Елордада Қазақстан-Беларусь бизнес форумы өтіп жатыр. Экономикалық одақтастар инвестициялық қарым-қатынас көкжиегін кеңейте түсу үшін құны 75 млн доллар болатын 15 коммерциялық құжатқа қол қоймақшы. Оның ішінде Минск трактор зауытынан әкелінетін "Беларусь" тракторларының санын арттыру бойынша нақты келісім де бар. Ал Беларусь тарапы Қорғас еркін экономикалық аймағы арқылы Қытайға ет пен сүт өнімдерін өткізу жобасына ерекше қызығушылық танытып отыр.
Беларусь Республикасының ууыл шаруашылығы және сауда министрлігінің сыртқы экономикалық қызмет басқармасы басшысы Алексей Богданов бұл жобадан екі тарап не ұтатынын айтып берді.
"Қорғастың мүмкіндіктерімен былтыр танысқан болатынбыз. Кеше Қазақстанның ұсынысы бойынша аталмыш аймақтағы Беларусь Республикасының тұңғыш сауда аймағын ашып келдік. Осы сауда каналы арқылы біз ауыл шаруашылығының сан түрлі өнімдерін сатсақ деп отырмыз. Әзірге сүт өнімдерін өткізу бойынша барлық ветеринарлық, кедендік құжаттарды реттеп болдық. Қытай тарапы да бұл жобаға қатты қызығып отыр", – деді ол.
Алексей Богдановтың айтуынша, Беларусь елінің барлық сүт өндеуші кәсіпорыны Қытайға экспорттаушы ретінде аккредиттелген.
"Қытаймен онсыз да байланысымыз тығыз. Барлық сүт өндеуші кәсіпорынымыз аккредиттелген. 2 ет комбинаты сиыр етін өткізуге, 5 фабрика құс етін өткізуге рұқсат алған. Кеше ғана 7 балық шаруашылығы Қытай нарығына жол алды.Қорғас сол кәсіпорындардың өнімін өткізетін дәліздің біреуі болады. Биыл Қытайға 90 млн доллардың өнімін экспорттау жоспарланған. Қазақстан үшін бұл қосымша жұмыс орындары мен салық түсімдері деген сөз. Оның үстіне аталмыш сауда нүктесінің жанынан Қазақстанмен бірлесіп сүт өңдеуші кәсіпорын ашуды көздеп отырмыз. Қазір сол үшін серіктес іздеп жатырмыз. Біз ол жерге шикізат жеткізіп береміз. Ал оны қазақстандық кәсіпорын өңдеп, дайын өнім етіп шығаруы керек. Ол өнім екі елге ортақ брендпен қапталып, Қытай нарығына жіберіледі", – дейді Беларусь өкілі.
Форум "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы мен Қазақстанның сыртқы сауда палатасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
"Kazakh Invest" компаниясының менеджері Бақытбек Қабжанов бүгін қол қойылатын 15 келісімшарттың ішінде ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру, агроөнеркәсіп кешені, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, фарцевтика саласын қамтитын жобалар бар екенін айтады.
"Минск трактор зауыты", "БелАЗ" холдингі, "Минск медициналық перпараттар зауыты" сияқты ірі кәсіпорындардың өкілдері келіп отыр. Екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас барлық бағыт бойынша дамып келеді", – деді ол.
2020 жылға қарай Қазақстан Минск зауытынан жылына 1210 дана трактор сатып алуға уәде беріп отыр. 2007 жылдан бері аталмыш техника Қазақстан аумағына мұндай мөлшерде сатылып көрмеген екен. Бірақ екінші тарап мұны жеткіліксіз деп санайды. Беларусь Республикасының өнеркәсіп министрі Павел Утюпин бұл келісім инвестициялық жоба деген атқа толық лайық болуы үшін жылына кем дегенде 5000 трактор сатылуы керек деп санайтынын айтты.
Есімжан Нақтыбайұлы