Бес парыздың біреуін өтеу үшін Меккеге миллиондаған адам жиналды

1606

Қажылық "ихрам" деп аталатын рухани тазалық күйіне кіруден басталады. 

Бес парыздың біреуін өтеу үшін Меккеге миллиондаған адам жиналды

2 миллиондай мұсылман ресми түрде жыл сайынғы қажылық сапарын бастады. Олар Исламның ең қасиетті жері - Қағбаны айналып өтіп, күндіз-түні құлшылық ету үшін Меккеден шығып, жақын маңдағы шөлдегі кең шатырлы лагерьге жиналып жатыр.

Қажылық – Исламның бес парызы. Мұсылмандар физикалық және қаржылық мүмкіндіктері болса, оны өмірінде кем дегенде бір мәрте орындауға міндетті. Сонымен қатар, мұсылмандар үшін бұл - күнәларды жуатын, Құдайға жақындататын және жамағаттың бірлігін паш ететін терең рухани тәжірибе.

Өткен ғасырдың 1920-шы жылдары Меккені басып алған Сауд Арабиясының корольдік отбасы үшін қажылықты ұйымдастыру – монархиялық биліктің заңдылығын көрсету ғана емес, ұлттық мақтаныш та. Тағы бір айта кететін жайт, әр-Риядтағы билік қажылыққа қажетті заманауи инфрақұрылымды дамытуға миллиардтаған доллар инвестиция салды.

Қажылық дегеніміз не және онда қандай мағына бар? Бұл сауалдардың қысқаша жауабы төмендегідей:

Ислам дінінде қажылықтың тарихы қандай?

Қажылық - әлемнің түкпір-түкпірінен мұсылмандарды Сауд Арабиясының Меккесіне тартатын ең ірі жаһандық діни шара. Онда парыз өтеушілер  Мұхаммед пайғамбардың ізімен жүріп, Ибраһим мен Исмаилдың сапарын қайталайды.

Құранда айтылғандай, Ибраһим Алланың сынағы үшін ұлы Исмаилді құрбандыққа шалуға әзір болады. Бірақ Құдай оны соңғы сәтте тоқтатады. Кейіннен Ибраһим мен Исмаил Қағбаны бірге салған деседі.

Қағба 7-ші ғасырда Исламға, яғни, Мұхаммед пайғамбар бұл жерді қасиетті етіп, қажылықты ашқанға дейін пұтқа табынушы арабтардың көпқұдайшылдық ғибадатының орталығы саналған.

Мұсылмандар қара әрі алтын кестелі матамен жабылған төртбұрышты Қағбаға табынбайды, бірақ оны өздерінің ең қасиетті жері және бірлік пен бірқұдайшылдықтың қуатты символы деп біледі. Сонымен қатар, мұсылмандар дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, күнделікті намаздарында Қағбаға қарайды.

Қажылық пайғамбар заманынан бері соғыс, індет және басқа да аласапырандарға қарамастан жыл сайын өткізіліп келеді.

Тағы бір айта кететін жайт, орта ғасырларда Меккеге шөл даламен жету ауыр әрі қауіпті еді. Өйткені, бәдәуилер жорықтар жасап, мұсылмандардан алым-салық талап еткен. Ал, 1757 жылы сол бәдәуилер қажылыққа аттанған тұтас керуенді мыңдаған адамымен қырып салған.

2020 жылы бүкіл әлемде коронавирустық локдаундар жағдайында Сауд Арабиясы қажылықты бірнеше мың адаммен шектеді. Олардың көбі – жергілікті тұрғындар еді.

Мұсылмандар қажылыққа қалай дайындалады?

Кейбір мұсылмандар бүкіл өмірін осы саяхат үшін ақша жинаумен өткізеді және де олардың кейбірі Сауд Арабиясының билігі квота жүйесімен тарататын рұқсатты бірнеше жыл күтуге әзір. Ал туристік фирмалар қажылық үшін барлық табыс деңгейіне арналған пакеттерді ұсынса, қайырымдылық ұйымдары мұқтаж мұсылмандарға Меккеге баруға өз жәрдемдерін ұсынады.

Қажылық "ихрам" деп аталатын рухани тазалық күйіне кіруден басталады. Мұндай жағдайда әйелдер макияж бен парфюмериядан бас тартып, шаштарын жабады, ал ерлер тігіссіз түкті халатқа ауысады. Бұл киімде ешқандай тігіс болмауы керек. Бұл ереже байлар мен кедейлер арасындағы бірлікке ықпал ету үшін қабылданған.

Ихрамда қажылардың шаш қысқартуына, тырнақ алуына және жыныстық қатынасқа түсуіне тыйым салынады. Сонымен қатар, бұл жағдайға кіргеннен кейін мінәжат етушілер дауласпауы, төбелеспеуі керек. 

Көптеген мұсылмандар Меккеге жетпес бұрын Мұхаммед пайғамбар жерленген және ол алғашқы мешіт салған Мәдинаға аялдайды. 

Қажылық мұсылмандардың Меккедегі Қағбаны сағат тіліне қарсы бағытта жеті рет айналып, дұға оқуымен басталады. Содан кейін олар екі төбенің арасында жүріп, Ажардың ұлы Исмаилға су іздегенін қайталайды. Бұл оқиға мұсылман, христиан және еврей дәстүрлерінде әртүрлі формада кездеседі.

Мұның бәрі Меккедегі Қағба мен екі төбені қамтитын әлемдегі ең үлкен мешіттің ішінде өтеді.

Келесі күні қажылар Меккеден шығысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауына барады. Онда Мұхаммед пайғамбар соңғы уағызын айтқан. Бұл жерде жамағат күні бойы дұға оқып, Құдайдан күнәларының кешірілуін сұрайды. Бұл сәт қажылықтың рухани нүктесінің шыңы болып есептеледі.

Күн батқанда қажылар Арафаттан батысқа қарай 9 километр қашықтықтағы Муздалифа ауданына жаяу немесе автобуспен жетеді. Ал келесі күні олар тас жинап, оны Мина жазығында символикалық түрде шайтанға атады. Бұл жерде Ибраһим ұлын құрбандыққа шалу туралы Алланың бұйрығын елемеуге азғырылды деп саналады. Қажылар Минаға барғаннан кейін әлемдегі ең үлкен шатырлы лагерьлердің бірінде бірнеше күн түнейді.

Қажылық Қағбаны ақырғы рет айналумен және Минада тас атуды қайталаумен аяқталады. Содан кейін ерлердің көбі шаштарын тақырлап алғызса, ал әйелдер бір тұтам шашын кестіріп, жаңарғандарын білдіреді. Бұдан соң көптеген адамдар "қажы" атанады. Дәстүрлі қоғамдарда мұсылмандар үшін қажы - құрметті титул. Сонымен қатар, кейбіреулер Меккеге саяхатты еске алу үшін үйлеріне ұшақтардың, кемелердің және Қағбаның суреттерін салады.

Қажылықтың соңғы күндері Құрбан айт мейрамымен және құрбандық  шалумен тұспа-тұс келеді. Үш күндік мерекеде мұсылмандар мал сойып, оның етін әдетте кедейлерге таратады.

Сауд Арабиясы үкіметінің Қазақстанға 2023 жылға арнап бөлген квотасына сәйкес, 15 маусым мен 10 шілде аралығында осы Корольдіктің киелі жерлеріне 4 мыңға жуық қазақстандық зиярат етуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу