалық державаларда көп көлемде қару өндіретін өнеркәсіптік әлеует те қалмады.

Салыстырсақ, халықаралық сарапшылар Ресейдің жылына 2 миллионға дейін снарядтар мен зымырандар жасай алатынын айтады. Ресейлік әскери сарапшылар бұл әлеуеттің 4 миллион оқ-дәріні құрайтынына сенімді. Ал бүкіл Еуропа жабылып, жылына 1 миллионын да шығара алмай, пұшайман болып отыр.

Сонымен қатар Еуропалық Одақтың Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель де уәде етілгендей, 2024 жылғы наурызға дейін Еуроодақ Киевке миллион артиллериялық снаряд жеткізіп үлгермейтіні туралы хабардар етті. Оның мәліметінше, еуропалық қоймалардан Украина өткен 8 айда небәрі 300 мың оқ-дәрі ала алды. Бұған қоса, өндіріс орындарына 180 мың снаряд жасауға тапсырыс орналастырылды.

Ресей болса, тек Солтүстік Кореядан 3 миллиондай снаряд ала алған. 

Осылайша, Украинаның қарсы шабуылының жарға жығылуына Батыс ықпал етті. Шабуылға күш салып, мықты, бетондық бекіністер жасап үлгермеген украиналық армияның жеңіл-желпі окоп-блиндаждарын Ресей авиасоққылармен, артиллериямен және дрондармен тас-талқан етіп, күйретіп, сүріп тастап жатыр. Мұны әлеуметтік желіні кернеп тұрған видеолардан көруге болады. 

Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Еуропаның алдағы көктемге дейін ең құрығанда миллион снаряд беріп үлгермейтінін қынжыла мойындады. Оның айтуынша, бұған Еуропаның қорғаныс өнеркәсібінің "сын көтермейтін, жыларман жағдайы себеп". Бірақ Киев "көп және қатты дабыл қағуын" жалғастырады. Кулеба Еуроодақтың қалыптасқан проблеманы жою бағытында жұмыс істеп жатқанын айта келе, Батыстың тезірек қимылдауы керектігін нықтады. 

Әйтпесе, Авдеевка, Марьинка, Бахмут, Купянск, Лиман сияқты қалалар бағытында аса ауыр жағдай қалыптасқан.

Өз кезегінде Еуропалық Одақ өнеркәсіп жөніндегі комиссары Тьерри Бретон 155-миллиметрлік снарядтар өндірісін жылына 1 миллион бірлікке дейін жсеткізу мақсаты күн тәртібінен алып тасталмағанын, оған қол жеткізілетінін мәлімдеді. Оның сендіруінше, еуропалық қару өндіруші компаниялар өндірісті арттыруда прогресске қол жеткізді.

Дәл осы кезде АҚШ Қорғаныс министрлігі Украинаға бұрын бөлінген бар көмек таусылуға таяғанын, қаражаттың 2 пайызы ғана қалғанын хабарлады. Киевке 60 миллиард доллардай жаңа көмекті Конгрессте басымдыққа ие Өкілдер палатасы бұғаттап тастады. Өзара қырқысып, алауыздыққа ұрынған Америка конгресмендері тіпті өз елінің келесі жылғы бюджетін қабылдамай, мемлекетті тығырыққа тіреп отыр. Егер АҚШ депутаттары 17 қарашаға дейін ел бюджетін мақұлдамаса, алапат "Шатдаун" басталады. Бұл туралы inbusiness.kz бұған дейін жазды.

Ақпарат құралдары Батыстың Украинаға тек снарядтар ғана емес, әскери ауыр техника жеткізуді де доғарғанын анықтады. Forbes жазуынша, Батыс биыл сауытты техникаларды Украинаға беруді күрт қысқартты. Мысалы, 2022 жылы ай сайын түрлі брондалған техниканың шамамен 450-ге дейінгі бірлігін, 35 артиллериялық жүйелерді беріп отырған. Биылғы мамырдан бастап, көрсеткіш кем дегенде екі есе азайыпты.

Ал соңғы айларда Батыс әлемі Украинаға әуе қорғанысы (ПВО, ПРО) және авиацияны қоспағанда, ауыр техниканың жаңа жеткізілімдеріне қатысты еш кепіл бермей отырған көрінеді. Leopard, Challenger және Abrams жаңа жеткізілімдері қашан басталатыны белгісіз.

Украиналық әскери сарапшы, соғыс ардагері, УҚК запастағы майоры Алексей Гетьман еуропалық FREEДОМ арнасына сұхбатында мұның мәнісін түсіндірді. Оның мәліметінше, Батыстағы серіктестері бұрын уәде еткен техникаларын бүгінде негізінен жеткізіп болды.

"Яғни олар ауыр техника бойынша жоспарын орындады. Өкінішке қарай ұрыс техникасы майдан даласында жойылып отырады, тиісінше, бұл жеткізілімдер тұрақты, үздіксіз болғаны жөн. Бірақ бүгінде біздің саяси, әскери басшылығымыз бар күш-жігерді әуе қорғанысы жүйелеріне бағыттауды сұрауда. Себебі, суық түскелі Ресей украиналық жұртшылықты аязда қатыру, гуманитарлық апат тудыру үшін жылу, электр, су, өндіріс орындары сияқты маңызды әлеуметтік инфрақұрылымдарға әуеден, теңізден, жерден зымырандық соққы беруге әзірленуде. Олардың бәрін қорғау керек. Онсыз халық шетелге босып, Украина елсіз, босап қалады. Сол себепті батыстық серіктестерімізден бірінші кезекте әуе шабуылынан қорғайтын кешендерді жеткізуді сұрауға мәжбүрміз. Ол техника жеткізіліп жатыр", – деді Алексей Гетьман.

Оның байламынша, Батыс Украинаға қару жеткізуді тоқтатпайды, "ондай қауіп те жоқ". Бар мәселе – Еуропаның соғысқа дайын болмай шыққанында және қару өндірісін өрістетудің шабан жүргізілуінде. Сарапшы Украинаның германиялық концернмен бірлесіп, бронды техниканың, америкалық компаниямен тізе қосып, қашыққа ұшатын баллистикалық зымырандардың өндірісін ашып жатқанын қосты. 

Украиналық әскери сарапшы, УҚК запастағы полковнигі Олег Жданов батыстық әскери техниканың жеткізілімі алда жалғасатынын білдірді.

"Америка Құрама Штаттары Украинаға жолдау үшін немістің "Gepard" өзі жүретін зениттік қондырғысының 60 бірлігін сатып алды. Бұл қаруды кезінде Нидерланды Оманға сатқан екен. Ақпарат құралдары ол қондырғылардың "есептен шығарылған техника екенін" жазуда. Бірақ қорғаныс ведомствосы әдетте, өзге елге беру үшін де техниканы есептен шығарады. Істен шыққан болса, оны ешкім сатып алмас еді: Америка бұл қондырғылар үшін қомақты сома – 110 млн еуро төледі. Бұдан бөлек, бірте-бірте Украинада батыстық қарулар өндірісі ашылуда. Германиялық Rheinmetall өзі шығаратын ұрыс техникасын жөндеп, жаңғыртатын өндірісті іске қосып жатыр. Демек, ескі техника берілсе де, оны өзімізде модернизациялай аламыз", – деді О.Жданов.

Ол Украинаға америкалық F-16 жойғыш ұшақтары биылғы қыста, яғни ертерек берілуі мүмкін екеніне назар аудартты. Украинаға арналған ұшақтардың алғашқылары көрші Румынияға келіп жетті. Оларды меңгеруге украиналық ұшқыштар үйретіліп жатыр.

Еуроодақ Чехиядағы CSG Defense компаниясына тапсырыс орналастыруға ниетті. Компания бұрынғы социалистік лагерге кірген еуропалық елдердің қоймаларында шаң басып жатқан мыңдаған кеңестік Т-72М танктерін жетілдіріп, Украинаға тапсырып отырады. Атап айтқанда, ондағы кеңестік, ресейлік 780 литрлік ескі қозғалтқыштарды алып тастап, оны 840 литрлік батыстық озық баламасына ауыстырады, динамикалық сауытпен қаптайды. Танк заманауи аспаптық панелге, күрделі, дәл нысаналайтын оптикалық жадбықтарға, тепловизорларға, лазерге қарсы қорғанысы бар түнде көру аспаптарына, MESIT байланыс жүйесіне ие болады. Жаңартылған танк Т-72ЕА деп аталмақ.

Дания да Ресейден сатып алған 15 танкін қосады, сонда алда Украинаға тапсырылатын Т-72ЕА саны 105 бірлікке жетеді. Америкалық, германиялық танктерден айырмашылығы, бұлардың бәрі украиналық әскерилерге таныс, тиісінше, оларды бірнеше ай басқаруға үйретудің қажеті болмайды. Әрі оларды жөндеу инфрақұрылымы, цехтар Украинаның өзінде жолға қойылған.

Ақпарат құралдары Киевтің шамамен тағы 200 бірлік Leopard 1A5 неміс танктерін сатып алатынын жазды. Әскери сарапшылар Украинаның келесі 2024 жылғы көктемдегі үлкен жаңа шабуылына дайындық қазірден жүргізіліп жатқанын еске салады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу