Олардың арасында 19586 тұрғын әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жатады. Осы тізімде ата-анаcының қамқорлығынсыз қалған 6688 ұл мен қыз бар. Бұл топтың таяу болашақта несиеге немесе басқа да жеке қаржыға баспана сатып алу мүмкіндігі жоқ. Демек ең бірінші кезекте осы топты баспанамен қамту қажет. Мемлекеттің әлеуметтік саланы жаңғыртудағы басты ұстанымы да осы. Бірақ аймақтағы тұрғын үй құрылысының қарқыны мен баспанаға мұқтаж жандардың үлесі сәйкеспей, жыл өткен сайын салынған пәтер мен адам саны арасындағы алшақтық ұзап барады.
Жалпы, Алматы облысы еліміздегі тұрғын үй нарығы жанданған, жаңа үй салу бойынша алдыңғы бестікке кіретін аймақ. Дерек бойынша, 2018 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 713,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша барлығы 39 мың шаршы метр баспана салынған. Алдағы уақытта аталмыш бағдарламамен пайдалануға берілетін тұрғын үй ауқымын екі есе арттыру жоспарланып отыр. Бұл аймақта салынатын баспана көлемі 80 мың шаршы метрге жетеді деген сөз. Қазір аумағы 42,1 мың шаршы метр несиеге, 32 мың шаршы метр жалға берілетін және 5,2 мың шаршы метр коммуналды пәтерлердің құрылысы жүріп жатыр. Түйіндеп айтқанда, биыл облыста барлығы 924 пәтер салынады.
Бұдан бөлек, "7-20-25" бағдарламасы бойынша 26 тұрғын үй салатын аумақ анықталып, оған 2025 жылға дейін 4 млн шаршы метр үй салу міндеті қойылды. Соның нәтижесінде аймақтағы 104 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Мұқтаж адамдардың баспаналы болуы үшін атқарушы билік алғашқы жарнаны төмендету мақсатында тұрғын үй сертификатын беріп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді.
Осы жерде облыс билігі үшін көпбалалы аналардың мәселесін шешу бірінші орынға шығып отыр. Қазір осы санаттағы 2 мыңнан астам ана тұрғын үй кезегінде тұр. Нақты көмек ретінде аналарға "7-20-25" бағдарламасы бойынша қайтарымсыз, 1 млн теңгеге дейін несие беріліп, Талдықорған қаласындағы жаңадан салынып жатқан коттедж қалашығынан және көпқабатты екі тұрғын үйден пәтер сатып алуға мүмкіндік берілмек.
"Биыл тұрғын үй сертификаттарын бөлу тізімі кеңейтіліп, мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне ғана емес, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына, соның ішінде көпбалалы отбасыларға да беру туралы шешім қабылдадық. Бұдан бөлек облыс әкімінің оқу грантын тағы да 100 грантқа көбейтеміз. Мұның жартысы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға беріледі. Ал аз қамтылған отбасылардың тұрғын үйлерін газға қосу бағасын инвесторлар есебінен төмендетуге кірістік. Біз жеке тұрғын үйлерге тегін газ өлшеу қондырғысын орнату үшін де қаржы қарастырып жатырмыз, − дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Бизнестің бастамасы барлығына үлгі бола ма?
Әдетте артық ақшасы бар адамдар арасында бірлі-жарым қайырымдылық жасау дерегі болғанмен, аймақтағы шағын және орта бизнес өкілдерінің жаппай жұмылып игі іс бастауы бұрын болмаған жағдай. Алматы облысында ақпан айынан бері кәсіпкерлер мен ынталы топ тізе қосып, мұқтаж отбасылардың мәселесін шешуге кіріскені осының дәлелі. Мысалы алдымен Талғар ауданында тұратын кәсіпкер, меценат Асқар Сүлейменов Гүлдала ауылынан бір мұқтаж отбасына баспана сатып алып берді. Үйлі болған Жанболатовтар әулеті бұған дейін ауылдағы моншаны паналап келіпті. Ал наурыз айының басында "Зекет" қоры мен "Жетісу шапағаты" қоры "Жетісу еріктілері" тобының ұйымдастыруымен Ақсу ауданы Қапал ауылынан және Талдықорған қаласы маңындағы саяжайдан екі үй сатып алды. "Зекет" қорының қаржысына сатып алған үй Қапал ауылындағы алты балалы Сауданбековтер отбасына берілді. Ал "Жетісу шапағаты" қоры сатып алған үй жалғызбасты ана Марина Мұқашеваға сыйланды.
Жетісудың кәсіпкерлері бастаған іс аудандардағы іскерлерден қолдау тапты. Мәселен олар Кербұлақ ауданында 3 отбасына үй сыйлады. Сарыөзек ауылында орналасқан "Алацем" зауытының бас директоры Станислав Щербаков әлеуметтік жағдайы төмен отбасы санатындағы жалғыз басты ана Жұмағыз Медетоваға тұрғын үйдің кілтін табыстаса, Қоғалы ауылында тұратын жеке кәсіпкер Қайрат Бекиев алты баланың анасы Айгүл Ешпаеваға үй сыйлады. Талдыбұлақ ауылындағы көпбалалы ана Надежда Лемешкоға да осы ауылдан шыққан іскер азамат Кален Тұрсынбаев өз қаржысына баспана сатып алып берді.
Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданындағы "БиК service" серіктестігінң директоры, кәсіпкер Қуат Сұлтанғазиев Масақ ауылында тұратын Қарақойшиевтер әулетіне үй сыйлаған. Дәл осындай игі істің кезегін талдықорғандық кәсіпкер, облыс орталығындағы "Статус" ойын-сауықтық кешенінің директоры Асқар Біләлов жалғап, Талдықорған қаласының тұрғыны, көп балалы ана Индира Қарабековаға үш бөлмелі пәтердің кілтін ұстатты.
Біз бұл жерде қалталы азаматтардың мұқтаж отбасыларға сыйлаған ең үлкен тартуы – баспана сатып алып беруін ғана теріп алып отырмыз. Негізі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қамқорлық жасау облыс кәсіпкерлері үшін бұлжымас дәстүрге айналған. Енді осы іс барлық бизнес өкілдеріне үлгі болып, биліктің бас ауруына айналған баспана мұқтаждығын шешуге жұмылдыра ма?
"Біз кәсіпкерлердің ізгі істері туралы кеңінен насихаттап, оларды әсіресе жастар алдында үлгі етіп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жақсылық жасауға ерікті түрде бейімделген буын қалыптасты. Кәсіпкерлердің бұл бағыттағы ынтасы жоғары екені қуантады. Жалпы, қоғамдағы өзекті әлеуметтік жобаларды жүйелі шешу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Менің Атамекенім" жобасын іске қосқанын білесіздер. Ол бойынша atamekenim.kz порталында көмекке мұқтаж жандар "Маған көмек керек" бөлімінде өтінім қалдыра алады, ал көмек қолын созуға дайын адамдар "Көмек беру" бөліміне өтіп, қолдау көрсете алады. Осылайша, біз әлеуметтік мәселенің нақты шешімін табуға дәнекер боламыз", – дейді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.
Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы